homepage
Колллаж: JuzMedia

Қазақ даласында даңқы шыққан байлар кімдер?

06.02.2025, 09:25

Қазақ байы деген ұғымның мағынасы біз ойлағаннан да әлдеқайда терең. Ол халқына байлығы, дәулетімен ғана емес, ақыл-парасаты, жомарттығымен сыйлы болды. Қол астындағы жұрттың әл-ауқаты мен хал-жағдайының жақсы болуын бақылауда ұстаған. Ел қорғайтын әскерінің барлық шығынын көтерген. Тіпті оқыған азаматтарға дем беріп, газет-кітап шығаруына қолдау білдіргендер де бар. JuzMedia солай игі ісімен аты қалған, ел ішіне жаңалық әкелген бай-көпестердің тарихын шолып шықты.

Ескерту. Бұл тұлғалар туралы тарихта деректер толық емес, тек тарихшылардың еңбегі, зерттеулеріне сүйене отырып, олардың істері жайлы баяндап шығуға тырыстық

МЕКТЕП САЛҒАН МАМАНОВТАР ӘУЛЕТІ

Тарихта аты қалған атақты бай әрі болыс Маман 19 ғасырда өмір сүрген. Кей дерекке сенсек, оның арғы аталары қазақ-жоңғар соғысы кезінде қолына найза алған батыр болған деседі. Ал бергі атасы Бөрібайұлы Қыдыралы заманында ел басқарып, сөз ұстаған, парасаттылығымен танылған би атанған. Қыдыралының Дөсет деген батыр ұлынан Қалқабай, ал Қалқабайдан Маман тарайды.

Маман Қалқабайұлы өз заманының асқан байы және Қапал-Арасан аймағына қарайтын тоғыз болыстың төбе биі әрі дуанбасы болған. Өз дәулетімен 1868 жылы Жетісу өңірінен тұңғыш рет қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеген адам. Қажылықтан келгеннен кейін ел-жұрты оны құрметтеп «Байқажы» деп атаған.

1820-1901 жылдар аралығында өмір сүрген Қалқабайдың Маманы 1868 жылы Жетісудың Қапал уезінен тұңғыш қажылыққа барған адам. Сол жылы Ибраһим көпес екеуі Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтеп келген. Байқажының төрт әйелі болды. Бірінші әйелі Нәлі бәйбішеден Ырысбек, Тұрысбек, Бейісбек, Сейітбаттал туған. Екінші әйелі Әйімжаннан Оңғарбек, Омар, үшінші әйелі Лайықтан Құттыбек, Құрманбек, төртінші әйелі Жаңғақтан Есенқұл туған.

Олардың ішінде бай болғандары – Тұрысбек пен Сейітбаттал, екеуі де қажы. Тағы бір ұлы, Маманның кіші әйелінен туған Есенқұл қара шаңырақ иесі әрі Маман балаларының ішіндегі ең байы болған. Маман қажы ұрпақтарының негізгі кәсібі сауда-саттық еді. Сол сауда мен жәрмеңкеден түскен қаражатты жоқ-жітіктерге, жетімдерге, кембағалдарға және оқудағы қазақ жастарының пайдасына жұмсап отырған. 

«Мамания» мектебін ашқан Тұрысбек бай. Тұрысбек – Маманның бірінші әйелі Нәліден туды. Қазақ ішінде оқыған, данышпан кісі атанып, қолындағы дәлулетін ел жолына жұмсаған аз адамның бірі.  Әкесі Маман бай қажылықтан келген соң баласына жаңа мекен ашуды өсиет етеді.  Айта кету керек, әкесі тәрізді қажылыққа барып Тұрысбек қажы атанады.

 1878 жылы Тұрысбек Ақсу бекетінің оңтүстік жағындағы Сүттіген деген жерге қоныс аударып, кішкене қалашық салуға кіріскен. Бес-алты бөлмелі, төбесі көк қаңылтырмен жабылған ағаш үйлер салып, әр үйдің төңірегіне түрлі жеміс ағашын отырғызады. Аз ғана уақыт ішінде бұл жер кішігірім қалашыққа айналып, «Қарағаш» қаласы деп аталады. 

Сол Қарағашта Тұрысбек қажының бастамасымен 1899 жылы үш кластық мектеп үйі ашылады. Алғашында оқу бағдарламасы ескіше оқыту жүйесінде болып, кейіннен сол кездегі заман ағымына бейімделіп, жәдит (төте жазу) жүйесіне көшірілген. Жәңгір ханның арнайы стипендиясымен Каирдағы Мысыр университетінің заң факультетіне оқуға түскен бөкейлік Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1909 жылы университетті үздік бітіріп, Жетісу даласында тұңғыш ашылған мектепке келіп, ұстаздық еткен.

