homepage
фото: Juzmedia.kz

Мықты реаниматологтар тіс клиникаларында наркоз беріп отыр - Елжан Біртанов

20.06.2026, 09:30

Қазақстанда жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде - Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Осы күннің қарсаңында Медицина ғылымдарының докторы, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртановпен сұхбаттастық. Әңгіме денсаулық сақтау жүйесінің бүгінгі жай-күйі, МӘМС реформасының тағдыры, дәрігер мәртебесі төңірегінде өрбіді. Сұхбаттың толық нұсқасын Juzmedia-ның You-tube арнасынын көре аласыздар. 

Елжан Амантайұлы, министрліктен кеткеніңізге бірнеше жыл болды. Уақыт пен қашықтық көп мәселеге басқаша қарауға мүмкіндік береді. Саладағы ендігі  өзгерістер туралы не айтасыз? 

– Мен министрліктен кеткелі алты жыл болыпты. Осы уақыт аралығында денсаулық сақтау саласында бірқатар өзгеріс болды. Ең күрделісі әлі де сол саланы қаржыландыру мәселесі болып отыр. МӘМС жүйесін одан әрі дамытуға қатысты көп талқылау жүрді, заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға Денсаулық сақтау министрлігі мен сарапшылар қауымдастығы белсенді қатысып, тиісті шешімдер парламент арқылы қабылданды. Мұны жүйені жетілдіруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі деп бағалауға болады. Соңғы жылдардағы тағы бір маңызды жаңалық - денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық құжаттарының қабылдануы. Бұл алдағы реформалардың жүйелі түрде жалғасуына негіз болады деп ойлаймын. Ұлттық жоба аясында ауылдық жерлерде көп медициналық нысан салынды, ауруханалар жөндеуден өтті, салаға жеке инвестициялар тартылып жатыр. Өзгерістер аз емес. Дегенмен, қиындықтар да жеткілікті. Бәрі мінсіз деп айтуға болмайды. Халық оны көріп те, сезіп те отыр.

Жалпы дұрыс бағытта дамып жатыр деп айта аласыз ба?

– Жалпы алғанда, иә, дұрыс бағытта келе жатырмыз деп айтуға болады. Қазір нақты мақсаттар мен стратегиялық жоспарлар бар. Себебі, денсаулық сақтау саласы бірнеше жыл бойы жүйелі даму жоспарынан тыс қалды. Ашық айту керек, 2020 жылдан кейін үш-төрт жыл ішінде саланың ұзақмерзімді даму стратегиясы болмады. Соның салдарынан бірқатар реформалар баяулады, кей бағыттарда жұмыстар тоқтап қалды. МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіру процесі де қарқын жоғалтты. Нәтижесінде біз кем дегенде екі-үш жыл уақыт жоғалтып алдық. Қазір сол кезеңде қордаланған мәселелердің салдарын көріп отырмыз және оларды шешуге тырысып жатырмыз.

Қазақстанда медицина бизнеске айналып бара жатыр деген қауіп жоқ па?

– Бұл өте күрделі мәселе. Біз нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатқан елміз. Ал, медицина әлеуметтік сала болғанымен, экономиканың бір бөлігі. Медициналық жабдық өндіру керек, дәрі-дәрмек сатып алу немесе импорттау қажет, ауруханалар салу, мамандарды жұмысқа тарту керек. Мұның бәрі қаржыны талап етеді. Мысалы, Ұлыбританияда медицинаны негізінен мемлекет қаржыландырады. Бірақ, Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайы мұндай модельді толық көлемде енгізуге мүмкіндік бермейді. Мұны ашық мойындауымыз керек. Ресми статистикаға сәйкес, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын барлық шығынның шамамен 60 пайызы мемлекеттен, ал 40 пайызы азаматтардың өз қаражатынан келеді. Бұл дәрі-дәрмек сатып алу, ақылы медициналық қызметтерді пайдалану, жеке клиникаларға жүгіну сияқты шығындар. Шындық мынада: МӘМС те, мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің көлемі де барлық қажеттілікті толық өтей алмай отыр. Сондықтан медициналық қызметтің өзіндік құны болады. Оның ішінде ең маңыздысы – медицина қызметкерлерінің еңбекақысы. Бүгінде сала мамандары  жеке секторға ауысып жатыр. Себебі тәжірибелі маман лайықты жалақы алғысы келеді. Жеке клиникалар ондай мүмкіндік ұсынады, ал пациенттер де өз таңдауы бойынша сол жерге барады. Бұл – нарықтық экономиканың қалыпты көрінісі. Сондықтан менің ойымша, жеке сектордың әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Салаға жеке инвестиция тарту керек. Себебі бизнестің қаржысы, басқару тәжірибесі мен ресурстары бар. Сол мүмкіндіктердің барлығын денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағыттауымыз керек.

