homepage
фото: коллаж Juzmedia

"Таза емес Қазақстан": экологпен үлкен сұхбат

27.05.2026, 10:30

Осы күндері Алматыда және тағы бес қалада ауа сапасы нашарлайды, деп хабарлады Қазгидромет. Мұндай жаңалықтарға қазақстандықтардың құлағы әбден үйренген. Ал, халықаралық «IQAir» ұйымы Қазақстанды ауасы ең лас ТОП-30 елдің қатарына қосып отыр. Өскеменнің ауасын «бүлдіріп» отырған Қазцинкті қаладан тысқары көшіру мүмкін бе? «Қарметке» неге «қол сұғуға болмайды»? Мәжілісте кімдер ірі ластаушы компаниялардың сойылын соғып отыр? Зейнетке шыққан министр мен туыстар жайлаған «Қазгидромет» туралы тәуелсіз эколог Лаура Мәліковамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

- Лаура ханым, біз «Таза Қазақстан» деп жалаулатып жүргенде, ең өзекті экологиялық мәселелер тасада қалып жатқан жоқ па? Халықаралық ұйымдар ауасы ең лас ТОП-30 елдің қатарына қосып қойыпты. 

- Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына қарасаңыз Қазақстандағы ең көп таралған дерттердің басында тыныс алу жолдары аурулары тұр. Алматы, Өскемен секілді тау бөктерінде орналасқан, көмір жағатын қалаларда аллергияға шалдыққандар саны жыл сайын өсіп барады. Бұл - ауа сапасының нашарлауының тікелей салдары. Ауа ластануының негізгі себептері - жылыту маусымындағы көмір жағу мен өндіріс орындарының шығарындылары. Атырау, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Теміртау сияқты қалаларда алпауыт өндіріс ошақтары қаланың дәл іргесінде, тіпті ішінде орналасқан. Ақтөбеде де жағдай ұқсас. Қазақстанда энергияның 80%-ы көмір жағу арқылы алады. Оның өзінде Шұбаркөл секілді сапалы, күлділігі төмен көмір емес, сыртқы нарықта сұраныс аз, күлділігі 42%-ға жететін Екібастұз көмірі жағылады. Алматы осы көмірді пайдаланады, Астанада да ішінара осы көмір жағылады. Сондықтан жылыту маусымы басталғанда қалаларды қою сұр тұман басады. Кешкі уақытта ауаның түсі өзгеріп, жұтып жүрген ауамыздың қандай күйде екенін көзбен көреміз.

Біз, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығын 2018 жылы құрдық. Оның басты себебі де осы – ауа ластануы мәселесі болатын. 2017 жылы, ЭКСПО өткен кезеңде, Астанада желтоқсан айында бірнеше күн бойы қою түтін болып, тіпті көрші тұрған кеңселердің өзі көрінбей қалған жағдай болды. Сол кезде мен бұл мәселені көтеріп, Facebook әлеуметтік желісінде оның себептері мен шешу жолдарын жаздым.

Осыдан кейін Астана әкімдігі үлкен жиын ұйымдастырды. Жиын барысында ауаның ластануына нақты не себеп болып отырғанын талдап, оның негізгі көзі көмір екенін дәлелдедік. Сонымен бірге қаланы газдандыру қажет деген ұсыныстарымызды айттық. Осындай талқылаулардың нәтижесінде 2018–2020 жылдарға арналған Астана экологиясын жақсартуға бағытталған кешенді жоспар қабылданды. Соған сәйкес «Сарыарқа» газ құбыры салынып, елорданы газдандыру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда Астанадағы жеке сектордың шамамен 60 пайызы газға қосылған.

- Яғни6 біздің экологиямызды бұзып жатқан бірінші кезекте көлік емес, көмір болып тұр ғой?

Иә, негізгі себеп – көмір. Бұл ғылыми зерттеулердің нәтижесінде дәлелденген мәселе. Көмір әлемдегі ең лас энергия көздерінің бірі саналады. Сондықтан Германия мен Швеция секілді елдер өз аумағында көмір кен орындары бола тұра, оларды пайдаланудан бас тартып, шахталарын жауып жатыр. Оның орнына сырттан газ импорттап немесе баламалы энергия көздерін дамытып келеді. Себебі, көмір – экологиялық тұрғыдан ең зиянды энергия көзі.

