homepage
ФОТО: juzmedia.kz

Асқар Жұмаділдаев: Нобель - қазақ үшін қолжетпес арман емес

14.04.2026, 15:20

Ғылымның түрі көп, ішінде жаманы жоқ. Қазаққа сол ғылымның барлығы керек. Ал, енді «біз оны қалай игеріп жатырмыз» деген сұрақ ғылымның төңірегіндегілерді түгел алаңдатады.

Рас, соңғы 5-6 жылда ғылымға бөлінген қаржы едәуір көбейді. Бірақ, дүниенің бәрі салыстырмалы нәрседен тұрады. Мәселенки, біздің ІЖӨ қарағанда ғылымға бөлінетін ақша ол көп емес. Бір проценттің ояқ-бұяғы болуы керек. Дегенмен, мәселе бөлінген қаржының абсолютті шамасында емес, оның қайда кетіп жатқанында. Оның түпкілікті нәтижесінде. Бізде Ғылым министрлігі бар. Ол немен шұғылданады  десеңіз, негізгі жұмысы – грант бөлу. Грантқа көп ақша бөлінеді, бірақ соңы ылғи дау-дамаймен аяқталады. Түбінде ешкім риза болмай тарқасады. Ол түсінікті нәрсе. Өйткені, қазір ғалымдардың негізгі табыс көзі – сол грант, басқа жоқ. Біздің грант беру ережесі – тақырыптың керегіне емес, пайдасына емес, әркімнің қолынан келетін шамасына қарай бағытталады. Яғни, орысша «всем сестрам по серьгам» дейді ғой, сол сияқты әңгіме. Өйткені, оны ала алмай қалғандар шулайды, «құрсын, мыналар шулап кетті, аш құлақ та, тиыш құлақ» деп бөліп-бөліп, майдалап бере салады. 

Ал, ғылымның іргелі тақырыптары бар. Мысалы, аспан мен жұлдызды немесе жер сілкінісін зерттеп жүрсеңіз, ол үздіксіз болуы керек. «Биыл зерттейік, грант бар» деген болмайды. Көңіл күй келгенде немесе грантыңыз болғанда ғана емес – ғылымның үздіксіз жүріп тұратын салалары бар: тәжірибе, бақылау дейтін. Міне, осы бағытқа келгенде, біздің грант бөлу жүйесі дұрыс емес. 

Қаныш Сәтпаев 1946 жылы Мәскеуге сан барып ашқан академия 2003 жылы жабылып қалды. Академиктер жиналып «біз мемлекеттік ұйымбыз, бұл дұрыс емес, еркіндік жоқ, бізге еркіндік керек, сондықтан қоғамдық ұйымға айналайық» деп әңгіме көтереді. Шындығында бұл қолдан ұйымдастырылған мәселе. Дауысқа салады, барлық академик жақтап дауыс береді, біреуі ғана байқаусызда қалыс қалады. Сосын президент Назарбаевқа хат жазады. Ертесінде «академия таратылсын» деген үкімге қол қойылады. Сөйтіп, Сәтбаев академиясының тағдыры бір-ақ күнде шешіледі. 

Мұны көріп өзбектер де, қырғыздар да, Ресей мен Украина да – бәрі де осы үлгіге көшейік деп бастама көтереді. Бірақ, оларда бұл сұрақ ұзақ талқыланған. Мысалы, Ресейде бұл тақырып кем дегенде 2 жыл талқыланады. Осы екі жыл бойы Владимир Путинге кірмеген академик жоқ, ол академияның барлық мүшелерін қабылдаған. Бәрін қабылдап, зерттеп, ақыр соңында мынандай шешімге келеді: академиктер ғылыммен шұғылдансын, бірақ институттар – ол мемлекет меншігінде қалады. Қандай керемет философия! Нәтижесінде, Ресейдің институттарының барлығы қалған, ал бізде академия бір бөлек, ғылым бір бөлек кетті. 

Сәтбаевтың кезінде 46 институт болған, соның бәрі тарқап кетті. Біреуі анау министрлікте, біреуі мына министрлікте, біреуі холдингке, біреуі жекеменшікке өтті. Қазір солардың кейбіреуі бар, кейбіреуі жоқ. Академияның соры – оның тұрған жерінде. 2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев академияны қайта қалпына келтіру туралы Жарлыққа қол қойды. Академиядан бізге екі  мұра қалды: бірі – академия дейтін аты, екіншісі – 150 академик. Бір тиын, бір грамм ақша жоқ, касса – нөл! Бір институт жоқ, бәрі жан-жаққа кетті. Жүйе толық жойылған. Өзге елдер қанша қиын болса да, жүйені сақтап қала алды. Мысалы, өзбектерде, қырғыздарда жүйе қалған. Олар біздікіндей институттарын тарқатпаған, олардың жеріне ешкім тиіспеген. Ғылым академиясын біз қазір жалдап тұрамыз, былайша айтқанда квартиранттармыз. 