1913-1914 жылдары «Мамания» мектебінде 17 мұғалім, 200 шәкірт болған екен. Мамания мектебінің алғашқы түлектері: Біләл Сүлейұлы, Әбубәкір Жайшыбекұлы, Маманұлы Ыбырайым, Ілияс Жансүгір, Бағрамұлы Әйсейіт, Ермектасұлы Мейірман, Кедесұлы Бейсенбай сияқты тағы басқа тұлғалар болған. Бір таңғаларлық жайт – «Мамания» мектебін бітірген шәкірттер басқа қалалардағы оқу орындарына еркін түсе алған. Маман ұрпақтарының ашқан мектебі жайында Алаш оқығаны Жақып Ақбайұлы «жетісулық бір студентке Маманов-Тұрысбековтер жыл сайын 20 сом стипендия төлеп отыруға міндеттенген» дейді.

АЛАШОРДАШЫЛАРДЫҢ ТІРЕГІ БОЛҒАН БАЙЛАР

Есенқұл – Маман байдың кенже ұлы, 1880-1932 жылдары өмір сүрген қазақтың аса ауқатты байы. Оның анасы Жаңғақ - Маманның төртінші әйелі, Жетісудағы атақты Жәлменде бидің қызы.

Есенқұл да әкесі Маманның, ағасы Тұрысбектің ізімен Мекке-Мәдинаға барып, қажы атанады. Есенқұл Маманның жасы ұлғайған кезінде туған кенже ұлы болғандықтан батыл әрі ерке болып өседі. Дегенмен білім алып, сауат ашып, оқыған азаматтардың бірі атанады. Сол кездегі ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында болған саяси-әлеуметтік қозғалыстарды жақсы түсінеді. Алашорда қозғалысының басындағы Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы тәрізді зиялы қауымға үлкен қолдау білдірген.

Есенқұлдың тарихта атын шығарған қайырлы ісі – 1914 жылы қазақ жазушыларына арнап, тұңғыш рет роман бәйгесін жариялауы. «1913 жылдың декабрь жұлдызында, бір жұманың ішінде бірі 5 жасар, бірі 2 жасар Әнуарбек пен Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты.  Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Соның үшін осы жылғы ноябрь басына дейін таза қазақ тілінде және таза қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 2000 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір комиссияның сынына беремін. Бәйге сол комиссия жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі» деген сөзі 1914 жылы ақпанда «Қазақ газетінде» жарияланған.

Тұңғыш роман байқауынан жеңіске жетіп, әдеби жүлдеге Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы ие болған. Жүлде қоры негізінен 2000 сом болған. Кейбір деректе 200 сом деп қате көрсетілген. Ақиқаты – 2000 сом ақша. Ол қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 миллион теңгенің шамасында екен. 

1928 жылдың тамызында большевиктер Есенқұлды тұтқынға алып, 8 ай тергейді. Байлығынан басқа ешбір қылмысы болмағандықтан, оны 3 жылға Орынборға жер аудартады. Есенқұл 1932 жылы Орынборда айдауда жүріп қайтыс болған. 

Маман әулетінің қудаланған тағы бір ұрпағы – Құдайберген Тұрысбеков. Ол Тұрысбек қажының баласы, әкесі іргесін қалаған Ақсу ауданындағы «Қарағаш» мекенінде туған. Әкесі мен атасының ізін жалғап, дәулетін тек жеке басының қамы үшін емес халық игілігі үшін де жұмсаған адам. Тарихшылар «Мамания» мектебін салып, оны дамытуда, ел басқаруда Құдайбергеннің еңбегі өлшеусіз дейді. Асқан шежіресі, өз заманында еуропалықтарша жүріп тұрған адам. Қазақ шежіресін жазушы Мұхамеджан Тынышпаевпен дос болған. Ақ пен қызылдың соғысы кезінде Қытайға өтіп, 1920-шы жылдары қайта оралған. Голощекиннің «Кіші революциясы» басталған кезде, қудаланып 1932 жылы Қытай жеріне қайта өткен.

 Бірақ 1920-30 жылдар қазақ еліне, оның ішінде зиялы қауымға үлкен қауіп төндірді. Дәл осы кезеңде Маман қажы әулетінің шаңырағы шайқалып, ұрпағы босып кетті. Оған басты себеп - Маман ұрпақтарының «Алашорда» басшыларымен байланыста болып, оларға жәрдемдескені. Оларға тағылған айып — газет беттерінде олардың көрсеткен көмектері жайындағы мақалалар екен. Соның кесірінен Маман байдың біраз ұрпағы қуғындалып, айдауға кетеді. Тірі қалғандары ел арасында жасырынып, аман қалуға тырысады.