Көмірді газбен салыстырғанда оны алдын ала толық тазарту мүмкін емес. Оның құрамындағы күкірт пен өзге де зиянды қоспалар көмір жанған кезде түгел атмосфераға таралады. Сондықтан, бұл бағытта көмір химиясын дамыту қажет. Атап айтқанда, көмірден сұйық отын өндіру, көмірден газ алу технологияларын дамыту керек. Ал жылыту қазандықтарында көмірді тікелей жағуға жақын болашақта тыйым салу мәселесін қарастыру қажет.

Экологиялық кодекске сәйкес әрбір елді мекен, әсіресе облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар бес жылда бір рет ауаға шығарылатын ластаушы заттардың жиынтық құжатын әзірлеуі тиіс. Орысша «сводный том ПВД» деп аталады. Бұл құжатта жылжымалы және стационарлық көздерден шығатын барлық ластаушы заттар есептеледі. Осы есептеу методикасы да бізде дұрыс емес. 

Мысалы, Алматыда былтыр желтоқсанда ауа сапасын жақсартуға бағытталған ережелер қабылданып, белгілі бір жылдан кейін шығарылған көліктерге қала орталығына кіруге шектеу қойылды. Бұл шешім дәл осы құжатқа сүйеніп қабылданған. Бірақ, мәселе – құжаттың методикасында. Себебі, автокөліктерден шығатын азот оксидтері көмір жағудан шығатын ластаушы заттармен салыстырылған. Ал, мұндай салыстырудың өзі қате. Алма мен алмұртты салыстырмайтынымыз сияқты, әр ластаушы заттың өз табиғаты, өз шектік концентрациясы бар.

Сосын, Алматы секілді ірі мегаполистерде автокөліктерге арналған катализатор блоктарын ауыстыратын инфрақұрылымды қалыптастыру қажет. Жылдар бойы Лаврентьев пен Смағұлов мырзаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Бірақ, Қазақстанда автокөлік иелері үшін катализаторды ауыстыру жүйесі әлі күнге дейін жолға қойылмаған. Ал катализатор 1,5–2 жылда өз қызметін атқарып бітеді, содан кейін оны ауыстыру керек. Қазір оны ауыстырғысы келген адам арнайы шетелден тапсырыспен алдыруға мәжбүр. Негізгі мәселе осында. Мәселе көліктің ескі не жаңа екенінде емес. Сондықтан, халыққа «сенің көлігің 2005 жылғы, сенікі 2020 жылғы» деп алалап, қала орталығына кіргізу немесе кіргізбеу дұрыс тәсіл емес. Мониторинг нәтижелері көрсетіп отырғандай, кейбір жаңа автокөліктердің де ластаушы заттарының көрсеткіші нашар болуы мүмкін. Сондықтан бұл бағытта автокөлік иелерінің лоббиімен де, «ЭкоАлматы» секілді жекеменшік құрылымдардың лоббиімен де айналысудың қажеті жоқ. Қазір Пономарев мырза экологиялық кодекске өзгерістер енгізіп, белгілі бір мекемелердің мүддесін ілгерілеткісі келіп отыр. Бұл дұрыс емес. Қазақстан — унитарлы мемлекет. Унитарлы мемлекетте ереже біреу болуы керек, әрі оған барлық өңір мен қала бағынуы тиіс. Қадағалау функциясы Экология департаментіне тиесілі болса, онда бұл жұмысты әрі қарай да сол орган жүргізуі керек.

- Демек, біз бұл ретте мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп келеміз бе? 

- Дұрыс айтасыз. Өскемен қаласында, мысалы, былтыр қан айналымы ауруларын емдейтін емхана салынды. Өскемендегі ең өткір мәселелердің бірі – «Қазцинк» кәсіпорны. Ірі өндірістік нысан. Дәл осы кәсіпорыннан жыл сайын атмосфераға 16 мың 800 тонна күкірт оксиді шығарылады. Өскеменге жазда да, қыста да барсаңыз, тамағыңыз қарлығып, күйіп кеткендей әсер болады. Бұл – күкірт оксидінің кесірі. 

