homepage
фото: ҚҰУ

ҚазҰУ: топырақтануға мамандандырылған оқу аудиториясы ашылды

Бүгін, 15:33

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде көрнекті топырақтанушы ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор Жекен Үмбетқұлұлы Мамытовтың шәкірттері мен факультеттің 2006 жылғы түлектері атынан топырақтану бағытына мамандандырылған оқу аудиториясы ашылды. 

Жекен Үмбетқұлұлы Мамытов – топырақтану, микробиология, агрохимия және құрғақ аймақтың тұзды топырақтарын мелиорациялау саласындағы танымал қазақстандық ғалым. Оның ғылыми қызметі топырақтағы, әсіресе күріш алқаптары мен тұзды ауылшаруашылық ландшафттарындағы микробиологиялық, биохимиялық, химиялық және физикалық-химиялық үдерістерді зерттеуге бағытталған.


«Оның зерттеулері алғаш рет күріш алқаптарының тұзды топырақтарында сілтіліктің пайда болуының биохимиялық механизмдерін ашты, сонымен қатар осы процестердегі микроорганизмдердің, жоғары өсімдіктердің және ферменттердің рөлін көрсетті. Құрғақ аймақтың топырақтарының тұздануы мен сілтіленуі туралы кейбір классикалық идеялар эксперименталды түрде нақтыланды және түзетілді» - шәкірті Өміржан Тәукебаев.
 

Аридті зона топырақтарындағы тұздану және сілтілену тұжырымдамаларын ұсынған. Осы ғылыми тұжырымдама негізінде «Күріш алқаптарындағы сілтілі топырақтарды игерудің жаңа технологиясы» құрастырылып, бұл технология Қазақстанның 100 мың гектардан астам күріш алқабында енгізіліп, Солтүстік Кореяда, Қытайда, Ресейде, Украинада, Өзбекстанда және Қарақалпақстанда далалық сынақтардан өтті.

Бұл аудитория – ғалымның ғылымға, білімге және шәкірт тәрбиесіне сіңірген өлшеусіз еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.