homepage
фото: ЖИ

"Сары ұнтақ" саясаты: алыптар арасындағы Қазақстан

26.04.2026, 23:31

Әлемнің энергетикалық картасына зер салсаңыз, Қазақстан - нағыз алпауыт. Жер шарындағы әрбір үшінші атом реакторы қазақтың уранымен жұмыс істеп тұр. Францияның жарығы, Қытайдың зауыттары мен Ресейдің ядролық кешендері - бәрінің тамырында біздің «сары ұнтақ» бар. Алайда, осы орасан зор ресурстық мүмкіндікке ие бола отырып, еліміздің энергия тапшылығы алдында тұруы - стратегиялық парадокс. Бүгінде бұл мәселенің шешімі 15 миллиард долларлық АЭС жобасы мен стратегиялық кен орындарымыздың тағдырына келіп тіреледі.

АЭС: Энергетикалық дефицит пен 15 миллиард долларлық таңдау

Қазақстандағы энергия тапшылығы бүгінде жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Еліміздің базалық энергия көздері саналатын Жылу электр орталықтарының (ЖЭО) тозу деңгейі критикалық шекке жетті. Оған халық санының өсуі мен өндіріс қуатының артуын қосыңыз. Осы факторлар мемлекетті баламасыз шешім -  Атом электр станциясын (АЭС) салуға мәжбүрлеп отыр.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің дерегінше, бастапқыда станция салуға жарамды төрт аумақ қарастырылды: Балқаш маңы, Курчатов қаласы, Батыс Қазақстан және Қостанай облысы. Алайда, жан-жақты сараптамадан кейін 2025 жылғы ақпанда Қазақстан үкіметі алғашқы АЭС салынатын жерді ресми түрде бекітті. Станция Алматы облысы, Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының жанына салынатын болды. Бұл орынның таңдалуы кездейсоқ емес. Балқаш маңы - еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын энергия торабының ортасында орналасқан, бұл өндірілген қуатты бүкіл елге тасымалдауға қолайлы. Тіпті, ресми ақпаратқа сәйкес, болашақта Балқашта бірінші ғана емес, екінші станцияның да салынуы мүмкін екені расталды. Үкімет бұл стратегиялық нысанды салуды Ресейдің «Росатом» корпорациясына сеніп тапсыруды көздеп отыр. Бірақ мәселе тек құрылыста емес, оның қаржыландыру моделінде болып тұр. 15 миллиард доллар -  Қазақстан бюджеті үшін орасан зор сома.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
«Бірінші келісім тікелей атом станциясының құрылысына, ал екінші келісім Ресей тарапынан қаржыландыру бөлуге қатысты. Мұнда 85 пайызы несие түрінде, 15 пайызы Қазақстан үкіметі тарапынан бөлінеді деп қарастырылған. Бұл құжаттардың дайындық деңгейі айтарлықтай жоғары».

Бұл дегеніміз станцияның негізгі құны, яғни 12 миллиард 750 миллион доллар Ресейден қарызға алынады. Ал кез келген несие пайыздық мөлшерлемесімен қайтарылуы тиіс. Бұл қарыз ертеңгі күні біздің жарық үшін төлейтін тарифке қалай әсер етеді? Сарапшылардың басты қаупі де осы - қарызды жабу үшін жарық бағасының күрт өсуі әбден мүмкін. АЭС салу тек технологиялық емес, ең алдымен қаржылық сын. Бір ғана донорға (Ресейге) байлану елдің экономикалық еркіндігіне салмақ салуы мүмкін.

Абзал Нарымбетов, энергетика саласының сарапшысы:
«АЭС салу — өте қымбат шаруа. 15 миллиард доллардың пайызы бар, оны қайтару керек. Ол белгілі бір тарифпен қайтарылады. Сол тарифтің бағасы қарызды қайтару үшін қаншаға өсуі керек? Бұл — үлкен сұрақ. Инвестицияның сырттан, яғни бірнеше елден немесе халықаралық институттардан әртараптандырылған (диверсификацияланған) түрде болғаны дұрыс. Себебі ең басты риск тек мемлекеттің мойнында ғана болмайды. Сонда ғана біз тарифті бақылауда ұстап, экономикалық қауіпсіздікті сақтай аламыз».

Осылайша, АЭС жобасы Қазақстан үшін энергетикалық тәуелсіздікке бастайтын жол ма, әлде миллиардтаған долларлық «қарыз қақпаны» ма деген сұрақ әлі де ашық қалып отыр. Станция құрылысы басталмас бұрын, оның экономикалық тиімділігі мен тарифтік саясатқа әсері халыққа ашық түсіндірілуі тиіс.

