homepage
Қаржылық мониторинг агенттігі

Шымкентте 700 млн теңге жинаған қаржы пирамидасы әшкереленді

20.05.2026, 11:21

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті «Капитал» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Тергеу мәліметінше, күдіктілер әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды инвестициялық платформаға ақша салуға үгіттеген.

Салым көлемі 20 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жеткен.

Ұйымдастырушылар 3-5 күн ішінде 30-50 пайызға дейін табыс түсетінін уәде еткен.

900-ден астам адам ақша салған

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар жаңа қатысушыларды тарту үшін «жылдам табыс» пен уақыт шектеулі ұсыныстарды пайдаланған. Осылайша, азаматтар қаржылық тәуекелдерді толық бағаламай, ақша салуға келіскен.

Алайда жоғары табысқа қатысты ешқандай ресми кепілдік немесе нақты кәсіпкерлік қызмет болмаған.

Тергеу барысында салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен жүргізілгені анықталған.

“Алдын ала мәлімет бойынша, қаржы пирамидасына 900-ден астам адам тартылып, жалпы айналым 700 млн теңгеден асқан”, – дейді ҚМА өкілдері.

Тергеу жалғасып жатыр

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қысқа мерзімде жоғары табыс уәде ететін күмәнді жобаларға ақша салмауға шақырды.

Ведомство инвестиция құяр алдында компанияның заңды тіркелуі мен рұқсат құжаттарын мұқият тексеруге кеңес береді.