2020 жылы Антикор алаңында тұрғындар «тамақтың химиялық күюі» деген диагнозды медициналық тәжірибеге енгізуді талап еткен болатын. Өйткені, қазір адамдар дәрігерге қаралса да, оларға «бұл Қазцинк шығарындыларының салдары» деп ешкім жазып бермейді. Мұны дәлелдеу де оңай емес. Сондықтан, бұл мәселе әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр. Негізінде мұндай алпауыт өндіріс орындары қаланың ішінде орналаспауы керек. Оларды қала сыртына көшіру қажет.

Мысалы, жақында Ташкентте өткен өңірлік экологиялық саммитте Өзбекстан президентінің өкілі сөз сөйлеп, Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Таза ауа» атты мемлекетаралық бастама іске қосылғанын айтты. Сонымен қатар, Ташкент қаласындағы ауа сапасын жақсарту шаралары туралы айтып, қаланың шетінде орналасқан ірі өндіріс нысандарының бір бөлігін басқа өңірлерге көшіргенін мысалға келтірді. Демек, мұны жүзеге асыруға болады. Ал, бізде қазір Өскеменде сау халықты ауруға айналдырып отырған жайымыз бар. Әрине, оның алпауыт мекеме екенін түсінеміз. Бірақ, кәсіпорын ірі екен деп, сау адамды ауруға айналдырып, кейін оны емдеу үшін аурухана салып, салдарымен күрескенше, мәселенің себебімен күресу керек қой.

- Біздің экологиямызға орасан зиянын тигізіп отырған, бірақ «қол сұғылмайтын» компаниялар бар ма? 

Өкінішке қарай, бар. Әсіресе, бұл мемлекет қатысы бар немесе ықпалы жоғары компанияларға қатысты. Яғни, тау-кен өндірісі саласындағы кейбір кәсіпорындар қоршаған ортаны ластап жатса да, оларға қатысты нақты әрі қатаң шаралар қабылданбайды.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылында орналасқан «ВСАМ Продакшн» компаниясын алайық. Бұл жобаға халық тарапынан қаншама қарсылық болды. Соған қарамастан, арнайы күштерді тартып, тұрғындардың қарсылығын басып, ақырында компанияға рұқсат берілді.

Негізінде, Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес мұндай өндіріс орындарын тау бөктерінде немесе тау басында орналастыруға болмайды. Бұл – жоғары тәуекел аймағы. Оның үстіне ауыл таудың етегінде орналасқан. Яғни, қауіптің бәрі тікелей халыққа түседі. Сол аймақта малдың да қырылған жағдайлары болды: ауыл тұрғындарының айтуынша, су ішкеннен кейін сиырлардың тамағы күйіп, өліп қалған. Алайда6 оған мүлде басқа диагноз қойылған. Сондықтан6 бұл кәсіпорынды «қол сұғылмайтын» компаниялардың бірі деп айтуға негіз бар. Мемлекет тарапынан оған белгілі бір деңгейде протекционизм жасалып отыр деген пікір бар.

Екінші мысал – қазіргі «Қармет». Бұрын үнді инвестор экологиялық талаптарды сақтамайды деген сын айтылып, мәселе көтерілген еді. Кейін кәсіпорын жаңа басқаруға өтті. Алайда, қазір де экологиялық ахуал айтарлықтай жақсарды деп айту қиын. Бірақ бір қызығы, кезінде бұл мәселеге байланысты маска, противогаз киіп акция өткізген белсенділердің, оның ішінде «Байтақ» партиясы өкілдерінің де белсенділігі байқалмайды. Бұл да белгілі бір сұрақ тудырады. Сондықтан, мұндай кәсіпорындарды да қоғамда «қол сұғылмайтын» компаниялар қатарына қосып жатқандар бар. Сол сияқты алтын өндіру саласындағы «Алтын Алмас» секілді компаниялар да осы қатарда тұр деп айтуға негіз бар. 