МӘМС жүйесі енгізілген тұста оның негізгі идеологтарының бірі өзіңіз болдыңыз. Бірақ, осы жүйенің айналасында әлі күнге дейін дау көп. Халық енді тапқан табысының 5 пайызын беріп отыр. Дегенмен де жақсы дәрігерге көріндім, сапалы қызмет алдым деп қуанып жүргендер аз. Қай жерде қателік кетті?

– Менің ойымша, жүйенің идеологиясында қателік болған жоқ. Кез келген реформаның үш кезеңі болады: дайындау, енгізу және одан әрі дамыту. Біз МӘМС жүйесін ұзақ уақыт дайындадық, енгізуге бірнеше жыл жұмсадық. Бірақ одан кейін жүйені тұрақты түрде жетілдіру қажет еді. Кез келген сақтандыру жүйесінде жаңа төлем тетіктері, тарифтер, бақылау құралдары үнемі жаңартылып отыруы керек. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстар жеткілікті деңгейде жүргізілмеді. Ал осы аралықта әлемдік денсаулық сақтау жүйесінде үлкен өзгерістер болды. Пандемия өтті, геосаяси жағдай күрделенді, логистикалық тізбектер бұзылды. Соның салдарынан дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтардың бағасы қымбаттады. Бұл мәселелер тек Қазақстанға ғана тән емес. Мысалы, әлеуметтік медициналық сақтандырудың отаны саналатын Германияның өзі бүгінде осыған ұқсас қиындықтарға тап болып отыр. Жүйеге түсетін қаржы көлемі әлдеқайда жоғары болғанымен, дәрігер қабылдауын ұзақ күту, медициналық шығындардың өсуі сияқты мәселелермен олар да бетпе-бет келіп отыр. 

Әрине, біздің жүйенің дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі – жемқорлық. Бірақ жемқорлық МӘМС-ке дейін де болды, кейін де кездесуі мүмкін. Сондықтан мәселе тек қаржыландыруда емес, бақылау механизмдерінде.

Менің ойымша, мұның шешімі – толыққанды цифрландыру. Біз МӘМС жүйесін енгізу кезінде барлық медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құруды жоспарлағанбыз. Оның көмегімен мемлекет әр азаматқа қандай қызмет көрсетілгенін, қандай дәрі-дәрмек берілгенін, қандай қаржы жұмсалғанын нақты уақыт режимінде бақылап отыра алар еді.

Бірақ, бәріңізге белгілі 2020 жылы оны тоқтатты. Сот басталды. Өзімізге соны қылмыс деп іліп қойды. Сол кезде-ақ бұл шешімнің салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтқанмын. «Мына платформаны қазір енгізбесек, үш-төрт жылдан кейін бүкіл біздің әлеуметтік сақтандыру жүйесі дефолт болады», деп ескерттім. Өткен жылдың аяғында тура солай болды да. Бүгінде жиналған қаражаттың медициналық қызметтердің барлық шығынын жабуға жеткіліксіз болып отырғанын көріп отырмыз. 250–300 миллиардқа жуық ақша жетпей жатыр.  