Сәтпаевтың кезінде академияның өз автобазасы, құрылыс комбинаты болған, өздері квартира салған, жатақханасы, саяжайы, емханасы болған. Ең бастысы, институттары, лабораториялары, өндірістік мекемелері болған. Мысалы, Минералды шикізат институтында 6000 адам жұмыс істеген. Геология институтының арқасында біз бүгін қызығын көріп, шалқып өмір сүріп жүрген шикізаттар табылды. Мұнай, газ, көмір, мыс - бәрі сол кезде табылған. Қазір біздің бюджетке түсіп отырған пайдалы қазбалар - сол кездегі еңбектің, сол кездегі ғылымның, ғалымдардың арқасы. Кейін бәрі тарқап кетті. Орнына қонақ үй салынды, ресторан салынды, түбінде бәрін құртып тынды. 

Қазір академияда екі проблема бар: біріншісі - өзінің бюджеті болмауы, екіншісі -  институттардың жоқтығы. Онын біз ашуымыз керек, құруымыз керек қайтадан. Бұл ең басты негізгі, керекті шарт. Тұрақты бюджет керек, оны парламент бекітуі керек. Қазір біз министрлікке қараймыз. Негізі біздің «президент жанындағы» деген дардай атымыз болғанмен, іс жүзінде Ғылым комитетінің төрағасының орынбасарына бағынамыз. Төрағаның орынбасарына барып, жалынып, ақша сұраймыз. Сондықтан да ғой, жастардың ғылымға қызықса да, салаға келгісі келмейтіні. Мен секілді бірлі-екілі шалдардың қауқайып отырғанынан түк шықпайды. Мәселе - жастарда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында үш рет болдым. Бір қабылдауыда, «не бұйымтайың бар?» деп сұрады. Мен жас ғалымдарға жатахана, баспана сұрадым. Қанша керек деді? Қапелімде не айтарымды білмей, 100 дедім, ол «жарайды 200 болсын» деді. Қазір жас ғалымдардың пәтерлі болып жатқаны содан. 

Академияның ресми атауы – Коммерциялық емес акционерлік қоғам. Біз мысалы өзіміз институт ашамыз десек, оған заңмен тыйым салынған. Ақшаны да жұмсай алмайсың. Ақшаны жұмсаймын десең, тендерден өтуің керек. Мысалы, Назарбаев университетін алайық, оның статусы қандай? «Автономиялық оқу мекемесі» дейді. Бұл Назарбаев университетіне жасалған арнайы, айрықша заң. «Автономия» деген өзіңді өзің басқарасың деген сөз. Олар министрлікке бағынбайды, олар ақшаны өз керегіне жұмсайды, біз берілген ақшаны қайда жұмсағанымызды тәпіштеп, министрлікке отчет беруден босамаймыз. Мен өмір бойы жазбаған қағаздарды бір жыл бойы жаздым ғой, Құдай салмасын, өмірі істемеген тірлігім еді, енді амал жоқ. Бір жағынан, маған сабақ болды. Бюрократия не екенін, қалай істеу керектігін үйрендім. 

Бізге керегі - институт құрудың жаңа жолы. Мынау Германияда Макс Планк қоғамы бар (Max-Planck-Gesellschaft). Макс Планк деген кім? Ол - Нобель сыйлығының лауреаты, кванттың бір өлшемін тапқан адам. Негізі бұл қоғамды құрған - Пруссияның королі Вильгельм, Германияны біріктірген адам. Германия мемлекет ретінде екі жүз-ақ жыл өмір сүріп жатыр. Оның алдында олар бытыраңқы болған: Саксония, Бавария тағы басқасы бар. Сонда Вильгельмнің ең бірінші істегені «бізге ғылым керек, технология керек, сол үшін ғылымнан бастауымыз керек» деп, институттар ашқан. Яғни, Макс Планк қоғамының міндеті - институттар ашу, ғимарат салу, құрал-жабдық әкелу, ғалымдарды жинау. Қазір бұл қоғамда 80-нен астам институт бар. Соның жартысы – физикаға тиесілі. Бізде де сондай жүйе болу керек. 

