1999 жылы Тараз қаласындағы перзентханалардың бірінде дүниеге келген Пол Сардарды анасы туған соң тастап кеткен екен. 11 айлық кезінде оны Тараздағы балалар үйінен америкалық ерлі-зайыптылар асырап алады. Арада көп жыл өтіп, ержеткен жігіт енді туған елін танып, тамырын табу үшін Қазақстанға оралғанды жөн көреді, деп хабарлайды Juzmedia.
“ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨЗ ОТАНЫМ ДЕП САНАЙМЫН...”
Қазақстандағы балалар үйінен алып кеткен соң америкалық ата-ана балаға Пол Сардар Бэбкок деп есім қояды. Перзентханада Сардар деген есімді иеленген жігіт 20 жасқа келгенде биологиялық ата-анасын Қазақстаннан іздеуді бастаған екен. Ал қаңтар айында Пол Сардар Бабкок Алматыға келіп, қазір қазақ тілін үйренуге кіріседі.
25 жастағы Пол Сардар Tengrinews.kz тілшісіне өз оқиғасын баяндай отырып, қазіргі кезде Алматыдағы туристік компанияда тағылымдамадан өтіп жүргенін айтады. Өткен жылдың желтоқсан айында жігіт АҚШ-тағы университетті халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген.
"Мен Қазақстанды өз Отаным деп санаймын. Қазақ тілін де маңызды деп ойлаймын. Бала кезімде өзге елдің азаматтары асырап алғандықтан, Америкада өскендіктен, өз мәдениетімді де, тілімді де білмедім. Қазір қазақ тілін үйрену оңай болмай жатыр, өте қиын тіл. Бірақ көбірек күш салсам үйреніп кетермін. Адам қай елде тұрса да, өз ана тілінде сөйлеуі өте маңызды. Мен қазақша үйренуге тырысып жүрмін, дегенмен уақыт өте келе үйреніп аламын деген ойдамын», - дейді Пол Сардар.
“ҚАЗАҚТАР ОТБАСЫН, АМЕРИКАЛЫҚТАР ЖЕКЕ БАСЫН ОЙЛАП ТҰРАДЫ”
Ол біршама уақыт Қазақстанда тұру туралы шешімін америкалық ата-анасы қолдағанын айтады.
"Мен үшін осында келіп, өзімді тану өте маңызды болды. Америкалық ата-анам керемет жандар, менің үлкен отбасым бар. Мен мұнда келіп, өз бетіммен білім алуым керек болғандықтан, олар мені қолдады. Тіпті қазақ отбасымды табуыма да қолдау көрсетіп отыр", - деді ол.

Пол Сардар қазақтар мен америкалықтардың мінез-құлқы әртүрлі екенін атап өтті.
"Алғашында Қазақстанда адамдар суықжүзді болып көрінетін, жақын араласу қиын болатын шығар деп ойладым. Өйткені америкалықтар әдетте өте көңілді, ақжарқын келеді. Бірақ қазақтар сен туралы жақын білген кезде өз отбасының мүшесі ретінде қабылдайды екен. Бұл шынымен керемет-ақ. Сондай-ақ байқағаным, қазақтар көбінесе отбасыға жақын болады, америкалықтар ондай емес, олар жеке тұлғалық дамуға көп мән береді. Қазақтар бәріне отбасы көзімен қарайды, бұл маған да ұнайды», - дейді Пол Сардар.
ТАЛҒАМЫ МЕН ҚАЛАУЫ ӘРТҮРЛІ ЕКІ ЕЛДІҢ ОРТАҚ ҰЛЫ
Оның айтуынша, Қазақстанда адамдар өз ойын ашық айта береді.
«Мысалы, егер біреу сәл толық болса, қазақстандықтар «саған арықтау керек» деп айта беруі мүмкін, ал Америкада олай айтуға болмайды.
Тағы айта кетерлігі, қазақтар мен америкалықтардың спортқа деген талғамы мен қалауы әртүрлі. Қазақтар ММА, бокс, күрес, футболды жақсы көрса, америкалықтар өз футболы мен баскетболды ұнатады. Қазақстанда жылқы етін жейді, ал Америкада жемейді. Маған Қазақстандағы базарлар ұнайды. Америкада фермерлер базары бар, бірақ оларға көп адам бара бермейді. Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлайды, ал Америкада ондай мереке жоқ», - дейді ол.
«ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНА ҮЙЛЕНГІМ КЕЛЕДІ»
Пол Сардар болашақта отбасын құрып, қазақ қызына үйленгісі келетінін жеткізді.
"Балаларымның қазақша сөйлеп, жергілікті мәдениетті түсінуі мен үшін маңызды. Бұл ойымды дәл қазір жүзеге асыра алмаймын, себебі өзім америкалық болып өстім, бәрін жақсы түсіне бербеймін. Сондықтан егер қазақ қызына үйленсем, балаларым қазақи таным-түсінікпен өсер еді.
Мен мұнда тіл мен мәдениетті сіңіруге жететіндей біраз уақыт тұрғым келеді. Болашақта АҚШ пен Қазақстан арасында саяхаттауға мүмкіндік беретін жұмыс тапсам деймін», - дейді ол.

«НЕГЕ МЕНІ ПЕРЗЕНТХАНАДА ТАСТАП КЕТТІ ЕКЕН?..»
Пол Сардар биологиялық ата-анасын Қазақстанда 5 жылдан бері іздеп жүр екен. Дегенмен іздеу әлі нәтиже берер емес.
"Оларды әлі іздеп жүрмін. Кейбір адамдар көмектесуге тырысады-ақ. Бірақ әзірге құжаттарымды алуға рұқсат ала алмай жүрмін. Белгілі бір себептермен бұл мүмкін емес екен. Соған қатты қынжылдым. 2023 жылы осында үш аптаға келген едім. Сонда Таразға, балалар үйіне бардым. Жергілікті журналистер биологиялық анамды іздеуге көмектескенімен, ол әлі табылмады. Тіпті тапқанның өзінде оның менімен кездескісі келе ме, жоқ па деп күмәнданамын. Оның неге мені перзентханада тастап кеткенін білмеймін. Осының бәрі жауабы табылмаған күрделі сұрақтар, бірақ бәрінің жауабын табу да қызық болар еді. Мен өз әке-шешемді табудан әлі де үміттімін», - дейді жігіт.