Сол кезде қосқанда, миллиардтар талан-таражға түспес еді. «Жоқ, бұл жүйе дұрыс емес, жаңасын жасаймыз» деді. Арада алты жыл өтті. Қайда ол платформа? Ешқандай шешім жоқ. Соның салдарынан бақылау әлсіз. Қазірдің өзінде бәрін қағазбен емес, электронды түрде бақылауға болады ғой. Сондықтан жүйені одан әрі дамыту үшін ең алдымен толық цифрландыру қажет деп санаймын. 

Сізге қатысты қозғалған қылмыстық істен кейін мемлекеттік қызметкерлер бастама көтеруден қорқатын болды деген пікір бар. Тіпті қоғамда «Біртанов синдромы» деген тіркес те пайда болды. Бұған қалай қарайсыз? 

– Иә, интернеттен сондай мақалаларды көрдім. Бірақ бұл мәселеге бағаны мемлекеттік қызметкерлердің өзі бергені дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, мемлекеттік қызметтің мәні – шешім қабылдауда. Ол министр болсын, қатардағы маман болсын, күн сайын түрлі таңдау жасауға мәжбүр. Кез келген мәселенің бірнеше шешім нұсқасы болады. Бір жағдайда белгілі бір өнімді бір елден сатып алуға болады, екінші жағдайда басқа елден алуға болады. Бір бағдарламаны бес жылға жоспарлауға болады, екіншісін алты жылға. Мұның бәрі басқарушылық және саяси шешімге байланысты. 

Сондықтан мемлекеттік қызметкердің міндеті - жауапкершіліктен қашу емес, шешім қабылдау және белгілі бір тәуекелге бару. Өкінішке қарай, біздің құқықтық жүйеде кей жағдайда басқарушылық қателік пен қылмыстың ара-жігі нақты ажыратылмай жатады. Менің ойымша, бұл мемлекеттік аппараттағы бастамашылдыққа әсер ететін факторлардың бірі. Мысалы, мені «қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланды» деген баппен айыптады. Алайда, сот материалдарында қаражаттың жеке пайдаға жаратылмағаны, ұрланбағаны айтылды. Сондықтан мен бұл іске қатысты өз ұстанымымды өзгерткен жоқпын және оны әлі де басқарушылық шешімдерді қылмыстық-құқықтық бағалаудың мысалы ретінде қарастырамын.

Апелляцияға да жүгіндіңіздер. Бірақ, сот шешімі өзгеріссіз қалды. Әрі қарай шағымдану жоспарыңызда бар ма?

- Әрине. Мен де, бұрынғы орынбасарым Олжас Әбішев те бұл үкіммен келіспейміз. Біз өзімізді қандай да бір коррупциялық қылмыс жасадық деп есептемейміз және мұндай айыптауларды мойындаған емеспіз. Құқықтық мүмкіндіктерді пайдалануды жалғастырамыз. Менің жазам осы жылдың соңында аяқталады. Одан кейін жаңадан құрылған кассациялық сотқа жүгініп, істі қайта қарауға қол жеткізуге тырысамыз.

Біздің қоғамда дәрігерлердің қателігіне қатысты дау жиі туындайды. Дәрігердің жауапкершілігі мен оны қорғау арасында тепе-теңдікті сақтай алып жүрміз бе?

– Бұл үлкен әрі маңызды мәселе. Сіздің сұрағыңыз өте орынды. Бұл мәселені шешу үшін біз біріншіден, салалық заңдарды дұрыстап, қайтадан қарастыруымыз қажет. Біздің Қылмыстық кодекс және Денсаулық сақтау кодексі - өткен ғасырдан келе жатқан идеологияға негізделген. Кейбір баптар сол Кеңес одағынан келе жатыр. Ал, әлем өзгеріп жатыр. Медицина ғылымы өзгерді. Дәрігердің қазіргі жұмысы да, пациентпен қарым-қатынасы басқа деңгейге шықты. Сондықтан біріншіден, менің ойымша, ендігі құрылатын заң шығарушы орган – Құрылтай осы мәселелерге назар аударуы қажет. Біздің кәсіподақтармен бірігіп бұл мәселелерді көтеруге тырысамыз. 

