homepage
фото: коллаж Juzmedia

Вашингтоннан Қарағандыға дейін: вольфрам үшін күрес

Бүгін, 00:53

Мамыр айының мамыражай күндерінде Қазақстан жұртшылығы Бірлік күні, Отан қорғаушылар мерекесі мен Жеңіс күнін атап өтіп мәре-сәре күй кешіп жүргенде, жаһандық ақпарат кеңістігінде нағыз «геосаяси сілкініс» болып жатқан. Мұхиттың ар жағынан жеткен бұл ақпарат Қазақстанның экономикалық болашағы мен қауіпсіздік архитектурасына тікелей әсер етпек. Сондықтан, ел ішіндегі мерекелік қарбаласқа қарамастан қалам алдық, ал енді түсіндіріп көрелік. 

Бұл жолы әлемдік қаржы және бизнес элитасының негізгі бағдары саналатын, ақпаратты қатал сүзгіден өткізіп қана жариялайтын беделді «Financial Times» басылымы нағыз «сенсациялық» деректі жарыққа шығарды. АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың бел балалары — кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамп Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына ресми серіктес ретінде қосылды.

Ақ үй басшысының ең жақын отбасы мүшелерінің қазақ даласындағы сирек металдарға тікелей иелік етуге ұмтылуы жай ғана коммерциялық мүдде емес. Бұл оқиға Вашингтонның Орталық Азиядағы Ресей мен Қытайдың ресурстық монополиясына қарсы бағытталған стратегиялық контр-қадамы ма? Неліктен Трамп әулеті Қазақстанның тау-кен секторына миллиардтап қаражат құюға соншалықты асықты? Біз бұл жолы да бағалы қазынаны тек шикізат күйінде экспорттаймыз ба, әлде «Трамп факторын» пайдаланып, ел ішінде жоғары технологиялық өндіріс кластерін құра аламыз ба? Бүгінгі талдауымызда вольфрам төңірегіндегі күрделі геосаяси детективтің жігін ажыратып, Трамптардың қазақ даласына келуінің астарында жатқан шынайы себептерді саралаймыз.

«БАЙ МЕМЛЕКЕТТІҢ» БАҒАЛЫ АКТИВІ: ТРАМП ӘУЛЕТІНІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СХЕМАСЫ
 
Дональд Трамптың Қазақстанға деген ерекше ықыласы мен прагматикалық қызығушылығы Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің отырысында-ақ айқын аңғарылды. Президенттің Қазақстанды жай ғана «тұрақты серіктес» емес, «бай мемлекет» деп атап, тілдің майын тамыза сөйлеуі - кездейсоқ мақтау емес, нақты есепке негізделген мәлімдеме болатын. Ақ үйдегі қарт саясаткердің бұл сөздерінің астарында Менделеев кестесінің «көзірлеріне» айналған сирек металдар, атап айтқанда, вольфрам жатқаны бүгінде ешкімге құпия емес. 

«Financial Times» басылымының зерттеуі Трамптың ұлдары - Дональд пен Эриктің қазақстандық вольфрам нарығына кіруінің көпсатылы, стратегиялық жоспарланған схемасын ашып берді. Бұл транзакциялар тізбегі саяси ықпал мен іскерлік пысықтықтың қалай үйлесетінін көрсетеді:

Бірінші деңгей: Трамптардың бақылауындағы «Skyline Builders» құрылыс компаниясы инвестициялық фирмалар арқылы Қазақстанда вольфрам активтері бар америкалық «Cove Capital» тобының 20 пайыздық үлесін 20 миллион долларға иеленді.
Екінші деңгей: Бұл мәмілелердің нәтижесінде «Kaz Resources» атты қуатты холдинг құрылды. Бұл құрылым қазірдің өзінде әлемдік технологиялық капиталдың орталығы – «Nasdaq» биржасына шығуға қызу дайындық үстінде.
Үшінші деңгей: Ең даулы әрі таңғалдыратын дерек - аталған холдингтің 2025 жылы Қазақстандағы вольфрам жобаларын дамыту үшін АҚШ мемлекеттік бюджетінен 1,6 миллиард доллар көлемінде гранттық қолдау алуы. 

Бұл жерде жеке отбасылық бизнес пен мемлекеттік донорлық институттардың мүддесі бір арнаға тоғысып отыр. Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың пайымдауынша, мұндай қаржылық модель Вашингтонның геосаяси басымдықтарының өзгергенін көрсетеді.