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ТЕЛЕФОН ӘКЕЛГЕН БАЙ

Қазақ даласында өмір сүрген байлардың бәрі тек үйір-үйір жылқы бағып, малдың соңынан жүрген жоқ. Өндіріске, өнеркәсіпке араласып, халыққа тың жаңалықтарды әкелген буржуазия өкілдері де болды.

Соның бірі – Семейдегі бай Қаражан Үкібаев. Қаражан қаладағы мал соятын екі қасапхананың иесі болған. Ол жерде ірі қара мен қойды есептегенде жылына 1,2 млн бас мал сойылады екен. Қасапханаларда шамамен 500 адам жұмыс істеген. Сол қазақтар Қаражанның жомарттығы жайлы ерекше мақтанышпен айтады екен. Қасапхана иесі жұмысшыларына жақсы жалақы тағайындап әрі сойылған малды бас сирағын, өкпе-бауыр, ішек-қарнын тегін беріп отырған.

Қаражан Үкібаевтың үйі Ертістің сол жағалауында орналасқан, қызыл қарағай бөренелерінен салынған. Өрт болған кезде сыртқы қабығы жанып, іші аман қалады екен. Үйінің астынан үлкен жертөле салып, көпес қымбат заттарын сақтаған. Байдың сол үйінде телефон тұрған. Оны көпес «аузымен тыңдама, құлағымен сөйлеме» деп атайды екен. Телефон қазақ көпесінің үйіне қалай келді?

1906 жылы Қаражан бай өз қаржысына Семейдегі тұңғыш 100 нөмірлік телефон станциясын сатып алып, орнатқан. Тарихшылар Үкібаев оны сол кездегі АҚШ-тың дарынды инженері, тұңғыш рет телефонды ойлап тапқан Александр Бэллден тапсырыспен алдырған дейді. Көпестің үйіндегі телефон барлығын таңғалдырғаны сөзсіз, тіпті бастапқыда оның тұтқасын шатастырып жүрген.

Қаражан Үкібаев қазақ даласына тек телефон әкелген жоқ. Ол Зайсан уезін, қант қызылшасы зауыты және гидроэлектростанциямен сым тартуды өз міндетіне алады. Соған орай Алтай тауына телефон бағаналарын әзірлейтін екі бригада аттандырады. Олардың дайындаған діңгектері бір ғасырға жуық өтсе де әртүрлі сайлар ішінде жиналған күйінде бертінге дейін жатты.

Қаражан атын тарихта қалдырған – ол салған көпір. Алтай тауларының баурайындағы терең шатқалдың бір жағынан екінші жағына шығу үшін көпшілік көпірді пайдаланатын. Бірақ ондаған жылдар бой күтімге алынбаған, майланбай, тат басып, тозып кеткен екен. Көпес соның орнына 200 метр биіктікте темір тросс арқанмен байланыстырған аспалы көпір салдыртты. Адамдар арбамен емін-еркін өте алатындай құрылғы болады. Бір ғасыр мерзім өтсе де сол көпірдің жұрнағы әлі бар. Оны жұртшылық «Қаражан байдың көпірі» деп атайды.

Тарихшылар Қаражан бай өз заманында мемлекет деңгейде жасалынуы керек шаруаларды атқарған дейді.

АЛҒАШ РЕТ АВТОМОБИЛЬ МІНГЕН БАЙ

Құрманғали Қосшығұлов – 1876 жылы дүниеге келген, Қараөткелдің даңқын алысқа шығарған атақты көпес Баймұқамбет Қосшығұловтың үлкен ұлы. Бала кезінен әкесі оны медреседе оқытқан, кейіннен екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне барған. Кейін зерттеушілер Құрманғалидың Санкт-Петербургтегі учетно-кооперативный институтта оқып, сауда экономикасы мамандығы бойынша аяқтаған деп жазады. Яғни, осы жағынан Құрманғали Қосшығұловты қазақтың алғашқы жоғары білімді экономист маманы деуге болады.

Оқуын бітіріп, елге оралған соң Құрманғали әкесінің жолын жалғастырып, сауда-саттық ісіне кірісті. Бірақ ол жолмен көп жүрмей, Қосшығұловтар әулетінің ортақ капиталын пайдаланып, кәмпит-тоқаш фабрикасын салуға кірісіп кетті.

Қараөткелдің ортасындағы екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған фабрика күллі қазақ азаматтарының мақтанышына айналды. Сол кәсіпорында қазақ балаларын кәсіпке тәрбиелеп, еңбекке баулып, кедей азаматтары күн көріс таба алатын. Бірақ Құрманғали фабрикамен де шектелмеді, сол кезеңде қазақ жеріне жаңа еніп жатқан шетелдік «Зингер», «Саламандра», «Якорь» сияқты ірі компаниялармен одақтасты, олардың өндірістеріне капитал салды.