Дамыған мемлекеттерде дәрігерлерді қателігі үшін соттамайды. Қылмыстық жауапкершілік болмайды. Себебі олар әр салада қателік болатынын түсінеді. Әрине, медицинада қателіктің құны өте үлкен. Бірақ оның бәріне үкім оқып, түрмеге жаба беретін болсақ салаға маманды қайдан табамыз? Ең жоғары жалақы берсең де ешкім қалмайды, бәрі кетеді. Онсыз да дәрігерлер кетіп жатыр. Медицина кадр тапшылығы ең өзекті болып отырған сала. Анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, акушер-гинекологтар жетіспейді. Мықты реаниматологтар қазір стоматологияда наркоз беріп отыр. Себебі сондай қылмыстық бап бар: «за ненадлежащее выполнение» деп, қылмыстық жауапкершілікке тартып, түрмеге жібере салады. Дүниежүзінде ондай жоқ. Тек қана бұрынғы Совет одағы мемлекеттерінде қалған. Дүниежүзінде резидент деген – ол кәдімгі дәрігер. Жалақы алып, банктен кредит алуға мүмкіндігі бар. Ал, бізде ол әлі студент. Ешкім кредит бермейді. Бірақ, жасы жиырма бесте, екі-үш баласы бар отағасы. Жалақы әрине экономиканың, мемлекеттің экономикалық мүмкіндігіне байланысты. Бірақ жергілікті биліктің көзқарасы дұрыс емес. Мысалы, бізде грантпен оқысаң ауылға барып міндетті түрде үш жыл істеуің қажет. Барады. Не баспана жоқ, медициналық жабдықтар жоқ, жататын жер жоқ. Жалақы төмен. Жалпы жас мамандарға да сол ұжымда қолдау да жоқ. 

Біздің елде шенеуніктер мен қалталы азаматтардың көбі әлі күнге дейін шетелде емделеді. Тіпті тексерілу үшін де шетелге барып шығады. Бұл деген тұтас жүйеге деген сенімсіздік пе?

Қазақстандық медицина деген түсінік жоқ. Немесе ресейлік, америкалық медицина деп те бөлінбейді. Ол - бүкіл цивилизацияның нәтижесі. Ол пайдалануға әр адамның құқығы бар. Мүмкіндігі болса, бара берсін. Өз еңбегімен тапқан ақша. Бірақ халықтың 80 пайызының Кореяға, Еуропаға, Ресейге барып емделуге мүмкіндігі жоқ. Міне, мемлекет деңгейінде осы мәселені шешуіміз керек. Жалпы халықтың 80 пайызына ең маңызды ауруларды мемлекет тарапынан дұрыс қаржыландырып, дұрыс ұйымдастырып, қолжетімді ету керек. Сонда сенім болады. Бірақ таңдау құқығы да бар. Мысалы, онкологияны алсақ, бізде диагностика дамыған: ПЭТ, КТ бар, радиохирургия бар, химиотерапия бар. Бірақ сенім жоқ. Сол себепті Кореяға барады, миллиондаған ақша жұмсайды, қайта келеді. Бұл – үлкен мәселе.

Қазіргі министр Ақмарал Әлназарова ханымның жұмысына көңіліңіз тола ма?

Көп мәселені шешіп жатыр. Ол оңай емес. Командаға байланысты, үкіметтегі қолдауға байланысты. Министр – тек дәрігерлердің бастығы емес, ол үкіметпен жұмыс істейтін менеджер. Бұл жеңіл жұмыс емес. Бірақ маман ретінде ол өте тәжірибелі, білікті адам. Біраз өзгерістер енгізіп жатыр. Мен тек сәттілік тілеймін.

Мемлекеттік қызметтен кетіп, мемлекет мүддесіне жұмыс істеуге бола ма?