«Бұл жерде саяси мүдде мен бизнестің аражігі жойылып кеткен. Президенттің ұлдары жеке инвестор ретінде әрекет етсе, оларға қолдау көрсететін – Президент басқарып отырған АҚШ-тың мемлекеттік институттары. Демек, Вашингтон үшін бұл жай ғана тау-кен жобасы емес, Қазақстанның ресурстық әлеуетін өз бақылауына алу арқылы Қытай мен Ресейдің ықпалын тежеудің стратегиялық құралы», — дейді сарапшы.

Осылайша, Трамптардың қазақ даласына келуі кезекті «отбасылық бизнес» емес, Вашингтонның Орталық Азиядағы ресурстық үстемдік үшін күрестегі жаңа тактикасының айқын көрінісі.

ВОЛЬФРАМ - ЖАҢА ДӘУІРДІҢ «СТРАТЕГИЯЛЫҚ АЛТЫНЫ»

Неліктен Трамп әулеті мен Пентагон стратегтері вольфрам үшін Қазақстанға соншалықты асықты? Бұл сұрақтың жауабы Менделеев кестесінде тұр. Қазақстан топырағында аталған кестедегі 118 элементтің 99-ы табылса, соның ішіндегі ең «салмақты» әрі стратегиялық маңызы жоғары көзір –  вольфрам. 

Вольфрам – табиғаттағы ең ерекше қасиеттерге ие металдардың бірі. Оның техникалық сипаттамасы кез келген инженер мен әскери маманды таңғалдырмай қоймайды: Экстремалды төзімділік: Оның тығыздығы темірден екі есе ауыр, бұл оны сауыт бұзар снарядтар мен броньды техника үшін таптырмас материал етеді. Жер бетіндегі ең жоғары балқу температурасы: 3422°C. Бұл көрсеткіш бойынша ол кез келген металдан басым. Бұл қасиет вольфрамды ғарыш кемелерінің қозғалтқыштары мен реактивті зымырандардың ыстыққа төзімді бөлшектерін жасауда бірегей етеді.

Бүгінде бұл металдың қолданылу аясы заманауи өркениеттің іргетасын құрап отыр: 
1.    Әскери өндіріс (40%): Снаряд ұштары, зымырандар, танкіге қарсы қорғаныс жүйелері. 
2.    Ауыр машина жасау (35%): Металл өңдейтін аса қатты құрал-саймандар мен бұрғылау қондырғылары.
3.    Жоғары технологиялар мен ғарыш (15%): Смартфон чиптерінен бастап, орбиталық станциялардың құрамдас бөліктеріне дейін. 

АҚШ үшін вольфрам тек бизнес емес, ұлттық қауіпсіздіктің тікелей кепілі. Бүгінде әлемдік вольфрам өндірісінің 80 пайызын Қазақстанның көршісі  Қытай өз уысында ұстап отыр. Вашингтон үшін бұл өте қауіпті тәуелділік. Егер Бейжің мен Вашингтон арасындағы сауда немесе саяси текетірес шегіне жетсе, Қытай вольфрам экспортын шектеу арқылы АҚШ-тың бүкіл қорғаныс өнеркәсібін тығырыққа тірей алады.

Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов бұл жағдайды былайша түсіндіреді:

«Америкалықтар үшін вольфрам - Пентагонның «тынысы». Қытайдың бұл нарықтағы монополиясы Вашингтонды балама іздеуге мәжбүр етті. Қазақстанның бұл жобадағы рөлі - АҚШ-ты қытайлық импортқа тәуелділіктен құтқаратын басты ресурс орталығына айналу».

Осылайша, Қазақстанның вольфрам кен орындары жаһандық ресурстық соғыстың алғы шебіне шығып, «Трамп факторының» келуіне негізгі себеп болып отыр. 

ҚАЗАҚСТАН – ЖАҺАНДЫҚ НАРЫҚТЫҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫ
 
Қазақстанның вольфрам қоры бүгінде 2 миллион тоннадан асады деп бағалануда. Бұл көрсеткіш елімізді жаһандық ресурстық картадағы алпауыт үштіктің (Қытай мен Ресейден кейін) қатарына нық сеніммен кіргізеді. Алайда, бұл жай ғана статистика емес,  жаһандық технологиялық бәйгедегі біздің басты экономикалық аргументіміз. Бүгінде әлемдік инвесторлар мен алпауыт державалардың назары Қарағанды облысындағы екі ірі нысанға ауып отыр. Бұл кен орындары Кеңес одағы кезінен-ақ зерттелген, бірақ өз уақытын күтіп жатқан «ұйықтап жатқан алыптар».

