Қаржылық мониторинг агенттігі бұған дейін ТМД елдерінде әрекет еткен ірі көлеңкелі криптосервистердің бірі «RAKS Exchange» қызметі тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, бұл платформа цифрлық активтер арқылы ақшаны қолма-қолға айналдырып, заңсыз табысты жасырумен айналысқан.
Анықталғандай, аталған криптоалмастырғыш арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағындағы 200-ден астам есірткі интернет-дүкендерінің қаржылық операциялары жүргізілген. Платформаның жалпы айналымы 224 миллион АҚШ долларынан асқан.
“Тергеу барысында «Follow the Money» қағидаты бойынша 4 мыңнан астам криптоәмиянға блокчейн-талдау жасалды.
Нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық активтер бұғатталды. Оның ішінде 3,2 млн USDT тәркіленіп, қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденген қаражат агенттіктің арнайы шотына аударылды”, – делінген ҚМА хабарламасында.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде есірткі жеткізу арналары тоқтатылып, тарату инфрақұрылымы жойылды. Сонымен қатар бірқатар заңсыз интернет-дүкендердің қызметі тоқтатылды.
Агенттік бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.