homepage
фото: коллаж Juzmedia

БАӘ ОПЕК-тен шықты: мұнай нарығында жаңа дәуір басталды ма?

04.05.2026, 11:30

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК ұйымынан шықты. БАӘ-нің бұл әрекеті әлемдік мұнай нарығын қалай өзгертеді? Абу-Даби ОПЕК-тен шыққан соң автоматты түрде ОПЕК+ картелінен де кеткені анық. Ал оның мұнайлы мемлекеттің бірі Қазақстанға әсері қандай болады? 

Ресми Абу-Даби ұйымнан шығу елдің өндірістік саясаты мен болашақ мүмкіндіктерін талдау негізінде қабылданған шешім деп түсіндірді. БАӘ-нің Энергетика министрі Сухейль Мохамед аль-Мазруи The New York Times газетіне берген сұхбатында:

«Әлемге көбірек энергия, мол ресурстар қажет, ал Біріккен Араб Әмірліктері қандай да бір топтардың шектеулерінен тәуелсіз болғысы келеді», – деп мәлімдеді.  

Әмірліктер ОПЕК-ке 1967 жылдан бері мүше, дегенмен соңғы жылдары картель саясатына бірнеше рет наразылық білдіріп, одан шығу мүмкіндігін қарастырған. Өйткені, ел өндірістік қуаттарды кеңейтуге миллиардтаған доллар инвестиция салғанымен, аталған ұйымның қолданыстағы квоталары мұнай өндіруді шектеуге мәжбүр етті. БАӘ өкілдері 2020 және 2023 жылдары да ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығу мүмкіндігін айтқан болатын. Әсіресе, картельдегі ең ықпалды ел – Сауд Арабиясымен арада жиі келіспеушіліктер болды.

Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай да бұл процесті жеделдете түсті. Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіс, АҚШ пен Иран арасындағы текетірес және қауіпсіздік мәселелері мұнай жеткізілімдерінің тұрақтылығына тікелей әсер етті. Наурызда зымырандық соққылар мен дрон шабуылдары өндірістік қуаттарға зиян келтіріп, нәтижесінде өндіріс 2,1 млн баррельге дейін төмендеді. Әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20%-ы осы бұғаз арқылы өтетінін ескерсек, бұл фактордың салмағы ерекше.

БАӘ мұнай өндіру көлемі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. ОПЕК деректеріне сәйкес, БАӘ-де 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында мұнай өндіру тәулігіне шамамен 3,4 млн баррельді құрады. Бұл көрсеткіш елді ұйым құрамындағы Сауд Арабиясы мен Ирактан кейін үшінші орынға шығарады. Саудияның өзі қаңтар-ақпанда тәулігіне орта есеппен 10,1 млн баррель өндірген.

Reuters агенттігінің мәліметінше, қазіргі уақытта БАӘ-нің резервтік өндіріс қуаты тәулігіне шамамен 4,8-5 млн баррельге жетеді. Басылымға берген түсіндірмесінде Rystad Energy зерттеу-консалтинг компаниясының бөлім басшысы Хорхе Леон тәулігіне 4,8 млн баррель өндіріп, оны арттыруға ұмтылып отырған қатысушыдан айырылу ОПЕК ұйымын нарыққа нақты ықпал ету құралынан айыратынын айтыпты. «Мұнайға сұраныс шегіне жақындаған сайын, төмен шығынмен өндіретін елдер үшін есеп өзгеріп жатыр, сондықтан квота жүйесіндегі шектеу мүмкіндікті жіберіп алумен тең бола бастады», – дейді ол.

Абу-Даби енді АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы және Ормуз бұғазы төңірегіндегі дағдарыс аяқталғаннан кейін мұнайды көбірек сатуға мүмкіндік болады деп есептейді. Бұл негізінен орта және ұзақ мерзімді перспективалы жоспарға қатысты болжам. Сарапшылар БАӘ қадамын тәуелсіз әрекет етуге дайындық стратегиясы ретінде бағалап отыр. Мельбурн бизнес мектебінің өкілі Джейми Кросстың айтуынша, мұнай бағасы әлі де Иранға қатысты геосаяси жағдайға тәуелді бола береді.

«ОПЕК ұжымдық түрде ұсынысты шектеу немесе арттыру арқылы бағаны өз мақсаттарына сай реттей алады. Ал БАӘ – әлемдегі сегізінші ірі өндіруші, оның үлесі шамамен 4%. Сондықтан ұйымнан шығу елге келісімдерден бас тартып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.

Дегенмен, Абу-Даби таяу арада нарыққа жеткізілімді бірден арттыра алмайды. Ормуз бұғазын айналып өтуге мүмкіндік беретін бағыт Фуджейра порты барлық өндіріс көлемін толық қамтуға дайын емес.

Осылайша, Парсы шығанағында тұтанған соғыс мызғымастай көрінген ОПЕК ұйымына опа бермейтіндей. Әлемдік нарықта мұнай өндірісі мен бағасын реттеп отыратын әйгілі картельге мүше мемлекеттер өз мүддесін ойласуға көшті. Шығанақтағы қара алтын саудалайтын елдер Ормуз құрсауынан зардап шексе, сырттағы – Ресей, Бразилия, АҚШ және Қазақстан секілді экспорттаушылар бағаның өсуінен ұтып отыр. ОПЕК және ОПЕК+ ішіндегі келісілген квототалр іс жүзінде маңызын жоғалта бастады.

