Күн жылынғалы балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті. Жыл басынан бері елімізде 47 жазатайым оқиға тіркеліп, оның ішінде 8 бала мерт болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Жыл басынан бері елордада 5 жағдай тіркелген
Төтенше жағдайлар министрлігінің Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында келтірілген дерекке сүйенсек, бір ғана Астана қаласында жыл басынан бері 5 бала терезеден құлап, 3-еуі мерт болған. Ал былтыр елордада осындай оқыс оқиғадан 14 бүлдіршін көз жұмған. Ал қауіп тобына негізінен 2 мен 5 жас аралығындағы балалар кіреді.
— Мұндай оқиғалардың негізгі себептері – ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі және терезелерде қорғаныш құрылғыларының болмауы. Балалардың терезеден құлауы бойынша деректер «112» Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне түседі, - делінген хабарламада.
Терезе түрі емес, қорғаныс жүйесі маңызды
Тұрғын үй құрылысы кезінде орнатылатын терезелер негізінен үш түрлі материалдан жасалады: пластик, ағаш және толық әйнектен тұратын панорамалық терезелер. Министрлік мәліметінше, қандай материалдан жасалса да, олардың барлығы белгілі бір деңгейде қауіпті. Мәселен, пластик терезелер оңай әрі толық ашылады. Ал панорамалық терезелердің төмен орналасуы балалар үшін аса қауіпті. Ағаш терезелерге келсек, ескі болған жағдайда олардың бекіткіштері әлсіреп, қауіпсіздік деңгейі төмен болады. Жалпы, терезеден төнетін қауіп оның қандай материалдан жасалғанында емес, қорғаныс құралдарының болмауы мен терезенің ашық күйде қалуынан келеді. Дәл осы факторлар қайғылы жағдайлардың негізгі себебі.
— ТЖМ москит торлары қауіпсіздік құралы емес екенін үнемі ескертеді. Олар тек жәндіктерден қорғайды, баланың салмағын көтермейді. Балалар торға сүйенген жағдайда, тор оп-оңай жыртылып кетеді. Бұл тұста арнайы шектеуіштер мен блокираторлар – тиімді қауіпсіздік құралдарының бірі. Олар терезені толық ашуға жол бермейді, баланың өз бетінше ашуына кедергі жасайды, құлау қаупін айтарлықтай төмендетеді, - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Үш айда 8 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды
Алайда басты себеп – адами фактор. Көп жағдайда ата-аналар балаларын көзден таса қалдырып жатады. Бүлдіршіндердің қимылы ширақ, ал аз ғана бейқамдықтың өзі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан құзырлы органдар әр ата-ананы өз перзентінің қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырады. Себебі ата-ана балаға бас-көз бола алмаса, заңнамаға сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 70 мың теңге. Ресми дерекке сәйкес, соңғы үш айдың өзінде осы бап бойынша 8 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл жауапкершілікке тартылған.
— Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түрінде жауапкершілік көзделген, - дейді ҚР Бас прокуратурасы.