Уран - ХХІ ғасырдың «жанармайы» 

«Уран деген не?» Бұл сауалға жауап бермей тұрып, қазіргі жаһандық энергетиканың бағытын түсіну мүмкін емес. Уран  жай ғана ауыр металл немесе химиялық элемент емес, бұл  ядролық дәуірдің негізгі «жанармайы». Оның қуаты орасан зор және физикалық тұрғыдан ештеңемен салыстыруға келмейді. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: небәрі 1 келі ураннан алынатын энергия 20 тонна көмірдің немесе 14 тонна мұнайдың беретін жылуымен тең. Дәл осы тиімділік уранды жаһандық деңгейдегі ең сұранысқа ие ресурсқа айналдырып отыр.  

Бүгінде әлем «жасыл энергияға» көшіп, климаттық өзгерістермен күрес жолында көмір мен мұнайдан біртіндеп бас тарта бастағанда, уранның құны еселеп артты. Ол тек электр энергиясын өндіруде ғана емес, медицинадағы онкологиялық ауруларды емдеуде, ғарыш технологияларында және стратегиялық қауіпсіздік саласында шешуші рөл атқарады. Сондықтан бүгін уранға иелік еткен ел - ертеңгі күннің жаһандық энергия нарығына билік етеді.

Әлемде барланған уранның жалпы қоры шамамен 6 миллион тоннадан асады. Соның 13 пайыздан астамы біздің топырағымызда жатыр. Қор бойынша Қазақ елі әлемде Аустралиядан кейін екінші орында тұр. Бірақ басты жетістік қорда емес, оны игеру қарқынында. 

2009 жылдан бері Қазақстан уран қазудан әлемде абсолютті лидер мәртебесін ешкімге бермей келеді. Жер шарында өндірілетін бүкіл уранның 45 пайызы тек біздің елге тиесілі. Бұл  фантастикалық масштаб! Елестетіп көріңізші, Канада, Австралия, Намибия сияқты алпауыт мемлекеттердің бәрін қосқанда, олардың жалпы өнімі біздің бір ғана елдің деңгейіне жетпейді. Алайда, осы орасан зор көрсеткіштердің артында бір өкінішті шындық бар. Біз әлемдік нарықтың тең жартысына жуығын иемденсек те, технологиялық тізбекте әлі де болса шикізат жеткізуші деңгейінен аса алмай келеміз.

Абзал Нарымбетов, энергетика саласының сарапшысы:
«Уран шығарудан әлемде бірінші орындамыз. Бізден кейін тұрған барлық елдерді қоса алғанда, біздің елдегідей үлесі жоқ. Біздің үлес өте жоғары, бірақ бұл — тек шикізат ретіндегі жетістік. Негізгі уран өнімінің соңғы циклы — бұл АЭС-те тікелей қолданылатын байытылған уран. Оны өңдеу, отын кассеталарын жасау процестері әлі де шетелдік технологияларға тәуелді. Сондықтан, қанша жерден лидер болсақ та, бізді әлі де «шикізат елі» деп атауға толық негіз бар».

Бұл жағдай Қазақстанның алдына үлкен міндет қояды: біз тек қазушы емес, сол ресурсты толық өңдеп, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаратын технологиялық мемлекетке айналуымыз керек. Егер біз бұл қадамды жасамасақ, әлемдік энергия нарығындағы үстемдігіміз тек шикізат бағасына тәуелді болып қала бермек.

Кен орындарының қожайыны: Геосаяси «ханталапай»
 
Қағаз бетінде бәрі керемет көрінгенімен, жер астындағы байлықтың нақты қожайыны кім деген сауал саяси шешімдердің астарын ашады. Бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 14 ірі уран өндіруші кәсіпорынның 12-сі — Бірлескен кәсіпорындар (БҚ). Ұлттық оператор «Қазатомөнеркәсіп» кен орындарының 54 пайызын ғана тікелей бақыласа, қалған 46 пайызы шетелдік алпауыттардың үлесінде. Бұл жай ғана статистика емес,  Қазақстан топырағындағы жаһандық ойыншылардың нақты геосаяси салмағы.

Алпауыттардың үлесі: Кімнің еншісінде не бар?

  • Ресей («Росатом»): «Uranium One» компаниясы арқылы Қазақстан уранының 24 пайызына иелік етіп, шетелдік инвесторлар арасында көш бастап тұр.
  • Канада («Cameco»): 10 пайыздық үлеспен («Инкай» БҚ) Батыс мүддесін қорғап отырған негізгі ойыншы.
  • Қытай (CGN/CNNC): Ресми үлесі 5 пайыз болғанымен, соңғы мәмілелер оның ықпалының қарқынды өсіп жатқанын көрсетеді.
  • Франция («Orano»): 4 пайыздық үлеспен («Катко» БҚ) Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
  • Жапония: 3 пайыздық символикалық үлесі бар.

