Таяу Шығыстағы текетірестің басталғанына тура екі ай өтті. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға әуе соққыларын жасады. Уақыт өтіп барады, бірақ тараптар ортақ мәмілеге келер емес. Бұл қақтығыстың салдарын жаһан экономикасы сезіп жатыр, әлі де сезе бермек.
АҚШ пен Израиль “Иранның ядролық қаупін жоямыз” деген желеумен басталған мұның бәрі. Соғыстың алғашқы күні Иранның жоғары басшылығы, соның ішінде аятолла Әли Хаменеи қаза тапты. Иран бұған жауап ретінде Израиль қалаларына, АҚШ базаларына және Парсы шығанағындағы нысандарға соққы жасады. Кейін Ормуз бұғазын жауып, мұнай мен газ тасымалын тежеді. Иран жаңа көшбасшы ретінде Моджтаба Хаменеиді жариялады, алайда оның жағдайы әлі күнге дейін белгісіз.
АҚШ президенті Дональд Трамп бастапқыда соғыстың тез аяқталатынын айтқан, кейін тіпті “жеңдік” деп мәлімдеді. Бүгінде әлемдік қауымдастықтың Ақ үй басшысының күн сайын өзгеріп отыратын мәлімдемелеріне еті үйреніп те қалғандай, иланбайды да.
Наурызда қақтығыс күшейді: тараптар бір-бірінің әскери және энергетикалық нысандарына соққы берді. Ормуз бұғазы үшін үлкен күрес басталған. АҚШ “Иран әбден әлсіреді” десе де, Иран шабуылдарын жалғастырып келеді.
Сәуірде жағдай одан әрі шиеленісті. АҚШ уақытша бітімге келу нұсқаларын қарастыра бастады. Бірақ, іс жүзінде шабуылдар толық тоқтаған жоқ. Келіссөздер нәтиже бермеді, тараптардың талаптары бір-біріне сай келмей тұр.
22 сәуірде бітім мерзімсіз ұзартылды, бірақ Иран мен АҚШ бір-бірін айыптауын қояр емес. Ормуз бұғазы кейде ашылып, кейде қайта жабылып, тасымал көлемі күрт азайды.
Қорытындысында, бұл сергелдеңнің әлі біразға созылар түрі бар. Тараптар сөзбұйдаға салып жүргенде әлем экономикасы оның салдарын тартып отыр. Энергия тасымалы тұрақсызданып, мұнай мен газ бағасы құбылып, халықаралық сауда тізбектері әлсіреуде. Бұл өз кезегінде инфляцияның өсуіне, өндірістің баяулауына және әлеуметтік қысымның күшеюіне әкелуі мүмкін.