Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз берумен айналысқан қылмыстық схеманың жолын кесті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін және сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдаланып, шетелдіктерге Қазақстанға келмей-ақ ЖСН рәсімдеуге көмектескен.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетел азаматтары ЖСН алу үшін Қазақстан аумағында жеке өзі болып, міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс. Алайда 2024-2025 жылдары бұл талаптар заңсыз айналып өтілген.
ЖСН әлеуметтік желі арқылы рәсімделген
Агенттік мәліметінше, схемаға қатысушылар әлеуметтік желілердегі арналар арқылы Қазақстанға келмей-ақ ЖСН алуға мүдделі шетел азаматтарын іздеп, қызметтерін ұсынған.
Заңсыз әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана қалалық филиалының кейбір қызметкерлері де қатысқан.
Олар Халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтініштер рәсімдеген.
Сыйақы делдалдар арқылы берілген
Тергеу барысында заңсыз сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде беріліп, кейін қылмыстық схемаға қатысушылар арасында бөлінгені анықталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.