Осы тұста маңызды мәселе бар: мемлекет бақылауындағы немесе мемлекетке жақын компанияларға қатысты экологиялық талаптарды әлсіретуге, экологиялық қадағалауды жұмсартуға жол бермеу керек. Экология — баршаға ортақ мәселе. Сондықтан, компания шетелдік инвесторға тиесілі ме, әлде мемлекеттің қарамағында ма — заң мен талап бәріне бірдей қолданылуы тиіс.

- Экология тек дамыған елдердің бас қатыратын мәселесі деген пікір бар. Алдымен экономика қалғаны сосын деген түсінік түбімізге жетпей ме? 

- Экология – ең алдымен біздің қауіпсіздігіміз. 2023 жылғы орман өрті неден болды? Осындай саясаттың салдарынан болды: алдымен экономика, сосын ғана экология деген көзқарастың кесірі. Өкінішке қарай, билік экологияны ұзақ уақыт бойы сенбі күні шығып қоқыс жинап, ағаш отырғызатын саламен ғана теңестіріп келді. Соның салдары қандай болды? 2023 жылы орман өрті шығып, 14 орманшы тірідей жанып кетті. 2024 жылы ірі тасқын болып, мемлекетке миллиардтаған шығын келді. Ал шын мәнінде, бұл апат алдын ала ескертілген еді. 2023 жылдың қарашасында «Қазгидромет» арнайы ақпарат таратты. Одан кейін 2024 жылдың наурыз айының басында тағы ескерту жасалып, қай өңірлерде су тасқыны қаупі жоғары екені айтылды. Тіпті арнайы баспасөз мәслихаты өткізіліп, «дайындалыңыздар» деген нақты хабарлама берілді. Бірақ, Үкімет оған назар аудармады. Демек, мұның бәрі — экологияға салғырт қараған саясаттың салдары.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Бізде білім, денсаулық немесе қаржы саласын алсаңыз, ол жерлерге өз саласының мамандары тағайындалады. Ал, экология саласына келгенде, бір тоқалдан туғандай, кім көрінгенді министр етіп қоя салады. Бұл мүлде дұрыс емес. Экология — кәсіби білім мен тәжірибені талап ететін сала. Қазақстанда жыл сайын онға жуық жоғары оқу орны шамамен 3 мыңға жуық эколог маманды даярлап шығарады. Оның үстіне, экологиялық жобалармен айналысу үшін кем дегенде үш жылдық тәжірибе қажет. Соған қарамастан, министрліктің басына кәсіби білімі де, кәсіби тәжірибесі де жоқ адамдар тағайындалады. Сосын солардан тиімді шешім күтеді.

- Ал қазіргі Экология министрлігінің жұмысына көңіліңіз тола ма?

- Жалпы, бастапқыда Нысанбаев мырза жұмысты жақсы бастады. Алайда кейін, зейнет жасына шыққаннан соң, жұмысқа деген қарқыны бәсеңдеп, мәселелер шетке ысырыла бастағаны байқалады.

Мысалы, ауа сапасына қатысты стандарттар 2024 жылдан кешікпей қабылдануы керек еді. Бірақ, ол стандарттар әлі күнге дейін бекітілген жоқ. Тарихи ластанған аумақтар бойынша да нақты жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Бұған дейін «Экоқолдау» мен «Жасыл даму» жұмыстарына қатысты бірқатар шағым айтылған болатын, бірақ олар бойынша да өзгеріс байқалмайды. Қалдық өңдеушілер экоқолдау бағдарламасына қатысқысы келген жинаушыларға: «онда сіздерден қалдықты екі есе арзан бағамен қабылдаймыз» деген талап қойғаны туралы мәліметтер айтылды. Қысқасы, бұл мәселелер Нысанбаев мырзаның назарынан тыс қалып отырғандай көрінеді.

