Мамыр айының басында Ереван қаласы Еуропаның басты дипломатиялық орталығына айналып шыға келді. 4-5 мамыр күні Пашинян Еуропаның топ-саясаткерлерін Ереванға жинады. Осылайша Армения Еуроодаққа түбегейлі бет бұрғанға ұқсайды. 3 млн халқы бар армян халқы Ресейден алшақтап, Еуропаға етене жақын болуды көптен көздейтін. Пашинян басқаратын үкімет Оңтүстік Кавказдағы еуропалық интеграцияның ошағына айналуды мықтап қолға алған секілді.
Армения астанасына 40 елдің президенттері мен үкімет басшылары келді. Арасында Еурокомиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен, НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте, Украина Президенті Владимир Зеленский де бар. Бұл сапардың басты кейіпкері - Франция президенті. Эммануель Макрон Ереванда кеше өткен “Армения-ЕО” алғашқы саммитінің басты ұйытқысы деседі. Сарапшылар мұндай саяси оқиғаның Кавказ елдерінде бұрын соңды болмағанын айтып жатыр. Соған қарағанда, Пашинян өз халқы алдында Қарабақтағы осалдығы үшін ұпай жинап алды деп айтуға әбден болады.
Армения және ЕО: ортақ құжат
Ақыры Армениядан қос тарап ортақ құжатқа қол қойып тарқасты. Құжаттың мәтінін Еуропалық комиссия жариялады.
Құжатқа сәйкес, Брюссель мен Ереван Еуроодақтың өз бастамасы – Global Gateway аясында көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Сондай-ақ, ЕО Арменияның үш негізгі Ахурик, Маргара (Түркиямен шекаралас), Ерасх (Әзербайжанмен шекаралас) шекаралық өткізу бекетін қалпына келтіруге қолдау көрсетпек.
Бұл инфрақұрылымдық жобалар Армения үшін дәл қазір ауадай қажет. Ондаған жылға созылған Таулы Қарабақтағы қақтығыстар Ереванды есеңгіретіп жібергені рас. 2023 жылы аймақ толықтай Баку бақылауына өтті. Қазір Ереван Бакумен де, Түркиямен де тілге келіп, келісімге келуге тырысып жатыр. 2025 жылдың қазанында Вашингтонда Пашинян мен Әлиев бейбіт декларацияға қол қойған.
ЕО алып әрі қаржы жағынан қауқарлы құрылым. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен ЕО-ның Global Gateway стратегиясы аясында Арменияға инвестиция ретінде 2,5 млрд еуро бөлінгенін еске салды. Бұл қаржы бизнеске қолдау көрсетуге және Таулы Қарабақ өңірінен көшкендерге көмекке бағытталмақ.
Армения газ және атом энергетикасы бойынша Ресейге тәуелді. Бұл тәуелділікті түбегейлі жоймаса да Еуроодақ төмендетуге ниетті. Осы мақсатта Ереванның энергетика саласына 25 млн еуро бөлмек. Бұл қаражат электр желілерін дамытуға және энергия сақтау жүйелерін құруға жұмсалмақ.
Ресейдің реакциясы
Арменияның Батысқа қарай бет бұруы Владимир Путинге әрине, ұнамайды. Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ бір-біріне балама жобалар болғанмен, стратегиялық бағыттары үйлеспейді.
Қағаз жүзінде Армения Еуразиялық экономикалық одақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы құрамында қала береді. Алайда іс жүзінде Ереванның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы белсенділігі күрт төмендеп, бұл әскери-саяси блоктан біртіндеп алшақтап жатқанын аңғартады.
Мәскеу бұл ретте тек саяси емес, экономикалық тұрғыдан да қысым тетіктері арқылы жауап беруге тырысады. Ресей тарапы Армения экономикасының өзіне тәуелді екенін үнемі алға тартып, геосаяси бағыт өзгерсе, оның салдары ауыр болуы мүмкін екенін ашық ескертіп отыр. Бұл – Ереванға жасалған жанама сигнал: сыртқы саяси таңдаудың құны тек дипломатиялық емес, әлеуметтік-экономикалық деңгейде де сезілуі ықтимал. Яғни, түптеп келгенде “тоңазытқыштың теледидарды жеңетінін” ресми Мәскеу меңзеп-ақ келеді.
«Географиялық қарғыстан» – еуростандартқа ұмтылыс
«Географиялық қарғыс» (geographic curse) деген ұғымның Арменияға қаратып айтылатыны бар. Теңізге шығатын жолы жоқ, таулы аймақта орналасқан, табиғи ресурсы аз, оның үстіне көршілерді де таңдай алмайтыны тағы бар. Алайда, Никол Пашинян елдің географиялық орналасуына қатысты көзқарастың өзгергенін айтты. Бұрын бұл фактор проблема ретінде қарастырылса, қазір ол Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көпір ретінде бағалануда.
Пашинян Арменияның күн энергиясы әлеуетін де осы жиында айрықша атап өтті. Пашинянның пайымынша, бір жылда 300-ден астам шуақты күні бар Армения еуропалық технологиялардың көмегімен энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе алады.
Армения ЕО-ға қосыла ма?
Еуропамен интеграцияның болашағын Пашинян прагматикалық тұрғыдан бағалайды. Ереванның басты міндеті – Еуроодақ стандарттарына толықтай сәйкес келу. Сонымен, ендігі басты сұрақ: Армения Еуроодақ құрамына қосыла ма?
«Бізді Еуропалық одақ қабылдай ма, жоқ па - бұл саяси шешім. Бірақ, біз тіпті қабылданбасақ та, біздің ұтарымыз көп болмақ. Өйткені Армения еуропалық стандарттарға сай мемлекетке айналады», – деп түйіндейді Никол Пашинян.