  1. Cолтүстік Қатпар: бұл нысан қоры жағынан орташа болғанымен, кен құрамындағы вольфрамның бөлінуі мен игерілуі тұрғысынан технологиялық өте тартымды деп бағаланады. Ол  жобаның алғашқы кезеңінде тез пайда әкелуге қабілетті актив.
  2. Жоғарғы Қайрақты: бұл  нағыз жаһандық феномен. Әлемдегі ең ірі үш вольфрам кен орнының бірі саналатын бұл нысанның қоры 1 миллион тоннадан асады. Мұндай ауқымдағы кен орны ондаған жылдар бойы әлемдік нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп, миллиардтаған доллар таза пайда әкелуге қабілетті.

Мемлекеттік мүддені қорғайтын «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы бұл екі жобаның 70 пайыз үлесін америкалық инвесторларға (Kaz Resources холдингі) беру туралы шешім қабылдады. Бұл мәміленің аясында инвесторлар мынадай міндеттемелерді мойнына алды:
•    Жобаға 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құю;
•    Қазақстанда баламасы жоқ заманауи өндірістік технологияларды енгізу;
•    Толық циклді байыту кешенін құру.

Көкейде «біз неге өз байлығымызды өзіміз игере алмадық?» деген заңды сауал туындайды. Бұл мәселенің кәсіби жауабын «Kazakhmys Barlau» компаниясының Геологиялық барлау департаментінің директоры Мерген Мырзағұлов ұсынады.

«Қазақстанның вольфрам әлеуеті орасан зор екені даусыз, бірақ біз ескеруіміз керек бір маңызды фактор бар: біздегі кендердің көбінде вольфрам концентрациясы (grade) төмен. Яғни, бір тонна тастан бөліп алатын пайдалы металдың мөлшері аз. Мұндай төмен концентрациялы кеннен пайда табу үшін қарапайым әдістер жеткіліксіз. Бізге вольфрамды барынша тиімді бөліп алатын, шығынды азайтатын заманауи жоғары технологиялар ауадай қажет. Тәжірибесі бар халықаралық инвесторларды тарту  бұл тек ақша емес, бұл біздің мамандардың қолы жетпеген «ноу-хауды» әкелу», — дейді геолог-маман.

Осылайша, Қайрақты мен Қатпар жобалары Қазақстан үшін жай ғана тау-кен өндірісі емес, елдің индустриялық-технологиялық деңгейін жаңа сатыға көтеретін сынақ алаңына айналып отыр. Америкалық капитал мен технологияның келуі  біздегі «өлі активтерді» әлемдік деңгейдегі табысты кәсіпорындарға айналдырудың жалғыз ұтымды жолы. 

ГЕОСАЯСИ ШАХМАТ: КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТТЫҢ СЫНАҒЫ

Қазақстанның бұл қадамы  халықаралық қатынастар тақтасындағы нағыз стратегиялық шахмат партиясы. Біздің геосаяси жағдайымызда, бір жағымызда басты инвестор Қытай, екінші жағымызда стратегиялық көрші Ресей тұрғанда, осы екі алпауыттың ортасына АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың отбасын вольфрам жобасы арқылы тарту - Астананың теңгерімді саясатының айқын көрінісі. 

Бұл жай ғана экономикалық мәміле емес, үлкен саяси ойын. Мұндай қадамнан кейін солтүстіктегі көршіміздің кейбір саясаткерлері мен телеарналарының «Қазақстан Батысқа бет бұрды», «арқадан пышақ ұрды» деп байбалам салатыны бесенеден белгілі. Алайда, қазіргі «түлкі заманда» Қазақстан үшін тек бір көршіге иек артып отыру  мемлекеттік мүддені қауіпке тігумен тең. Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов бұл стратегияны «қауіпсіздіктің жаңа деңгейі» деп бағалайды:

«Халықаралық қатынастарда мәңгілік досымыз не қасымыз жоқ, тек мәңгілік ұлттық мүддеміз ғана бар. Біз қазір санкциялар шеңбері мен ресурстар үшін жаһандық талас жүріп жатқан қылпылдаған қылыштың жүзінде отырмыз. Осындай тартыс кезінде «көпвекторлы саясат» - бұл жай ғана дипломатиялық термин емес, бұл біздің мемлекеттігімізді сақтап қалудың анық жолы. Трамптар сияқты саяси салмағы бар тұлғаларды стратегиялық жобаға тарту арқылы Астана Вашингтонмен  қарым-қатынас орнатып, өзіне қосымша қауіпсіздік кепілдігін сатып алып отыр», — дейді сарапшы.

«Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген атам қазақтың сөзі бүгінгі сыртқы саясатымыздың негізгі леймотивіне айналуы тиіс. Барлық державаларды өз мүддесіне ортақтастырып қою - бұл тек дипломатиялық шеберлік емес, бүгінгі күннің өміршеңдік формуласы. 