Көгалдандыру мәселесіне келсек, «Таза Қазақстан» мемлекеттік тұжырымдамасы аясында әкімдерге бүкіл ел бойынша жасыл аймақтарды ұлғайту жөнінде тапсырма берілді. Осыған байланысты министрлік тарапынан, әсіресе орман шаруашылығынан шыққан министр ретінде, әкімдіктерге арналған әдістемелік нұсқаулық әзірленуі тиіс еді. Яғни, топырақтың ерекшелігіне қарай қандай ағаш түрін қай өңірде егу қажет екені көрсетілуі керек болатын. Мысалы, Қызылорда облысына Түркістаннан туя әкеліп отырғызу дұрыс емес. Себебі, топырағы бөлек, климаттық жағдайы бөлек, ол ағаш ол ортаға бейімделмеуі мүмкін. Осындай әдістемелік жұмыстар Нысанбаев мырзаның тұсында жүргізілген жоқ.

Сондай-ақ, орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде күшейту бағытында да нақты шаралар қабылданбады. Ал жүйелі шара дегеніміз — «Экологиялық кодекстің» 4-қосымшасына сәйкес, ауаны ластағаны үшін жергілікті бюджетке түсетін төлемдер есебінен табиғатты қорғау және қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру механизмдерін іске қосу. Бұл бағытта жұмыс істеудің орнына, қазір орман шаруашылығына техниканы утильсбор қаражаты есебінен аламыз деген ұстаным айтылып жүр. Бірақ, утильсбордың мәні басқа — ол қалдықтарды жинау мен өңдеуге арналған қаржы. Ол орман шаруашылығына техника сатып алу үшін жиналатын қаражат емес. Осы тұста Нысанбаев мырзаның экология саласының негізгі қағидаттарын толық түсінбейтіні байқалады деген сын айтылады.
Жұмысы әлсіз. Зейнетке шыққан адам, менің ойымша, Үкімет құрамында отырмауы керек, қызметінен кетуі қажет.

Сонымен қатар, министрлік жүйесіндегі кадрлық мәселелерге де назар аудару керек. Экология комитеті төрағасының орынбасары қызметіндегі Ақмарал Әлназарова ханымның жұбайына қатысты да кәсіби біліктілік мәселесі көтеріліп отыр. Бұдан бөлек, «Қазгидрометке» туыстық байланыс арқылы келгендер жөнінде де сын айтылады.
Жалпы, мемлекеттік қызметтегі непотизмді тоқтату қажет. Непотизм болмауы керек. Өйткені, мамандар төрт жыл бакалавриат оқиды, одан кейін үш жыл тәжірибе жинайды, бірақ жұмыс таба алмай жүреді. Ал кей жағдайда олардың орнына туыстық байланысы бар адамдар қызметке тағайындалып жатады. Бұл әділетсіз. «Әділетті Қазақстан» қағидаты жағдайында мұндай құбылыстарға нақты шектеу қойылуы тиіс.

- «Көкжайлауда» тағы бір шаңғы курортын салу мәселесіне нүкте қойылмаған секілді. Бұл тақырып тағы қозғала бастады. Соған қарағанда ақыры салатын секілді. Сіз эколог ретінде осы жобаны қолдайсыз ба? 

- Жалпы, мен Қазақстан азаматы ретінде елдегі мұнай кен орындарының біртіндеп сарқылып бара жатқанын көріп отырмын. Кейбір кен орындары қазір өндірістің соңғы, төртінші сатысына жеткен. Бұл — ол жерлерде мұнай қорының айтарлықтай азайғанын білдіреді. Сонымен қатар, мұнай саласындағы ірі жобалардағы Қазақстанның үлесі өте төмен. Мысалы, Қашаған кен орнында Қазақстанның үлесі небәрі 17 пайызға да жетпейді — шамамен 16,5 пайыз көлемінде. Сондықтан, алдағы уақытта экономикалық тұрғыдан бізге БАӘ секілді экономиканың балама бағыттарын дамытуға басымдық беру қажет. Оның негізгі бағыттарының бірі - IT саласымен байланысты жобалар және туризм индустриясы. Экотуризмді дамыту қажеттігі бұған дейін де бірнеше рет айтылған. Мұндай идеялар стратегиялық жоспарларда да көрсетілген. Бірақ негізгі мәселе – оны қалай жүзеге асыруда.