Соңғы жылдары Ресейдің ықпалы күрт артты. Әсіресе, әлемдегі ең ірі әрі бай кен орындарының бірі — «Буденовское» үлесінің Ресейге өтуі - соңғы онжылдықтағы ең жабық әрі күмәнді келісімдердің бірі болды. Ресейдің өз аумағындағы уран қоры сарқылып бара жатқанда, «Росатомның» бүкіл әлем бойынша салып жатқан АЭС-теріне отын кепілдігі қажет болды. Бұл мәміле арқылы Ресей өзінің ядролық держава ретіндегі мәртебесін Қазақстан ресурсы есебінен бекітіп алды.

2024 жылдың соңындағы деректер бойынша, ресейлік «Uranium One» өзінің бірнеше стратегиялық активін Қытайдың мемлекеттік корпорацияларына сатты. «Заречное», «Хорасан-U» және «Қызылқұм» сияқты маңызды кәсіпорындардағы үлестер Бейжіңнің бақылауына өте бастады. Бұл біздің стратегиялық ресурстарымыздың біртіндеп екі алпауыт көршінің - Мәскеу мен Бейжіңнің өзара келісіміне тәуелді болып бара жатқанын білдіреді.

Абзал Нарымбетов, энергетика саласының сарапшысы:
«Қазір Қазақстан уранның жартысын шығарады, ал төрттен бір бөлігін (1/4) Ресейдің компаниялары өндіреді. Кезінде нарықта белгілі бір тепе-теңдік (баланс) бар еді. Алайда, Ресейдің еншілес компанияларының үлесі 2007 жылғы 6-7 пайыздан, 2024 жылы 24 пайызға дейін бір-ақ секірді. Риск-менеджментте «барлық жұмыртқаны бір себетте ұстамау керек» деген алтын қағида бар. Ықпалдың тек бір тарапқа ауып кетуі — елдің егемендігі мен экономикалық еркіндігіне тікелей қауіп төндіреді».

Бұл жағдай Қазақстанның өз өнімін еркін нарықта, жоғары бағамен сату мүмкіндігін шектейді. Егер кен орнының иесі - шетелдік корпорация болса, ол өнімді нарықтық бағамен емес, өз елінің ішкі қажеттілігіне сай арзан бағамен алып кетуі мүмкін. Осылайша, біз тек «шикізаттық база» ролінде қалып қою тәуекелінің алдында тұрмыз.

Логистикалық «тұзақ» және Батыстың «құтқару операциясы»

Ресей мен Қытайдың Орталық Азиядағы, соның ішінде уран нарығындағы ықпалы артып жатқанда, Батыс елдері де стратегиялық бақылаудан тыс қалмауға тырысуда. Соңғы жылдары бұл тек экономикалық бәсеке емес, Батыс үшін нағыз «энергетикалық аман қалу» күресіне айналды. Әсіресе, Еуропаның «атом алыбы» Францияның жағдайы өте күрделі. Ондаған жылдар бойы Францияны арзан уранмен қамтамасыз етіп келген Африкадағы (Нигер) кен орындары саяси төңкерістер мен антифранцуздық көңіл-күйдің салдарынан жабылып қалды. Ресми Париж Нигерден айырылған соң, Эммануэль Макронның 2023 жылдың соңында Астанаға ат басын бұруы жай ғана дипломатиялық сапар емес, Францияның энергетикасын құтқару жолындағы шұғыл операциясы болатын. Еуропа үшін қазақ ураны - Ресей газына тәуелділіктен құтылып, ядролық қуатқа өтудің жалғыз әрі сенімді жолы.

Алайда, бұл жерде ең басты стратегиялық кедергі - логистикалық тұзақ бой көтеріп отыр. Қазақстан қанша жерден әлемдік лидер болса да, оның өнімі әлемдік нарыққа шығу үшін әлі де көршілес мемлекеттердің инфрақұрылымына мұқтаж.

Ералы Нұржұма, саясаттанушы:
«Еуропа да, АҚШ та атом энергетикасына қайта бет бұрып жатыр. Бұл жаһандық деңгейде уранға деген сұраныстың еселеп өсетінін білдіреді. Бірақ бір маңызды мәселе бар — ол логистика. Қазақстан уранының басым бөлігі әлі де ресейлік инфрақұрылым, атап айтқанда Санкт-Петербург порты арқылы өтеді. Демек, Батыс елдері Ресей газынан қашқанымен, қазақ уранын алу үшін бәрібір ресейлік жолдарға тәуелді болып қала береді. Сондықтан біз үшін басты міндет — экспорт бағыттарын жедел әртараптандыру».

