homepage
Коллаж: juzmedia.kz

Мемлекеттен миллиондар алатын медресе-колледж кімдерді оқытады?

15.03.2025, 18:08

Жақында журналист Ораз Әлімбек фейсбуктегі парақшасында Түркістандағы Сарыағаш медресе-колледжі туралы дерек жариялады. Облыстық білім басқармасы медресеге жылына миллиондаған ақша бөледі екен. Ол мекемені оңтүстікте танымал Смановтар әулеті басқарады. Егер мешітте студенттерге аяғын уқалатқан Әбдіжаппар ұстаздың видеосы таралмағанда, бұл ақпарат елеусіз қалар ма еді. Қыруар қаржы алатын медресе-колледж шәкірттеріне не оқытады? Кімдер сабақ береді? Juzmedia анықтап көрді.

Сарыағаштағы медресе-колледж Түркістан облысында орналасқан. Колледж өкілімен сөйлескен Kursiv жазуынша, қазір онда 400 бала оқиды. Оларға шәкіртақы беріледі, жатақханамен қамтамасыз етілген.

Мүфтият сайтындағы дерекке сүйенсек, медресе-колледж 2016 жылы білім мекемесі ретінде лицензия алған. Сол уақыттан бері тұрақты түрде облыстық білім басқармасынан қаржы алып тұрады:

  • 2018 жылы -  335 млн тг;
  • 2019 жылы – 400 млн тг;
  • 2020 жылы – 137 млн тг;
  • 2021 жылы – 54 млн тг;
  • 2022 жылы – 142 млн тг;
  • 2023 жылы – 220 млн тг;
  • 2024 жылы – 279 млн тг;
  • 2025 жылы -  290 млн тг.

Қызығы осы сатып алулардың барлығын Түркістан білім басқармасы өткізген. Бірақ ол мекемеде қандай сабақтар өтетіні белгісіз. Медресе-колледждің әлеуметтік желілердегі парақшаларында қандай пәндер оқытылатыны жазылмаған. Инстаграм парақшасында колледждің тыныс-тіршілігінен бөлек, негізінен діни контент жарияланған.

Мүфтияттың сайтына сенсек, оқу аудиторияларынан бөлек компьютер сыныбы, биология және арнайы пәндер кабинеті бар. 34  оқытушы сабақ береді. Басым көпшілігі – діни білімі бар мамандар, ұстаздар.

МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖДІ КІМ БАСҚАРАДЫ?

Бұл мекемені ашқан – Смановтар отбасы. 2015 жылдан бастап ағайынды Смановтар кезектесіп басқарып келді. 2016 жылға дейін колледжді Әбдісаттар Сманов басқарған, кейін оның орнына бауыры Әбдуғаппар Сманов келді. Екеуі де қайтыс болды.

Әбдіжаппар, Әбдуғаппар Смановтар – қоғамға танымал, діни беделі бар тұлғалар. Олардың интернеттегі уағыздары жүз мыңдаған қаралым жинайды. Қазір медресе-колледж директоры – Дінмұхамед Сманов. Ол - мешіттегі видеосымен танымал болған Әбдіжаппар Смановтың ұлы.

Отбасы Қазақстандағы тағы бір танымал әулетпен байланысты. 6 жыл бұрын Түркістанда Сатыбалды Әбішұлы атындағы мешіт ашылды. Ол – экс-президент Назарбаевтың інісі еді. Сатыбалдының баласы Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін істі болғаны көпшілікке белгілі. БАҚ-тың жазуынша, сол мешітте Смановтар бас имам болған.

МЕМЛЕКЕТ ДІНИ ҰЙЫМДАРҒА ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ БӨЛУІ КЕРЕК ПЕ?

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сайтында жазылғандай, дәл қазір елімізде 9 медресе-колледж бар. Олар Түркістан, Алматы, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент және Астана қалаларында орналасқан. Барлығы да мемлекеттен лицензия алған. Жатақхана бар, студенттер үш мезгілі ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Астанадағы медресе-колледждің ашылуына экс-президент Назарбаев келіп қатысқан. 2021 жылдан бері Астана қаласы білім басқармасынан мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржы алады. Осы жылы «білім беру саласындағы қызмет үшін» 35 млн теңге бөлінген.

Айта кетейік, Қазақстан – зайырлы ел, яғни дін мен мемлекет бір-біріне қатысы жоқ. Діни ұйымдар саясатқа, ел басқаруға, саяси партиялар ісіне араласа алмайды және оларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болмауы керек.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.