Мысалы, «Көкжайлау» курорты жобасын алайық. 2018–2019 жылдары бұл жобаға қоғам тарапынан үлкен қарсылық болды. Себебі, жоба бойынша таудың бөктерінде 500 мың текше метр су жиналуы керек еді. Бұл сел қаупін күшейтуі, сондай-ақ өзге де қауіпсіздік қатерлеріне алып келуі мүмкін деген алаңдаушылықтар болды. Осы себепті Алматы тұрғындары жобаны қолдамады. 2019 жылы президент қызметіне келгеннен кейін Тоқаев мырза бұл жобаны жалғастыруға тыйым салды. Алайда, қазір сол жобаны қайта жандандыру жоспары бар екенін көріп отырмыз. Оның үстіне, бұл бастаманы Қазақстанның Даму банкі қаржыландыруы мүмкін деген ақпарат айтылып жатыр.

Жалпы, туризмді дамыту қажет. Бірақ, мұндай жобалар мемлекеттік қаржы есебінен жүзеге асырылмауы тиіс. Олар жеке бизнес қаражаты арқылы іске асуы керек. Мысалы, осыған дейін салынған «Шымбұлақ» жобасын алайық. Ол жерге мемлекеттен қаншама қаражат салынды. Бірақ оның қайтарымы қандай болды? Егер ол қаржы қайтпайтын болса, онда бұл грант па, әлде инвестиция ма деген сұрақ туындайды. Жалпы, идеяның өзі дұрыс. Бірақ мәселе — оны іске асыру әдісінде. Біз идеямен емес, әдісімен келіспейміз. Ал, экологиялық әсеріне келсек, мұндай жобалар толыққанды, жан-жақты зерттелуі керек.

- Қазір Қазақстан NCOC-пен соттасып жатыр. Осы 2,3 трлн теңгенің дауында кім жеңеді деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, бұл мәселеде Қазақстан тарапының жеңіске жетуге толық мүмкіндігі бар. Дегенмен, мұндай процестердің инвесторларға да әсері болуы ықтимал.  Мысалы, кезінде Стати ісі болған. Молдова бизнесмені Статиге қатысты коммерциялық дау халықаралық деңгейге шығып, тіпті Назарбаев кезеңінде Қазақстанның Ұлттық қорының активтері арестке түскен жағдайлар болды. Яғни, мұндай коммерциялық кикілжіңдер халықаралық алаңда қаралып, халықаралық соттар оған қатысты шешім қабылдай алады. Алайда, қазіргі жағдайдың айырмашылығы бар. Бұл – коммерциялық дау емес, экологиялық талаптардың бұзылуына байланысты қойылып отырған мәселе. Сондықтан, Қазақстан тарапының өз позициясын қорғауға және бұл істі өз пайдасына шешуге толық мүмкіндігі бар деп есептеймін.

Осыған қатысты тағы бір ой бар. Мүмкін, Қазақстанның бұл мәселеге байланысты өзінің ұлттық үлесін арттыруға бағытталған белгілі бір жоспары да бар шығар. Өйткені, біз 2022 жылғы референдумнан кейін «Конституцияға табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норманы енгіздік. Бірақ, егер сол табиғи ресурстардың 83 пайызы шетелдік компаниялардың бақылауында болса, онда бұл жерде заңдағы қағида мен нақты жағдайдың арақатынасы туралы сұрақ туындайды. Сондықтан бұл процесс маған мұнай және өзге де кен орындарындағы Қазақстанның үлесін ұлғайтуға бағытталған қадамдардың бірі болуы мүмкін сияқты көрінеді.

- Атом электр станциясы салатын болдық. Бір емес бірнешеуін. Бұл шынымен экологиялық мәселені шеше ме? Әлде болашақтағы жаңа экологиялық және технологиялық қауіптің бастауы болуы мүмкін бе? Жалпы, жалпақ жұртқа бұл жобаның барлық тәуекелі ашық айтылып жатыр ма? 

- Негізінде бейбіт атом энергетикасы – әлемнің дамыған елдерінде әлдеқашан жұмыс істеп тұрған бағыт. Мысалы, біз үлгі тұтатын Швецияның өзінде онға жуық атом электр станциясы бар. Францияда электр энергиясының шамамен 60 пайызы атом энергетикасынан өндіріледі.

