Орталық Азия елдері арасында Қазақстанда азаматтардың медициналық қызметке өз қалтасынан жұмсайтын шығыны ең төмен деңгейде болып отыр. Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш небәрі 30,3%-ды құрайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Салыстырмалы түрде айтсақ, Қырғызстанда – 42%, Тәжікстанда – 62%, Өзбекстанда – 64%, ал Түрікменстанда халық медициналық қызметтің 77%-ын өз қалтасынан төлейді.
Бұл Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыруы мемлекет, сақтандыру және азаматтар арасында теңгерімді бөлінгенін көрсетеді. Соның нәтижесінде, тұрғындардың қаржылық жүктемесі төмен, ал медициналық қызметке қолжетімділік жоғары.
Сонымен қатар жан басына шаққандағы денсаулық сақтау шығыстары бойынша да Қазақстан өңірде алдыңғы қатарда тұр, яғни бір адамға шаққанда 576 АҚШ доллары жұмсалады.
Сақтандыруға басымдық берілген
Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмекке ерекше көңіл бөлінеді. Скринингтік тексерулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп, стационарларға түсетін жүктемені азайтады.
Бұл бағыттағы шығындар да жоғары: жан басына шаққанда 42 доллар тұрады. Ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш 10 доллар болса, Қырғызстан мен Тәжікстанда шамамен 8 доллар деңгейінде тұр.
“Дүниежүзілік банктің мәліметінше жан басына шаққандағы денсаулық сақтау шығыстары бойынша Түрікменстан көш бастап тұр — 581 АҚШ долларын құрайды. Қазақстан екінші орында — 576 доллар. Өзбекстанда мемлекет шығысы бір адамға — 192 доллар, Қырғызстанда — 97 доллар, ал Тәжікстанда — 85 доллар”, – делінген ДСМ хабарламасында.
Медициналық сақтандыру жүйесінде де Қазақстан теңгерімді модельді ұстанатыны айтылды: қызметкер 2%, жұмыс беруші 3% жарна төлейді. Бұл жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шығынды бірнеше тарапқа бөліп береді.
Жалпы алғанда, Қазақстанның денсаулық сақтау моделі қаржыландыру көздерінің әртараптандырылуы арқылы тұрақтылықты сақтап отыр.
Ең маңыздысы, азаматтар медициналық қызмет үшін жеке қаражатынан салыстырмалы түрде аз жұмсайды.