Мешіттегі Әбдіжаппар Смановтың даулы видеосынан кейін Сарыағаштағы медресе-колледж жайлы жазған едік. Діни білім ошағы жылдар бойы бюджеттен миллиондаған қаржы алып келген әлі де алады. Juzmedia мақаласы оқырмандар арасында үлкен талқы туғызған соң еліміздегі басқа медресе-колледждердің жағдайы қандай деп ізденіп көрдік.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сайтында жазылғандай, елімізде 9 медресе-колледж бар. Олар Тараз, Алматы, Астана, Атырау және Орал қалаларында орналасқан. Барлығы да білім беру мекемесі ретінде лицензия алған. Ең қызығы, 9 медресенің барлығы да «техникалық кәсіп беретін мекеме» ретінде мемлекеттік сатып алуға қатысады. Және мемлекеттен қаржы алуы шамамен 2018-2021 жылдар аралығында бастаған.
БЮДЖЕТТЕН ЕҢ КӨП ҚАРЖЫ АЛАТЫН МЕДРЕСЕЛЕР
Бюджеттен ең көп қаржы алатын медресе ретінде бірінші орында Сарыағаш коллежі болса, екінші орында Шымкенттегі медресе колледж тұр. Бұл мекеме 2015 жылы тіркелген. Түркістан облысы білім басқармасынан 2018 жылы 68 млн теңге қаржы алады. Одан кейін бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі өсе түседі. Жалпы алғанда 7 жылда білім басқармасынан 1 млрд теңгеден аса қаржы алған.
«Әбу-Ханифа» колледжі 2020 жылдан бастап қаржы алады. Сол жылы Алматы қаласының білім басқармасы 4 млн теңге бөлген. Жыл өткен сайын бюджет көлемі 18, 20, 30 млн теңгеге арта түсті. Жалпы алғанда соңғы бес жылда 106 млн теңге бөлінген. Осы жылы қаңтарда тағы 24 526 млн теңгеге келісім-шартқа отырған.
Үшінші орында - Ақтөбе медресе колледжі. Ол 2008 жылы ашылған, ал 2016 жылы «колледж» статусын алған. Басқалармен салыстырғанда білім басқармасымен ертерек келісім жасаған білім мекемесінің бірі. 2018 жылы ақпанда Ақтөбе облыстық білім басқармасымен келісім-шартқа отырып, 19 млн теңге қаржы алған. Жалпы соңғы 7 жыл ішінде медресе-колледжге бюджеттен 899 млн 942 мың теңге аударылған.
Орал медресе-колледжі (2013 жылы тіркелген) бюджеттен қаржы алуды 2021 жылы 4 млн теңгемен бастаған. 2022 жылы облыстық білім басқармасынан 52 млн теңге бөлінеді. 2023 жылы 45 млн теңге, 2024 жылы 54 млн теңгеге бірнеше келісім-шарттар жасайды. Осы жылы екі келісім-шарт аясында 49 млн теңге аударылды. Барлығы 200 млн теңгеге жуық қаржы алады.
ҚАТАРҒА ЖАҢА ҚОСЫЛҒАНДАР
Кейбір медресе колледждер мемлекетпен серіктестікті соңғы жылдары ғана бастаған. Мәселен, Әбу Бәкір Сыдық колледжі тек соңғы екі жыл ғана бюджеттен қаржы алады. 2024 жылы Павлодар облысы білім басқармасынан 8 237 млн теңге алды. Биыл 24 млн теңгеге келісімшартқа отырған.
Үшқоңыр медресе колледжін мемлекеттік қаржыландыруы 2023 жылдан басталды. Сол жылы Алматы облыстық білім басқармасы медресеге 6 млн теңге бөледі. Жалпы соңғы екі жылды бюджеттен медресе шотына 22 млн 652 мың теңге бөлінген. Осы жылдың басында 34 млн-ға кезекті келісімшарт жасалды.
«Һибатулла Тарази» медресе колледжі (2012 жылы тіркелген) бюджеттен қаржы алуды 2023 жылы бастаған. Сол жылы Жамбыл облысы білім басқармасы 5 млн теңге бөлген.
2024 жылы жалпы көлемі 22 млн теңге бес келісімшарт жасаған, ол әлі аяқталған жоқ.Осы жылы қаңтарда тағы 9 млн 785 мың теңгеге келісім жасалды.
Медреселердің барлығы әуелі діни білімге назар салады. Студенттер 2 жыл 10 ай «исламтану» мамандығында оқиды. Ал колледж бітіргеннен кейін «имам-хатиб», «ұстаз» деген біліктілікке ие болады. Толығымен қажетті нәрсемен қамтамасыз етілген, тамақтандыру тегін. Шәкіртақы беріледі. Оқу кезінде медресе жанындағы мешіттен өндірістік тәжірибеден өтеді.
Діни медреселер неге «техникалық кәсіптік білім» деген санатта қаржы алады? Ондағы білім сапасын кім бақылайды? Осы мәселеге байланысты Juzmedia оқу-ағарту министрлігіне қатысты сауал жіберді.