homepage
Коллаж Juzmedia

Идеологияға бөлінген миллиардтар: «Рухани жаңғырудың» ақиқаты

30.04.2025, 04:38

2017 жылы Қазақстанда қоғамдық сана мен ұлттық болмысты жаңғыртуға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Елдегі экономикалық қиындықтар тереңдей түскен, халық күнкөріске қажетті заттарға зәру болып тұрған шақта сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Бұл мақала идеологиялық бастаманың негізіне айналды.

Бағдарлама басты мақсат ретінде ұлттық бірегейлікті сақтау, білім мен мәдениетті дамыту, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және жаһандық гуманитарлық ой-пікірлерді мемлекеттік тілге аударуды ұсынды. Алайда бағдарламаға бөлінген қомақты қаржы мен көтерілген идеялар арасында үлкен алшақтық байқалды.

БАҒДАРЛАМА НЕ ҰСЫНДЫ?

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізгі бірнеше мақсатты көздеді:

•        Қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамыту

•        Мемлекеттік тілді дамытуға жағдай жасау

•        Мәдениет саласындағы көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру

•        Отандық мәдениет өнімін танымал ету

•        Жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту

•        Жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту

•        Жастарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру

МАҚСАТ ҮЛКЕН, РЕСУРС МОЛ. БІРАҚ ЖЕТІСТІК ҚАЙДА?

119 миллиард: қайда жұмсалды?

Мемлекеттік бағдарламаның ресми бекітілген бюджеті – 119 миллиард теңге. Мұндай қаражатқа толыққанды реформа не технологиялық секіріс жасауға болар еді. Бірақ бұл қаражат негізінен:

-        Форумдар мен фестивальдер өткізуге;

-        Астана мен өңірлердегі жобалық кеңселер ашуға;

-        Жеке қорлар мен үкіметтік емес ұйымдарға іс-шаралар ұйымдастыруға;

-        Әлеуметтік желідегі «қамту» мен PR-науқанға;

-        Ғылыми жобалар мен кітап аудармасына бөлінді.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында тек түсіндіру шараларына — 20 млн теңге, Астанадағы бір ғана жобалық кеңсе — 40 млн теңге алды. Ал ШҚО-дағы үш университетке – 7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 150 млн теңгеге 15 кітап ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылуға тиіс еді. Бір қызығы, бұл тендерді құрылыс компаниясы жеңіп алған. Нәтижесінде 148,7 млн теңге игерілмеген күйі қалды.

KPI МЕН ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ БҰРМАЛАУЛАР

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты тиімділік көрсеткіші (KPI) оның мазмұнына емес, атауының түрлі ақпарат көздерінде қаншалықты жиі аталуына негізделген. Бұл көрсеткіш әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдары, тіпті оффлайн форматтағы материалдар арқылы өлшенген. Осы себепті бағдарламаның алғашқы жобалық кеңсе басшысы Арман Евниев қызметінен кеткенін айтады. Ол бағдарламаның негізгі идеялық тұғырнамасын сегіз ай бойы әзірлегендер мамандардың бірі болған.

Арман Евниевтің сөзіне сенсек, бастапқыда ол экономикалық мәселелерді шешу үшін халықтың рухани деңгейін арттыру мен патриоттық сананы қалыптастыру қажет деп есептеген. Ол миграция сальдосын негізгі индикатор ретінде алуды ұсынған. Яғни, Қазақстан азаматтарының шетелге жаппай кету үрдісін тоқтату мақсатында олардың елге деген сүйіспеншілігін ояту көзделген.

«Халық басқа елдерде жұмыс істеп, өз әлеуетін сонда жүзеге асырып жатыр. Біз оларды елде қалдыру арқылы экономиканы дамытуға ықпал етуіміз керек еді», – дейді Евниев Juzmedia.kz берген эксклюзивті сұхбатында.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Арман Евниев сол кезеңде жоба аясында ешқандай ресми қызметтік жазба жазбағанын, ал кеңсе ішіндегі жұмыс еркін, шығармашылық сипатта болғанын айтады. Осылайша әртүрлі мамандар мен зияткерлік орта өкілдері жиналып, халықтың санасын жаңғырту жолында қандай үлес қоса алатынын талқылаған.

Бірақ уақыт өте келе ол бұл бағыттың қауіпті сипатқа ие бола бастағанын түсінеді. Идеологиялық үгіт тереңдеген сайын, оның патриоттық сезімді ұранға айналдырып, қоғамды радикалдандыру қаупі пайда болған.

«Егер бұл бағытты шектен тыс өрбітер болсақ, жағдай басқаша сипат алуы мүмкін еді. Адамдар елдегі шынайы проблемаларды көріп, түпкі себебіне қарсы шыға бастар еді. Бұл – этикалық тұрғыдан қауіпті үрдіс. Бірақ маған мұндай терең ойға барудың қажеті жоқ, тек өз жұмысыңды атқар деген нұсқау берілді», – дейді ол.