– Әрине. Мемлекетке қызмет ету мен халыққа қызмет ету - бір ұғым емес. Мемлекетке қызмет ету – бұл мемлекеттік қызмет. Ал, халыққа қызмет етудің жолдары әлдеқайда көп. Мен қазір де өз білімім мен тәжірибемді еліміздің денсаулық сақтау саласына арнап жүрмін. Мемлекеттік қызметте жүрген кезде қолыңда әкімшілік ресурс болады, оны дұрыс пайдаланып, реформалар жасау керек. Біз де өз мүмкіндігімізше соған күш салдық. Мемлекеттік қызмет аяқталғанымен, халыққа қызмет ету тоқтамайды. Жас мамандарды оқытуға болады, ғылыми зерттеулермен айналысуға болады, инвестиция тартып, түрлі жобаларды жүзеге асыруға болады, қоғамдық ұйымдарды басқаруға немесе сарапшы ретінде жұмыс істеуге болады. Мұның бәрі қоғамға қызмет етудің жолдары. Менің басты мақсатым - қандай жағдайда да халықтың денсаулығын жақсартуға үлес қосу.

Егер сізге денсаулық сақтау саласында бір ғана реформаны жүзеге асыру мүмкіндігі берілсе, қай реформаны таңдар едіңіз?

–Менің ойымша, ең маңызды реформалардың бірі – Ұлттық медициналық палатаны құру. Бұл ұйым медициналық қызметкерлердің басын біріктіріп, олардың кәсіби және әлеуметтік құқықтарын қорғауы тиіс. Сонымен қатар мемлекет қазіргі атқарып отырған кейбір функцияларды осы палатаға беруі керек. Мысалы, лицензиялау, кәсіби бақылау, кадрлық саясат, құқықтық қорғау және кәсіби қолдау мәселелері. Қазір біз осы бастаманы талқылап жүрміз. Алдағы Құрылтайда да бұл бағыттағы ұсыныстарымызды ұсынуды жоспарлап отырмыз.

Шын мәнінде, медицина қызметкерлеріне мықты әрі тәуелсіз кәсіби ұйым қажет. Ол дәрігерлердің, мейірбикелердің, санитарлардың еңбек құқықтарын қорғап, әлеуметтік мәселелерін көтеріп, қажет болған жағдайда құқықтық көмек көрсетуі тиіс. Өкінішке қарай, бүгінде көптеген мәселелер жүйелі түрде қорғалмай отыр. Кей жағдайларда дәрігерлер негізсіз қысымға ұшырайды, еңбек құқықтары бұзылады, жалақыға қатысты даулар туындайды. Осындай кезде кәсіби ұйым олардың мүддесін қорғауы керек. Біз бұған дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби тәуекелдерін сақтандыру туралы заң жобасын талқылау кезінде де өз ұстанымымызды айттық. Заңның жекелеген нормаларына қарсылық білдірдік. Өкінішке қарай, көптеген ескертулеріміз ескерілмеді. Бүгінде бұл жүйенің тиімділігіне қатысты сұрақтар көп. Медициналық ұйымдар қаржы төлеп отыр, алайда дәрігерлердің нақты қорғалуы мен құқықтық қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді деп айту қиын. Сондықтан денсаулық сақтау саласында барлық медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғайтын, мәртебесін көтеретін және мемлекетпен тең дәрежеде диалог жүргізе алатын бірыңғай кәсіби ұйым қажет деп есептеймін.

– Біреулер сізді кәсіби реформатор дейді, енді біреулер жүйенің құрбаны дейді. Өзіңіз халық жадында қалай қалғыңыз келеді?

– Мен, Елжан Біртанов дәрігермін. Менің мамандығым денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру, нығайту. Қоғамдық денсаулықты қорғау. Егер халық мені осы салаға үлес қосқан маман ретінде еске алса, соның өзі де жеткілікті.

– Елжан Амантайұлы, сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!