Десе де БАӘ – ОПЕК құрамынан шыққан алғашқы ел емес. 2019 жылы картель құрамынан кеткен ел – Қатар. Сол сияқты Ангола, Эквадор, Габон және Индонезия соңғы жылдары өндіріс квоталарына қатысты келіспеушіліктерге байланысты бірнеше рет ұйымнан шығып немесе мүшелігін уақытша тоқтатқан-ды. Айта кетейік, ОПЕК-тің құрамында БАӘ-ден бөлек 11 мемлекет (Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Венесуэла, Алжир, Габон, Конго, Кувет, Ливия, Нигерия және Экваторлық Гвинея бар. Әйгілі картель әлемдік мұнай өндірісінің шамамен 36%-ын және дәлелденген қорлардың 80%-ға жуығын бақылайды. Ал, осыдан он жыл бұрын құрылған ОПЕК+ ұйымына үлкен ОПЕК-тің барлық мүшесімен бірге тағы 11 мемлекет (Әзербайжан, Бразилия, Бахрейн, Бруней, Малайзия, Мексика, Оман, Судан, Оңтүстік Судан, Ресей және Қазақстан қосылған. Екі ұйымның қызметіндегі негізгі айырмашылық құқықтық мәртебе. Мәселен, ОПЕК құрамына мүше мемлекеттер дауыс беру құқығына ие және міндетті квоталарды орындайды. «Плюс» елдері болса – ресми мүшелік статусы жоқ коалиция. Олар ОПЕК-тің жарғылық шешімдерінде дауыс бермейді, бірақ мұнай өндіруді қысқарту немесе арттыру бойынша келісімдер параметрлерін тең дәрежеде талқылайды. Қарапайым тілмен айтқанда, ОПЕК мұнай саласының ұзақ мерзімді дамуын жоспарласа, ОПЕК+ ай сайын нарықты бақылап, бағаның күрт құлдырауына немесе шамадан тыс өсуіне жол бермеуге тырысады.

3 мамыр күні Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман онлайн форматта кездесу өткізіп, өндіру квотасын шамамен тәулігіне 188 мың баррельге символикалық түрде арттыруға келісті. Сонымен, алдағы маусым айында Сауд Арабиясы мен Ресей тәулігіне 62 000 баррель мұнай өндіруге мүмкіндік алса, Ирак – 26 000, Кувейт – 16 000, Қазақстан – 10 000, Алжир – 6 000, Оман – 5 000 баррель өндірмек.  Ұйымның келесі кездесуі 7 маусымға жоспарланды. Қалай болғанда да бұл – жай ғана «бір қатысушының кетуі» емес, бүкіл картельдік басқару тетігіне жүйелі соққы, нарықты басқарудағы ымыра принципінің бұзылуы. Сарапшылар БАӘ шешімі басқа елдердің де қос картельден шығуына түрткі болуы ықтимал деген тұжырым жасауда. 

Kpler компаниясының талдаушысы Мэтт Смит Нигерия мен Қазақстанды негізгі үміткер ретінде атап өтті, себебі екі елде  мұнай өндірісі мен өңдеу қуаттары кеңейіп келеді.  Расында да біздің елдің экономикасы да мұнай экспортына біршама тәуелді әрі әл-ауқатымыз «қара алтын» құнына қарай өзгеретін болғандықтан қоғамда алаңдауға негіз жоқ емес. Оның үстіне геосаяси ахуал құбылып тұрған уақытта экспорт бағытының сақталуы да шешуші рөл атқарады. 

Қазақстанның ОПЕК+ келісімі бойынша жасалған квотадан асуы негізінен Теңіз кен орнындағы өндірістің өсуіне байланысты. Бірақ ұйымнан шығу – тек өндірісті арттыру мәселесі емес, ол саяси және экономикалық тәуекелдермен байланысты. Қысқасы: шығу – бұл «көбірек өндіреміз, көбірек табамыз» деген қарапайым логика емес. Егер баға төмендеп кетсе, өндірісті арттыру да көмектеспейді. Ел бюджетінің мұнай бағасына тәуелділігі де жоғары. Сараптамалық бағалаулар бойынша, мұнай бағасының әрбір $10-ға өзгеруі экономикаға 0,8–1,2 трлн теңге қосымша кіріс немесе шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді сценарий – мұнай бағасының тұрақты, бірақ шамадан тыс жоғары емес деңгейде сақталуы. Сарапшылардың пікірінше, барреліне шамамен $100 деңгейі экономикалық тұрғыдан оңтайлы. 

Қорытындылай келе, БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуы – мұнай нарығындағы жаңа дәуірдің белгісі деп қарастыруға болатындай. Бұл қадам картельдік реттеу моделінің әлсіреп, еркін бәсекеге негізделген жүйеге көшу ықтималдығын арттырады. Ал, Қазақстан үшін бұл – тек сыртқы фактор емес, стратегиялық сын-қатер. Мұнай бағасының құбылмалылығы артып, болжамдылық төмендеген жағдайда экономиканы әртараптандыру, экспорт бағыттарын кеңейту және қаржылық тұрақтылықты күшейту мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түседі. Ең негізгі сұрақ өзгеріссіз қалып отыр: Қазақстан мұнайға тәуелді экономикалық модельден қаншалықты тез шыға алады? Біз үшін басты мәселе осы.

Ұлағат Бекболат