Бүгінгі таңда Қазақстан бұл «тұзақтан» шығу үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға күш салуда. Бұл бағыт бойынша уран Каспий теңізі арқылы Әзербайжан мен Грузияға, одан әрі Қара теңіз арқылы Еуропаға жеткізілуі тиіс. 

Дегенмен, бұл жолдың да өз қиындықтары бар: Каспий теңізіндегі кемелердің жетіспеушілігі, порттардың өткізу қабілеті және тасымал құнының ресейлік бағытпен салыстырғанда қымбаттығы. Соған қарамастан, Кавказ арқылы немесе тікелей Қытай порттары арқылы әлемдік мұхитқа шығу - Қазақстан үшін жай ғана таңдау емес, геосаяси дербестікті сақтап қалудың бірден-бір жолы. Егер біз бұл логистикалық мәселені шешпесек, «уран алпауыты» деген мәртебеміз көршілердің транзиттік саясатына байланған күйі қала бермек.

Ядролық «нанды» неге өзіміз пісірмейміз?

Расында да, егер уран ХХІ ғасырдың жаңа «мұнайы» болса, Қазақстан неге әлі күнге дейін сол баяғы «шикізаттық тұзақтан» құтыла алмай келеді? Мақұл, біз бұл салада әлемде біріншіміз: жерді қазамыз, тонналап өндіреміз және жөнелтеміз. Бірақ неге осы уранды өз елімізде толық өңдеп, дайын өнім шығармаймыз? Бидайды сатып, нанды сырттан алғанша, неге сол ядролық «нанды» өзіміз пісірмеске? Бізге не кедергі?

Мәселенің төркініне үңілсек, мұнда орасан зор экономикалық пайда жатыр. Есептеп көрейік: 1 келі ядролық отын алу үшін шамамен 8-10 келі шикі уран жұмсалады. Егер біз бұл ресурсты тек шикізат түрінде жөнелтсек, сол 8 келі уран үшін небары 1200 доллар аламыз. Ал егер оны өзіміз байытып, дайын отын кассетасына айналдырсақ, оның құны нарықта бірден 3000 долларға дейін шарықтайды. Яғни, тек технологияның арқасында өнім құнын еш қиындықсыз екі жарым есеге қымбаттатуға болады. Бұл  мемлекет үшін миллиардтаған доллар қосымша пайда деген сөз.

Алайда, бұл «технологиялық есіктің» біз үшін жабық болуының астарында үлкен геосаяси себеп бар. Уранды байыту - жай ғана зауыт салу емес, бұл - әлемдік геосаясаттың «қызыл сызығы». Себебі, технологиялық шек өте нәзік: уранды 5%-ға дейін байытсаң  - АЭС-ке қажетті бейбіт отын болады, ал егер байыту деңгейін 90%-ға жеткізсең - атом бомбасы шығады.

Дәл осы себепті әлемдік «ядролық клуб» бұл құпияны ешкіммен бөліскісі келмейді. Оларға Қазақстанның тек «қазушы» ролінде қалғаны тиімді. Бізге бейресми түрде «сендер тек қазыңдар, байытуды біз-ақ қатырамыз» деген талап қойылғандай. Сондықтан шикізаттық тұзақтан құтылып, технологиялық дербестікке қол жеткізу - тек экономикалық емес, ең алдымен халықаралық деңгейдегі саяси ерік-жігерді қажет ететін өте күрделі процесс.

Сергей Агафонов, Қазақстандық энергия үнемдеуші ұйымдар қауымдастығының төрағасы
«Уран - 21-ші ғасырдағы стратегиялық ресурс. Әлем көмір мен газдан бас тартып, атом энергетикасына қайта оралып жатыр. Бұл Қазақстанды энергетикалық дипломатияның маңызды ойыншысына айналдырады. Бірақ тәуекелдер де бар. Ресей, Қытай және Батыс бәсекелестігі күшейіп келеді. Екіншіден, экспорттың бір бөлігі әлі де сыртқы инфрақұрылымға тәуелді».

Сарапшылардың пікірінше, бұл технологиялық есікті ашу үшін тек инвестиция емес, мықты саяси ерік-жігер қажет. Қазақстан - уран әлемінің нағыз алыбы. Бірақ бұл алыптың аяқ алысы әзірге шикізат пен логистикалық тәуелділікке шырмалып тұр. 15 миллиард долларлық АЭС жобасы  тек энергия емес, елдің алдағы жарты ғасырлық тағдырын айқындайтын геосаяси таңдау.

Уран  біздің соңғы көзірлеріміздің бірі іспетті. Егер бұл көзірді дұрыс ойнатсақ, Батыс пен Шығыстың арасында нағыз теңгерім орнатып, технологиялық державаға айнала аламыз. Ал қателессек - алпауыттардың арзан шикізат базасы мен миллиардтаған қарыздың иесі болып қала береміз.

Айбек ҚОСАН