Біз 30 жыл бойы көмір жағып келдік. Бірақ, көмірге шексіз тәуелді болып отыра алмаймыз. Себебі, қайалап айтамын көмір — өте лас отын көзі. Осы тұрғыдан алғанда атом энергиясы көмірге қарағанда әлдеқайда таза. Сондықтан, бұл бағытта атом электр станциясы қажет деп есептеймін. Жалпы, дамыған елдердің энергетикалық құрылымына қарасақ, ешқайсысы бір ғана энергия көзіне сүйенбейді. Белгілі бір бөлігі – газ, белгілі бір бөлігі – жел энергетикасы, тағы бір бөлігі - өзге энергия көздері. Яғни, энергетикалық теңгерім әртараптандырылған. Сондықтан, біз де осы бағытта алға жылжуымыз керек.

Ал, экологиялық әсеріне келсек, 2024 жылғы қоғамдық талқылаулардың алдында бұл тақырып белгілі бір деңгейде популизмге айналып кетті. Кейбір сарапшылар АЭС-ті «жасыл энергия» деп сипаттады. Бірақ, оны толыққанды жасыл энергия қатарына қосу қиын. Себебі, атом энергетикасындағы ең үлкен тәуекел – радиациялық қалдықтар.
Радиациялық қалдықтарды басқару – бұл негізгі мәселе. Яғни, оларды кім басқарады, кім тасымалдайды, қалай тасымалдайды, қайда сақтайды? Басты сұрақ осы. 

Қазір Мәжілісте радиациялық қалдықтарға қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Осы тұста радиациялық қалдықтарды басқару мәселесін Экологиялық кодекстен шығарып, оны Энергетика министрлігінің құзыретіне беру дұрыс емес деп санаймын. Себебі, Энергетика министрлігі онсыз да АЭС салу процесін басқаратын орган болады. Егер сол ведомство кейін қалдықтарды бақылаумен де айналысса, мүдделер қақтығысы туындайды. Ертең қандай да бір мәселе шыққан жағдайда оны жарияламауға немесе жұмсартуға мүдделі болуы мүмкін. Сондықтан, радиациялық қалдықтар мәселесі Экология министрлігінің құзыретінде қалуы керек немесе кемінде АЭС салуға жауапты емес, тәуелсіз басқа мемлекеттік орган қарауы қажет. Бұл міндетті Энергетика министрлігіне беру дұрыс шешім емес. Осы мәселелерді жүйелі түрде реттеу қажет. Қазіргі радиациялық қалдықтар туралы заң жобасы бұл тұрғыдан әлі де толық пысықталмаған. Жалпы, болашақта мұндай стратегиялық объектілер болуы мүмкін, болуы да керек. Бірақ, оларды салу мен пайдалануда қауіпсіздік талаптары барынша қатаң сақталуы тиіс. Мұндай салада непотизмге, таныстыққа, формалды тағайындауларға жол берілсе, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ертең қауіпсіздік стандарттары сақталмай, ірі техногендік апат орын алса, оның зардабы орасан болады. Сондықтан бұл салада непотизм мен жемқорлыққа толық тосқауыл қойылып, бақылаушы органдар барынша белсенді әрі тәуелсіз жұмыс істеуі қажет.

- Сіз Мәжілісте бір де бір эколог депутат жоқ депсіз. Алда келе жатқан саяси дода осыны түзетуге мүмкіндік пе? Бізде енді «Байтақ» жасылдар партиясы бар. расымен, жеріміз байтақ, экологиямыз нашар. Осы мәселені енді неге құрылтайға көтермеске? 

- Мәжілістегі 98 депутаттың ішінде бірде-бір кәсіби эколог жоқ. Тіпті Экология комитетін басқарып отырған Жаңбыршин мырзаның өзі эколог емес, энергетика саласының маманы. Соның салдарынан «Экологиялық кодекске» енгізіліп жатқан өзгерістерді талқылау кезінде уақыттың едәуір бөлігі негізгі механизмдер мен құралдарды түсіндіруге кетіп жатады. Депутаттар экологияға тікелей қатысы жоқ мәселелерді көтеріп отырады, Соның бәрі жұмыс тобының уақытын алады. Себебі, олар кәсіби эколог емес.