ШИКІЗАТ ПА, ӘЛДЕ ДАЙЫН ӨНІМ БЕ? 

Ел экономикасы үшін ең өзекті мәселе  табиғи ресурстарды игерудің тиімділігінде жатыр. Біз ондаған жылдар бойы ұстанып келген «қаз да сат» атты ескі сүрлеуден, яғни шикізаттық бағыттан түбегейлі шығатын уақыт жетті. Вольфрам нарығындағы баға айырмашылығына көз жүгіртсек, қосымша құн тізбегінің қаншалықты маңызды екенін аңғару қиын емес. Нарықтағы шартты баға көрсеткіштері біздің экономикалық әлеуетіміздің қай деңгейде екенін айқын көрсетеді: 
Бір тонна шикізат (кен): ~$500. Бұл  жер қойнауынан алынған, бастапқы өңдеуден өтпеген материалдың құны.
Бір тонна өңделген концентрат: ~$5,000. Бұл деңгейде баға бірден он есе өседі.
Дайын қорытпа немесе жоғары технологиялық өнім: $50,000 және одан жоғары. 

Егер Қазақстан вольфрамды тек кен немесе концентрат түрінде экспорттаумен шектелсе, біз орасан зор пайдадан қағыламыз. Ал толық өндірістік циклді жолға қою  табысты жүз есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жай ғана сандар емес - жаңа зауыттар, мыңдаған білікті жұмыс орындары және ел бюджетіне түсетін қомақты салық. 

«Kazakhmys Barlau» компаниясының Геологиялық барлау департаментінің директоры Мерген Мырзағұлов бұл мәселеге техникалық және экономикалық тұрғыдан баға береді:

«Экономикалық тұрғыдан алғанда, ең соңғы өнімді шығару біз үшін тиімді жол. Шикізат күйінде сату  ресурсты ысырап етумен тең, өйткені оның бағасы дайын өніммен салыстырғанда тым төмен. Мысалы, вольфрамның нарықтық құны тіпті мыспен салыстырғанда он есе жоғары. Қайрақты кен орнында 1 миллион тонна қор бар екенін есептесек, бұл қазынаны тек толық өндірістік цикл арқылы игеруіміз керек. Егер біз концентраттан арыға барып, қорытпалар мен құрал-саймандар шығара алсақ, Қазақстан вольфрам нарығында жай ғана қатысушы емес, негізгі ойыншыға айналады», — дейді маман.

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен америкалық инвесторлар арасындағы келісімнің басты шарты - Қазақстан аумағында толық циклді өндіріс қалыптастыру. Бұл  тек кен қазу емес, оны терең өңдеп, әлемдік нарыққа дайын өнім ретінде шығару деген сөз. Біз үшін бұл жоба  шикізаттық «қарғыстан» құтылып, жоғары технологиялық индустрияға қадам басудың нақты мүмкіндігі. «Трамп факторы» мен америкалық технологиялар осы мақсатқа жетудің катализаторы бола ала ма? Бұл  уақыт пен ашық бақылаудың еншісіндегі мәселе.

NASDAQ ЖӘНЕ ХОВАРД ЛАТНИК ФАКТОРЫ: ЖАҺАНДЫҚ СЕНІМ МЕН АШЫҚТЫҚ ДЕҢГЕЙІ
 
Бұл вольфрам жобасының сәттілігіне тек Трамптардың есімі ғана емес, сонымен қатар жаһандық геоэкономикалық айқастың басты фигураларының бірі - АҚШ-тың Сауда министрі Ховард Латниктің тікелей қатысуы кепіл болып отыр. Латник - Вашингтон әкімшілігіндегі жай ғана шенеунік емес, ол АҚШ-ты Қытайға деген технологиялық және шикізаттық тәуелділіктен құтқару стратегиясын жүргізуші басты идеологтардың бірі.

Ховард Латник Қазақстанды Вашингтонның жаңа, сенімді әрі стратегиялық серіктесі ретінде қарастыруды ертеден бастаған. 2023 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары аясында Латниктің тікелей қатысуымен америкалық «Wabtec» компаниясы мен Қазақстан арасында 4,2 миллиард долларлық алпауыт келісім жасалды. Ол локомотивтер шығару мен сервистік қызмет көрсетуді көздеген болатын. Бүгінгі вольфрам туралы әңгіме  сол үлкен стратегиялық жоспардың заңды жалғасы. Латник үшін Қазақстанның сирек металдары — Пентагон мен АҚШ өнеркәсібін Қытай монополиясынан арашалап алатын «алтын көпір».

