homepage

Ауғанстандағы жер сілкінісі Қазақстанның оңтүстігінде сезілді

Бүгін, 19:11

Ауғанстан аумағында болған жер сілкінісі Қазақстанның бірқатар оңтүстік өңірлерінде сезілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, жер сілкінісі 2026 жылғы 27 маусымда Астана уақытымен сағат 18:34-те ҚР ТЖМ «Сейсмологиялық зерттеу және ақпарат ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі арқылы тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы Ауғанстан аумағында орналасқан.

Жер асты дүмпулері 2 балл қарқындылығымен Шымкент қаласында, сондай-ақ Тараз қаласында, Түркістан облысының Мырзакент, Жетісай, Абай, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Ленгер, Сайрам, Манкент, Ақсукент, Тұрар Рысқұлов, Арыс, Темірлановка, Шәуілдер және Шаян елді мекендерінде сезілген.

Сондай-ақ Жамбыл облысының Бауыржан Момышұлы, Сарыкемер, Аса, Құлан, Мерке ауылдары мен Қаратау қаласында да 2 балдық жер сілкінісі тіркелген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Мамандар жағдайды бақылауда ұстап отыр.