Оның үстіне, «Экологиялық кодекс» бойынша құрылған жұмыс топтарының құрамына кірген адамдардың басым бөлігі кезінде ірі ластаушы компанияларда заңгер, механик, директор болып қызмет атқарған тұлғалар. Басқаша айтқанда, олар сол ірі ластаушы кәсіпорындардың мүддесін қорғап, солардың сойылын соғып отыр деген сын бар. Осындай жүйелік қайшылықтардың салдарынан экология саласында нақты өзгеріс болмай жатыр деп есептейміз.

Сондықтан, алдағы Құрылтай аясында да айтып жүрміз: 148 депутаттың ішінде кем дегенде он адам кәсіби эколог болуы керек. Экология комитетіне кіретін депутаттар да тек өздерінің кәсіби мамандығына, жұмыс тәжірибесіне сәйкес іріктелуі қажет. Өйткені, комитет құрамына ірі ластаушы компаниялардың өкілдері кіріп алып, кейін «Экологиялық кодекстің мына талабын алып тастайық» деп лобби жүргізуі дұрыс емес.

Ал, «Байтақ» партиясына келсек, ол 2023 жылы жасылдар партиясы ретінде тіркелді. Бірақ, шынын айту керек, оны классикалық мағынадағы жасылдар партиясы деп атау қиын. Партияны басқарып отырған Азаматхан Әміртай мырза — кәсіпкер, экономист. Ал, 2020–2021 жылдары Талдыкөл мәселесіне қатысты берген пікірлерінде «ол балшық, ол жерді құрғатып, жою керек» деген ұстаным айтқан болатын. Яғни, көлді құрғатып, құстардың мекен ету ортасын жоюды қолдайтын көзқарас білдірген адамның экологиялық қозғалысты басқаруы немесе экологиялық партияның бет-бейнесі болуы жөнінде сұрақтар туындайды. Сондықтан, бұл партияға экологтар арасында сенім жоқ. Оны толыққанды жасылдар партиясы деу қиын, көбі оны псевдожасылдар партиясы ретінде қабылдайды. Шынын айтқанда, Қазақстанда бүгінгі күні классикалық түсініктегі, кәсіби экологиялық ұстанымы бар жасылдар партиясы жоқ. 

- Егер сізге Қазақстандағы экологияға қатысты бір заң қабылдау мүмкіндігі берілсе, ең алдымен нені өзгертер едіңіз? 

- Бірінші кезекте Экологиялық кодекстің талаптарының толық орындалуын қамтамасыз ету бағытында Экология министрлігінің жұмысын жүйелер едім. Қазіргі таңда Экологиялық кодекс қабылданды, барлық нормалар жазылды. Бірақ мәселе ө оның орындалмай отырғанында. Негізгі түйткілдің басым бөлігі дәл осы жерде жатыр.

- Қазақстан экологиясы қалыпты елге айнала ала ма? 

- Негізі мұндай сұрақ қойылғанда шенеуніктердің басым бөлігі әдетте: «кем дегенде бес жыл керек», «кем дегенде он жыл керек» деп жауап береді. Бірақ, мәселе уақытқа тіреліп тұрған жоқ. Мәселе – таңдалып, тағайындалып жатқан кадрларда.

Мысалы, кезінде атышулы РОП операторына қатысты 2018 жылы көп сын айтылды. Кейін басшылық ауысып, Медет Құмарғалиев келді. Соның нәтижесінде небәрі бір жылдың ішінде бірқатар жүйелі шешімдер қабылданып, қаптама қалдықтарын жинау деңгейі 6 пайызға дейін өсті. Бұл дегеніңіз – қаншама жеке кәсіпкердің жұмысқа тартылуы, қаншама тонна қалдықтың айналымға қайтарылуы. Тіпті Астананың өзінде қалдық жинаушылардың бір-бірімен бәсекелесіп, кейде таласып, қалдықтарды жинап әкететін жағдайға дейін жеткені болды. Сенесіз бе? Сондықтан мәселе уақытта емес. Негізгі мәселе – кадрлық саясатта.

- Лаура ханым, сұхбатығызға рахмет!