Арман Евниевтің айтуы бойынша бастапқы кезеңде бағдарламада нақты қаржылық мақсаттар мен бюджет жайлы сөз болмаған. Жоба идеологиялық мақсатқа негізделген. Алайда кейіннен бұл бастама бюрократиялық сипат алып, сапалы мазмұннан алшақтай бастаған. Нәтижесінде есептер мен формализм басымдыққа шығып, тиімділік тек жарияланымдар мен атаудың ақпараттық кеңістікте қаншалықты жиі кездесуіне тәуелді бола бастаған.

Бұдан әрі бағдарлама аясында қаржы бөліністері, күмәнді тендерлер мен бір күндік жауапкершіліксіз ЖШС-лардың пайда болуы жиілей бастаған.

Сонымен қатар Евниев бұл бағдарламаның идеясы сол кездегі Президент Әкімшілігінің басшысы Марат Тәжин тарапынан әдейі ойластырылған болуы мүмкін екенін меңзейді. Ол Тәжиннің бағдарламаның архитектурасында маңызды рөл атқарғанына сенімді.

«Мұндай идеяны ойлап тапқан адамдар – стратегиялық деңгейде ойлайтындар. Меніңше, Марат Тәжин осы жобаның негізгі авторларының бірі болды. Бұл бағдарлама Назарбаев билігінің астына салынған баяу әсер ететін "идеологиялық мина" секілді. Бұл – менің жеке пікірім, қателесуім де мүмкін», – деп атап өтті Арман Евниев.

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ҚАРЖЫСЫ ҚАЙДА КЕТТІ?

Бағдарламаның аясында бөлінген бюджет қаражаты уақыт өте келе түрлі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан белсенді игерілді. Бұл тұрғыда ең көп сынға ұшыраған тұлғалардың бірі — бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ол көптеген мәдени жобаларды, соның ішінде «Рухани жаңғыру» аясында іске асқан бастамаларды да бақылауда ұстаған. 2022 жылы экс-министр 221 миллион теңгені жымқырды деген айыппен қамауға алынып, кейін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта ол жазасын өтеп жатыр.

Оның орнына министрлік тізгінін ұстаған Аида Балаева өз пікірінде бағдарламаны «тиімсіз» деп бағалауға келіспейтінін мәлімдеген. Алайда ол да бағдарламаның тиімділігінен гөрі, қаржының мақсатты пайдаланылмауына байланысты жауаптылардың жазаланғанын атап өтті.

Анығын айтқанда, «Ұлттық рухани жаңғыру» атты жаңа ұлттық жоба 2021 жылы бекітілді. Сол уақытта Ақпарат және қоғамдық даму министрі ретінде Аида Балаева қызмет атқарды. Яғни, дәл осы ведомство қаржыны бөлумен, «ғылыми еңбектерге» тапсырыс берумен және жалпы идеологиялық бағытты қамтамасыз етумен айналысты.

Мәселен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Қазақстандық қоғамдық даму институты (КИОР)» аталған жылдары өте қомақты қаржыландыруға ие болды. Бұл мекеме түрлі басылымдар, иллюстрациялар, журналдар мен «сананы жаңғыртуға арналған әдістемелік құралдар» әзірлеу бойынша қомақты қаражат алып отырған.

2019 жылы осы институтқа тек төрт мемлекеттік тапсырыс бойынша 941 миллион теңге бөлінді. Бұл сома сол жылғы бүкіл бюджеттен екі есеге жуық артық болды. Ал келесі жылы, яғни 2020 жылы, институт тағы 480 миллион теңге көлемінде мемлекеттік тапсырыс алды. Бұған қоса, екі жыл ішінде мекеме өз әкімшілік және шаруашылық қажеттіліктері үшін шамамен 140 миллион теңге жұмсаған.

Осының бәрін ескере отырып, бағдарламаның бірнеше жыл бойы жалғасқан кезеңінде ондаған миллиард теңге нақты нәтижесі жоқ, мазмұндық тұрғыдан әлсіз идеяларға жұмсалғаны айқын көрінеді. 2023 жылы бағдарлама ешқандай ресми мәлімдемесіз, тым-тырыс жағдайда жабылды. Ресми себеп — «тиімсіздік».

Осылайша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бастапқыда қоғамды рухани тұрғыдан дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту және қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында қолға алынған ауқымды идеологиялық жоба ретінде ұсынылды. Алайда бағдарламаның жүзеге асырылу барысындағы жүйесіздік, бюрократиялық көзқарас пен қаржылық ашықтықтың болмауы оның тиімділігіне күмән туғызды. Қомақты қаражат жұмсалғанымен, нақты әрі өлшенетін нәтижелердің жоқтығы бағдарламаны сын нысанасына айналдырды. 2023 жылы ресми түрде тоқтатылған бұл жоба мемлекеттік идеологиялық бастамаларды жоспарлау мен жүзеге асыруда ұзақмерзімді стратегия, тиімді бақылау және есептілік тетіктерінің маңыздылығын айқын көрсетті.

Автор: Динара Канжагалинова