«Kaz Resources» компаниясының әлемдегі ең ірі технологиялық биржа  Nasdaq-қа шығуы жай ғана инвестиция тарту емес, жариялылық емтиханы. Бұл биржаның табалдырығын аттаған компания «ішкен-жегенін» жасыра алмайды. Халықаралық шолушы Жанат Момынқұлов бұл қадамның маңызын былайша тарқатады:

«Nasdaq  ең алдымен қатал есептілік пен темірдей тәртіп. Егер компания осы биржаға шықса, ол АҚШ-тың Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясының (SEC) жіті бақылауына түседі. Әрбір тиынның қайдан келгені, қайда кеткені және инвесторлардың нақты кім екені ашық көрсетілуі тиіс. Бұл  сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты сүзгі. Тіпті Трамптың балалары болса да, олар «Nasdaq» талаптарына, яғни халықаралық заңға бағынуға міндетті. Бұл қадам Қазақстанның тау-кен секторына нақты реформа әкеліп, оны «жабық клубтардың» ойынынан нақты халықтық меншік деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді», — дейді сарапшы.

Nasdaq биржасы инвесторлардың құқығын қорғайды. Бұл дегеніміз  Қазақстанның вольфрамы ендігі жерде көлеңкелі схемалар арқылы емес, халықаралық деңгейде заңдастырылған, ашық нарық ережелерімен саудаланады деген сөз. Ховард Латник секілді стратегиялық тұлғалардың бұл процеске кепіл болуы - Астана мен Вашингтон арасындағы жаңа деңгейдегі саяси сенімнің белгісі. Біз үшін бұл  жай ғана экономикалық мәміле емес, Қазақстанның тау-кен секторын әлемдік стандарттарға сәйкестендірудің бірегей мүмкіндігі.

ХАЛЫҚТЫҢ ҮЛЕСІ МЕН КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МІНДЕТ 

Миллиардтаған долларлық инвестициялық келісімдердің, Трамп әулетінің есімі мен жаһандық геосаяси тартыстардың тасасында бір ғана мызғымас қағида тұруы тиіс. Ол  ұлттық мүдде мен халықтың меншік құқығы.  

2022 жылғы жалпыхалықтық референдум нәтижесінде еліміздің Ата Заңына тарихи өзгеріс енгізілгені белгілі. Конституцияның 6-бабында тайға таңба басқандай жазылған: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар - халыққа тиесілі». Бұл жай ғана әдемі ұран емес, мемлекеттің халық алдындағы тікелей есептілігін талап ететін құқықтық негіз.

Трамптармен жасалған вольфрам келісімі  «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы үшін үлкен емтихан болмақ. Бұл жобаның ашықтығы, одан түсетін пайданың әділ бөлінуі мемлекеттік басқару жүйесінің қаншалықты өзгергенін көрсетеді. Жоба «жабық кландардың» кезекті құпия мәмілесіне айнала ма, әлде халықтың игілігіне қызмет ететін мөлдір экономикалық модель бола ма? Бүкіл қоғамның назары осы сұраққа тірелмек.

Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов бұл мәселенің маңызын былайша қорытындылайды:

«Қазақстанның вольфрам қоры біздің жаһандық геосаясаттағы басты көзіріміз. Біз тек шикізат сатушы емес, әлемдік технологиялық тізбекте Қытай монополиясын бұза алатын стратегиялық ойыншыға айналу мүмкіндігін алдық. Бірақ басты шарт өзгермейді: жер асты байлығының игілігін ең алдымен қарапайым қазақ халқы көруі тиіс. Ендігі кезек  қағаздағы заңның өмірдегі әділдігін іс жүзінде дәлелдеуде».

Қазақстан вольфрам нарығындағы «Трамп факторын» пайдалана отырып, өзін жаңа қырынан танытуға тиіс. Біз тек кенді қазып алып, шекара асыратын «шикізаттық қосымша» деңгейінде қалмай, жоғары технологиялық өнім шығаратын қуатты индустриялық мемлекетке айналуды мақсат етуіміз керек.  

Бұл келісім біздің балаларымыздың болашағы үшін жасалған стратегиялық қадам ба, әлде кезекті «үлкен ойынның» бір бөлігі ме? Бұл сұрақтың жауабын уақыт пен биліктің ашықтығы береді. Алайда, бір нәрсе анық: Қарағандының қойнауындағы вольфрамның әрбір грамы - халықтың қазынасы. Ал сол қазынаны ұлттық мүдде жолында ұтымды пайдалану - мемлекеттің мызғымас міндеті.

Айбек ҚОСАН