homepage
Коллаж: Juzmedia.kz

"Нұрлы Жер": Тұрғын үй тапшылығын шешті ме, әлде "қалтаға" кетті ме?

24.02.2025, 04:55

2017 жылы Қазақстанда «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы іске қосыла қалғанда, бағдарламаны тұрғын үй тапшылығын шешудің ауқымды жобасы ретінде таныстырды. Мемлекет жеңілдетілген несиелендіру, құрылыс көлемін арттыру, тұрғын үй бағаларын арзандату және мыңдаған қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуды уәде етті. Десе де, арада жеті жыл өткеннен кейінгі жағдай басқа нәтижені көрсетіп отыр: тұрғын үй тапшылығы азаймаған, баға өсе түскен, ал бағдарламаның өзі сыбайлас жемқорлық даулары мен бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау тұрғысынан жиі айтылатын болды. Juzmedia.kz тілшісі аталған ауқымды жобаның қаншалықты тиімді іске асырылғанынын талдады.

КҮМӘНДІ БЮДЖЕТ: «НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАНША АҚША ЖҰМСАЛДЫ?

Ресми дерек бойынша, бағдарламаны іске асыруға 5,3 трлн теңге бөлінген. Оның 1,9 трлн теңгесі «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несиелендіруге жұмсалған. 184,3 млрд теңге жалға берілетін тұрғын үй құрылысына бағытталған. Дегенмен, Есеп комитеті бұл қаражатты игеру кезінде бірнеше рет айтарлықтай заңбұзушылықтарды анықтады.

2021 жылы мемлекеттік аудиторлар әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй құрылысында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бағдарламаларды жүзеге асыруда бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілерін анықтады. Жалпы сомасы миллиардтаған теңгеге жуықтады.

2017 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 30 маусымына дейінгі кезеңде «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында тексерілген қаражат көлемі 714 млрд 563,2 млн теңге болды. Оның ішінде, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау 92 млрд 404,9 млн теңге немесе 13%-ды құрағаны Есеп комитеті тарапынан есептелді.

«НҰРЛЫ ЖЕРДЕН» ПАЙДА ТАПҚАНДАР КІМДЕР?

Сол жылы БАҚ Ұлттық экономика министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 21 миллиард теңге көлеміндегі бюджеттік өтінімін бюджет сомасын растамай мақұлдағанын хабарлады.

Бағдарламаның негізгі бастамашысы әрі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған Бейбіт Атамқұлов осы кезеңде «Нұрлы Жер» жобасын белсенді қаржыландыруды жүзеге асырды. Алайда осы қаражаттың бөлінуінің ашықтығы туралы сұрақтар әлі күнге дейін жауапсыз қалып отыр.

Ал Атамқұловтың аты «Paradise Papers» даулы офшорлық ісінде де кездеседі. Бұл досьеде Қазақстанның элитасынан шыққан көптеген тұлғалардың аты аталған, оның ішінде Назарбаевтар отбасы мен олардың айналасындағы адамдар бар. Бұл дерекке сәйкес, шенеунік ағасымен бірге Мальтадағы шарап зауытының иесі. Атамқұловтың өзі бұл ақпаратқа қатысты ашық пікір білдірген жоқ.

Сонымен қатар журналистердің зерттеуінше «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі бенефициарлары мемлекеттік тапсырыстарды бәсекесіз алған ірі құрылыс компаниялары болған. Осындай компаниялардың қатарында жылдар бойы мемлекеттік тендерлерді ұтып алған BI Group, Bazis-A, Highvill компаниялары болды. Бұл компаниялардың қожайындары Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің қатарында әрі мемлекеттік шенеуніктермен тығыз байланыста.

Мемлекеттік аудит компаниясы «Байтерек девелопмент» АҚ-ның да тиімсіз жоспарлау деректерін анықтады. Бұл компания Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында 19 жобаның құрылысын қаржыландырған, оның жалпы құны 19 млрд теңгеден асады. Бір айта кетерлігі, сатып алу кезінде жобалық-сметалық құжаттамалар дайын болмаған не түзету кезеңінде болған.

ҚОЛЖЕТІМДІ ТҰРҒЫН ҮЙ ЕРТЕГІ ЕМЕС ПЕ?

