2020-2025 жылдар аралығында Қазақстанда жемқорлық қылмыстары бойынша айыпталғандар саны 5,1 мыңнан асқан. Оның ішінде 3,2 мыңы мемлекеттік органдардың қызметкері екені айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ең көп коррупциялық істер тіркелген құрылым – әкімдіктер мен олардың бөлімшелері. Осы кезеңде 1 мыңнан астам мемлекеттік қызметші сот алдында жауап берген. Сондай-ақ 44 әкім әртүрлі жемқорлық ісі бойынша айыпталушы ретінде танылған. Бұл жергілікті деңгейдегі бюджет, жер және ресурстарды бөлу салаларында тәуекелдің жоғары екенін көрсетеді.
Екінші орында ішкі істер органдары тұр. 912 қызметкерге қатысты жемқорлық айыптары сотқа жеткен. Үшінші орында Қаржы министрлігі тұр – 180 қызметкер заң бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі (146 адам), ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (133 адам), Ауыл шаруашылығы министрлігі (104 адам) де айтарлықтай көрсеткішке ие. Тіпті жемқорлықпен күресуі тиіс құрылымдарда да заң бұзу фактілері тіркелген:.
Соңғы жылдары ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 5 қызметкері сотталған.
Таза ведомстволар қайсы?
2020-2025 жылдары бірде-бір қызметкері жемқорлық ісімен сотқа тартылмаған ведомстволар да бар. Олардың қатарында Ұлттық банк, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі бар.
Жалпы алғанда, осы кезеңде 8,4 мыңға жуық адамға жемқорлыққа күдікті деген мәртебе берілген.
Finprom жазуынша, аймақтық көрсеткіш бойынша ең көп істер Астанада (124 іс) және Алматыда (113 іс) тіркелген. Одан кейін Актөбе, Қостанай, Жамбыл және Алматы облыстары тұр.
2025 жылдың өзінде 976 қылмыстық іс тіркелсе, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 407 іс ашылған. Бұл көрсеткіштің төмендеу тенденциясын көрсеткенімен, мамандар оны жемқорлықтың азаюы деп нақты бағалауға болмайтынын айтады.
Сарапшылар дерегінше, ең жиі кездесетін қылмыс – пара алу (147 жағдай), ал пара беру фактілері 130 жағдайды құраған.