Тарихшы ғалым Жамбыл Омарұлының жазуынша, Қараөткелдегі алғашқы автомобиль сөз болғанда көбінесе В.М.Кубрин аты аталады.  Ал зерттеуші Ерлан Күзекбаев өз мақаласында «Сол В.М.Кубриннің автомобилін Құрманғали Қосшығұлов әкеліп берді» деген мәлімет бар. Автомобиль мәселесі оңай болмайтын, алғашқы бетте тек сату ғана емес, сонымен бірге автомобиль жүргізуді үйрету де, оны жөндеу жұмыстары да Құрманғалидың мойнында болды. Ол соның бәрін сәтті жүзеге асырып, Қараөткелге Санкт-Петербург пен Мәскеуден автомобильді жеткізіп береді.

Құрманғали Қосшығұлов автомобиль сатумен шектелген жоқ, ол 1913 жылы қазақ жерінде тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салу ісіне кірісті. Тіпті оның шақыруымен Германиядан бір топ инженер мен құрылысшылар келіп, болашақ зауыттың құрылысына қатысты мәселелер талқыға түсті. Өкініштісі, бұл жобаның соңы ұзаққа бармайды, Қосшығұловтар қудаланады. Тарихшы Жамбыл Артықбаев мақаласында, «Құрманғалиды білетін адамдар оның кейін қартайған уақытта да, Совет үкіметінен жасырынып қашып-пысып жүрсе де техника көрсе көзі жайнап кететінін, оның қолына түскен техниканың жаңарып қалатынын, өнертапқыш болғанын айтады».

ХАЛҚЫНА МЕШІТ-МЕДРЕСЕ САЛҒАН ТАНА БАЙ

Тана Тілемісұлы 1803 жылы Барқытбел (Тарбағатай) биігіндегі мұздықтардан бастау алатын әйгілі Қарғыба өзені жағасында дүниеге келген.  Ол аса қатты бай болмаған. Бірақ замандастары оның мал шашып атақ шығарсам деген ойдан да аулақ, парасаты биік, барды ұқсата білген адам болғанын айтады.

Тана байдың ел есінде кеңінен қалғаны оның сол заманда мешіт, медресе құрылысына қатты мән беруі. Сондай-ақ отарлаушы елдің шоқындыру саясатына қарсы болып, елдің ислами рухын көтеруге атсалысуы да тарихта қалды. Зерттеуші Айбек Тлеуханның «Тана мырза» кітабында оның мешіт, медресе салу мақсатына беріліп, оның құрлысымен жете танысу үшін Семейге аттанғанын жазады.

Тана мырза Семейге барып, өзінің қалауын орындау үшін Құнанбаймен де кездескен дейді. Сол замандағы басқа да көпес-байлармен кездесіп, мешіт салуға келісімшарт жасасып, құрылысшыларын анықтап, қаражат көлемін белгілеп алады. Семейден Матай еліне бу кемелер арқылы бөренелер мен тақтайлар жеткізеді. Солай алғашқы мешіттің іргетасын қалайды.

Одан кейін Тана мырзаны ойландырған келесі келелі іс - оқу-ағарту ісі. Медресе діни сабақтармен бірге ғылымдардан да хабардар етіп, білім беруі тиіс. Тіпті ұлықтың алдына дейін барып, осы ниетін жеткізеді.

«Егер мешіт салынбаса, медресе ашылмаса, айдауға көніп отырған қара халық үкімет саясатын ұқпайды. Сауатсыз елді билеу оңай емес. Олардың бетті әрі бұрып, Қытай жеріне өтіп кетуі әбден ықтимал. Ал қазақ, оның ішінде шығыс өңірі бір қозғалса, үркінді елді ауыздықтау оңай емес. Ол тағы бір азаттық көтерілісіне ұласуы мүмкін», - дейді ол Көкпекті дуанының басшыларына. 

Осыдан кейін бірден мектеп ашу жұмысын қолға алып әр ауылда үй тігіп, бала оқытатын жағдай туғыза бастайды. 10 жыл ішінде өзі ойлағандай, бес мешіт, 10 медресе, әр ауылда бір мектеп ашады.

1846 жылғы санақ бойынша ол басқаратын болыстықта 14 ауыл, 1744 үй, 5827 адам болған. Мал саны мынадай: 20 295 жылқы, 2729 сиыр, 112 019 қой-ешкі.   

Зерттеуші Айбек Тілеухан «Тана Мырза» кітабында Тана мырзаның сол кезде халқына жасаған істері мен сол жолда оған деген жасалған кедергілерге қарамастан жеңе білуін көркемдік, танымдық, тарихи тұрғыдан жақсы жеткізе білген. Бар байлықты ас та төк төгуге емес, елінің болашағына жұмсаған Тана мырза бүгінгі ұрпақ үшінде үлгі тұтар тұлға деп саналады.  

Дереккөз: Abai.kz, E-history.kz

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.