Қазақстандықтардың басым көпшілігі уәде етілген «Нұрлы жер» бағдарламасын толыққанды пайдалана алмады. Бағдарлама шартты түрде 5%-бен несие ұсынғанымен, іс жүзінде оған тек белгілі бір санаттағы азаматтар ғана қол жеткізе алады. Онда да олардың өзі ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр. Қалғандары үшін коммерциялық ипотека өзгеріссіз қалады, мұнда пайыздық мөлшерлемелердің жылдық өсімі 18-20%-ға дейін жетеді.

Жылжымайтын мүлік саласының сарапшылары жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары нарыққа көмектеспейтінін, керісінше құлдырататынын айтады. Бұл бағаның бақылаусыз өсуіне алып келеді, ал халық үшін баспана сатып алу күннен күнге қиындай бермек.  

«Міне, осы тұрақты қаражат құйылымдары бағаны құбылтып, өсірі береді. Ипотека берілгенде, оған қоса тұрғындар өздері үй іздегенде, бұл жағдай нарықты тұрақсыз етеді! Мемлекет ақша бөліп, үйді өзі салып, кезекте тұрғандарға пәтерді өзі берсе, ақша нарыққа түспейді. Жалпы, ешкім мүдделі болмас еді. Жаңа үйлер де, екінші нарықтағы үйлер де оған әсер етпейді», - дейді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пак.

Тағы бір сарапшы, экономист және «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының директор орынбасары Дмитрий Ким мұндай көзқараспен келіспейді және бұл кей аймақтарда оқшаулану мен қылмыстың өсуіне әкелетінін, сонымен қатар тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламаларды толық жою идеясының дұрыс емес екенін айтады.

«Бізде халықтың тек 5%-ы ғана үйді қолма-қол ақшаға сатып алуға мүмкіндігі бар. Ал қалған 95%-ы ипотекаға мұқтаж. Егер тек нарықтық шарттарға сүйеніп, 18-20%, кейде тіпті 30% жылдық мөлшерлемемен ипотекалық несие алатын болсақ – бұл ақылға қонымсыз, өйткені артық төлем 3-4 есе көбейеді. Мемлекет пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға мәжбүр, әйтпесе миллиондаған адам баспанасыз қалады», – дейді сарапшы.

Сарапшылардың пікірі бойынша, тұрғын үй сатып алуға мемлекет тарапынан көрсетілетін «көмектің» көптеген теріс тұсы бар. Мәселен, құрылыс салушыларға берілетін субсидиялар мен ғимараттарды пайдалануға беру мерзімінің шектелуіне байланысты тұрғын үй сапасы күрт нашарлап барады.

Осы себепті «Нұрлы Жер» бағдарламасы іске асырылған уақыттан бері әлеуметтік толқу тек күшейе түсті. Инженерлік желілерсіз берілген пәтерлер, қисайған төбелер, жарылған жылыту радиаторлары, апатты жағдайдағы үйлер – бұл мемлекеттен үйлі болған мыңдаған қазақстандықтардың жанайқайына айналған мәселелердің бір парасы ғана. Ал дұрысында, үйлерді пайдалануға бермес бұрын, ең алдымен, қарапайым негізгі мәселелер шешілуі тиіс еді.

ЖАУАПСЫЗ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ЖАЗАҒА ТАРТЫЛА МА?

«Нұрлы Жер» бағдарламасын жүзеге асырудың екі жылдық аралық кезеңінде сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша сотқа 59 іс жолданды, 43 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, негізгі заңбұзушылықтар мемлекеттік қызметкерлердің парақорлығымен байланысты болған.

Айқын дүние – «Нұрлы Жер» бағдарламасы бүгінгі қарқынмен өз міндетін толық орындай алмай отыр. Бағдарлама тұрғын үйді қолжетімді етпеді, керісінше, жемқорлықтың күшеюіне мүмкіндік туғызды. Сарапшылардың пікірінше, жағдайды түзету үшін мемлекет қаржы бөлу механизмін қайта қарастырып, делдалдарды жоюы, құрылыс сапасына бақылауды күшейтуі және ипотекалық субсидиялардан бас тартып, әлеуметтік тұрғын үйдің тікелей құрылысын қолға алуы қажет.

Ал әзірге «Нұрлы Жер» бағдарламасының нақты бенефициарлары – құрылыс компаниялары, шенеуніктер және банктер ғана болып отыр. Ал қарапайым тұрғындар үй алуды армандағанымен, тұрғын үй бағасы жыл сайын шарықтап барады.