Қазақстанда ай сайын дерлік әскери қызметшілердің қаза болғаны немесе жарақат алғаны туралы ақпарат тарайды. Суицид пен қару қолдану жағдайлары тіркеліп жатқанына қарамастан, Қорғаныс министрлігі жүйелі реформалар қажет емес деген ұстанымын өзгерткен жоқ. Алайда жыл басында берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі мұндай оқиғалардың жол берілмейтінін айтып, әскери бөлімдердегі тәрбие жұмысының әлсіздігін сынға алған болатын, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әскердегі қылмыстар
Ranking.kz жазуынша, әскердегі өлімге әкелетін құқықбұзушылықтар екі топқа бөлінеді: әскери қылмыстар және суицид деректері.
Бас прокуратураның құқықтық статистика деректеріне сәйкес, соңғы жылдары елде жыл сайын 132-ден 236-ға дейін әскери қылмыс тіркелген. 2025 жылы бұл көрсеткіш соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, екі есеге жуық артқан.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында әскери қылмыстар саны бірден 75%-ға өсіп, 140 жағдайға жетті. Өткен жылы мұндай қылмыстардың ең үлкен бөлігі – 83 дерек (35,2%) әскери қызметшілер арасындағы жарғылық емес қатынастарға тиесілі болған, бұл бір жылда 66%-ға көп көрсеткіш. Сондай-ақ «билікті асыра пайдалану» және «қызметке салғырт қарау» баптары бойынша істер де көбейген.
2025 жылы тіркелген қылмыстардың тек үштен бірі ғана сотқа жеткен. Ал «дедовщинаға» қатысты істердің аз бөлігі ғана нақты жазаға ұласқан. Жалпы 163 адам күдікті деп танылса, олардың басым бөлігі – 18-29 жас аралығындағы жастар, яғни әскерге шақырылған сарбаздар.
Зардап шеккендер саны артып, жастар ең осал топқа айналды
2020 жылдан бері әскери қылмыстардан шамамен 1,4 мың адам зардап шеккен, оның 47-сі қаза тапқан. Биылдың алғашқы үш айында ғана 240 адам зардап шеккен – бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Ең осал топ – 20 жасқа дейінгі жас сарбаздар. Кей жылдары барлық зардап шеккендердің 70%-ға жуығы осы санатқа тиесілі. Биыл да жәбірленушілердің үштен екісі – 20 жасқа толмағандар.
Өлімге әкелетін жағдайлар көбіне «қызметке салғырт қарау», «көлік пайдалану ережелерін бұзу», «билікті асыра пайдалану» және «қарумен жұмыс істеу талаптарын бұзу» баптарымен тіркеледі.
Суицид – екінші ірі қауіп
Әскердегі қайғылы оқиғалардың тағы бір үлкен бөлігі – суицид. 2020 жылдан бері Қазақстан армиясында 89 адам өз-өзіне қол салған. Жыл сайын бұл көрсеткіш 10-20 жағдай аралығында тіркеледі.
Суицидтің басым бөлігі келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілерге тиесілі. Бұл ұзақмерзімді күйзеліс, кәсіби қажу немесе жеке мәселелердің жиналуымен байланысты болуы мүмкін. Ал әскерге шақырылған жастар арасында жылына 3-7 жағдай тіркеледі. Биылғы алғашқы үш айда төрт отбасы әскерге кеткен баласынан айырылған.
Мамандардың айтуынша, суицид себептері толық ашылмайды, көп жағдайда «анықталмаған» деп көрсетіледі.
Психологиялық қысым немесе әлімжеттікке байланысты жағдайлар ресми статистикада өте сирек тіркеледі.
Жалпы деректер әскердегі қауіпсіздік, бақылау және ішкі тәртіп мәселелері әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр.