Мамыр айының екінші жексенбісінде қазақстандықтар «Аналар күнін» атап өтеді. Биыл бұл маңызды мереке 10 мамырға тұспа-тұс келді. Бұған дейін елімізде бұл атаулы күн қыркүйек айында тойланып келген болатын. Алайда, халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру мақсатында Үкіметтің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына сәйкес мереке мамырдың екінші жексенбісіне ауыстырылды.
Бүгінде Аналар күні әлемнің 20-дан астам елінде аталып өтеді. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Австралия сынды мемлекеттер бар. Бұл күн – аналардың қоғамдағы рөлін айшықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған ерекше мереке.
Қазақстанда да аналардың мәртебесін арттыруға, отбасы институтын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан көпбалалы және жас отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары тұрақты түрде жетілдіріліп келеді. Соңғы жылдары бала күтіміне байланысты төлем мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылып, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған қосымша қолдау тетіктері енгізілді.
Аналар күні қарсаңында Астана қаласында бірқатар мәдени-танымдық және отбасылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткен жас аналарға арналған аспаздық шеберлік сабағы.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас аналарға пайдалы әрі дәмді тағамдарды тез әрі оңай дайындау жолдарын үйрету, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Шеберлік сабағы барысында кәсіби аспаздар дұрыс тамақтану мәдениеті мен қазіргі дастарханға жиі қойылатын тағам түрлерін әзірлеудің тиімді тәсілдерін көрсетті.
Бағдарлама аясында қатысушылар:
• пайдалы тағамдарды әзірлеу бойынша практикалық сабақтарға қатысты;
• дұрыс тамақтану жөнінде пайдалы кеңестер алды;
• өзара тәжірибе алмасып, пікір бөлісті.
Шеберлік-класы жас аналардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге, жаңа идеяларға шабыттандыруға және аналар арасында қолдау мен ынтымақтастық ортасын қалыптастыруға бағытталды. Іс-шараға 20 жас отбасы қатысты.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы, “Отбасы – бақыт мекені” жобасының жетекшісі Балжан Ғалымжанқызының бұл шара аналарды сергітіп қана қоймай, күнделікті мәзірді жаңартып алуға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, жас отбасыларға арналған іс-шаралар мұнымен аяқталмайды. Алда үлкен әрі ызықты шаралар жоспары тұр.
“Бұл шара “Отбасы – бақыт мекені жобасы аясында өткізіліп жатыр. Бұл жоба жыл соңына дейін жалғасын табатын болады. Осы жобаның шеңберінде қыркүйек айында “Үздік жас отбасы” байқауы ұйымдастырылатын болады. Сол жерде елорданың ең үздік, ең өнегелі отбасын анықтайтын боламыз. Сондай-ақ, 15 маусым – Әкелер мерекесіне орай әкелер арасында футболдан жарыс өткізетін боламыз. Және әке мен баланың бірге уақыт өткізуі үшін қыш құмырадан шеберлік-классы өтетін болады. Бұдан бөлек, жас отбасыларға арнап түрлі тақырыптарда 50-ден астам семинарлар жоспарланған датаға орай ұйымдастырылып жатыр”, – дейді Балжан Ғалымжанқызы.
Аналар күні - тек құттықтау мен сый-сияпатқа арналған мереке ғана емес. Бұл - ана еңбегін бағалап, оның қоғамдағы ерекше орнын дәріптейтін маңызды күн. Себебі мықты ана - мықты отбасының тірегі, ал берекелі отбасы - қуатты мемлекеттің негізі.