Мен «Фараби қоғамын» құруды ұсынып жүрмін. Менің айналамда бай адамдар көп. Олар ақшасын ғылымға құюға әзір. Біреуі ғимарат беруі мүмкін, біреу ақшалай беруі мүмкін. Бірақ, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, бюрократиялық болсын, басқасы болсын әйтеуір, түрлі кедергілер көп. Бізде «активтерді қайтару комитеті» деген мекеме бар. Олардың пікірінше, ақшасы бар адамдардың бәрі ұры. Кешіріңіз, Нобель деген кісі болған. Ол кісі бай адам. Ұлты швед, әкесі кедейленіп қалып, Ресейге қоныс аударады. Ресейде ол кезде бизнес жасау оңай болатын. Содан байып кетеді. Нобель деген соның бір ұлы. Ол мектепте оқымаған, оған екі репетитор жалдап қойған, бірі әдебиет, екіншісі химияны үйреткен. Сондықтан болар, ғылымға да, әдебиетке де әуес болып өседі. Нобель өз өмірінің соңында «байлығымның 94% ғылымға беремін» деп өсиет қалдырған. Оның бұл әрекетін туыстары түсінбеген, түсінгісі де келмеген. Ақыр аяғында Нобель күллі бір ұлттың атын шығарып, тарихта қалдырды. Қазақтан Нобель шыға ма шықпай ма? Шығу керек. Шығады. Менің айналамда жүр сондай адамдар. 

Мен 70-ке толдым. Мен туған күнімді жасаған жоқпын. Тоқаев та жасамайды. Мен одан үлгі аламын. Туған күніме ешкімнен, ештеңе сұрағаным жоқ. Бірақ, әйтеуір сыйлап жатады. 4 көлік сыйлады. Маған ештеңенің керегі жоқ. Менің діттегенім - ғылымды дамыту, институттар ашу. Менің мақсатым - өзіме емес, болашаққа қалдыру. «Міне, ғимарат, міне, құрал, міне, ақша әрі қарай дамыт, үйрен». Мұраға, сабақтастыққа бірдеңе қалдыруымыз керек қой. Бірақ, егер бәріне бұлай күдікпен қарай берсек, ештеңе дамымайды. Ғылым сеніммен дамиды.

Прогресті «жындылар» жасайды. «Жынды» дегенде, ғалымның түріне қарасаң бірден танисың, әйтеуір өзім бірден танимын оларды: шашы жалбыраған, жыртық бәтеңке киген. Мен үшін онда тұрған ештеңе жоқ. Менің студенттерім бар, сұмдық ақылды. Кейде өзім жақсы жұмыс істегендеріне түскі ас алып беремін. 100 долларлық сыйлығым да бар. Кеше Дубнада болдым. Сол Дубнада 80-дей қазақтың баласы керемет жаңалық ашуға дайындалып жатыр. Қазіргі Менделеев таблицасында 118 элемент бар қазір, соның 119-элементін табылуы мүмкін, осы күзде белгілі болады. Мінекей, ертең 119-элементті алатын болса, сол Нобель сыйлығына лайықты ғылыми жаңалық болады. Соның ішінде біздің қазақтың балаларының да үлесі болады. Мен көріп келдім, ақылды балалар ғой, тез үйреніп жатыр. Алдағы 20–30 жылда кім біледі, солардың арасынан «Нобель сыйлығының» иегері неге шықпайды деп ойлайсыз? Егер бізде ғылымға деген көзқарас дұрыс болса, ол міндетті түрде шығады. 

Бірақ, бұл жерде тағы да проблема бар: Тоқаев үш жылдан кейін кетеді, үшінші президент кім болады? Кейбіреулер айтады, «сен неге басшыларды мақтай беретін болғансың, бұрын ондай емес едің» деп. Мен айтамын: шындығында мен өзгерген жоқпын, мен бұрын қандай болсам, қазір де сондаймын. Мен ғылымға көңіл бөлген, ғылымды қолдаған адамның бәрін мақтаймын. Мысалы, Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын ашты. Оның идеясын айтқан мен. Әрине, мен айтпасам ашпайды деген әңгіме жоқ. Бірақ ашқанын қолдап, мақтадым. Ол рас, ол дұрыс болды. Ал, Тоқаев академияны ашты, ол көп нәрсе беріп жатыр. Ертең үшінші президент те парасатты адам болады деп ойлаймын. Бірақ, оның ғылымға деген көзқарасы қандай болады екен?  Ғылым академиясын тағы жауып тастап жүрмей ме? Менің оған сенімім жоқ. Ол үшін екі нәрсе керек. Ғылым өзінің керектігін көрсетуі керек, жақсы нәтижеге шығуы керек, жақсы ғалымдар шығуы керек. Бұған келетін болсақ, бізде жақсы ғалымдар бар, ақылды жастар көп. Демек, Қазақстанда ғылымның болашағы бар. Тек соны жүнжітпей, дұрыс саясат ұстанып, дұрыс бағытта дамыта білу керек. Қазаққа ғылым көп пайда әкелді және әкеле де береді. 

Сөз соңында, өзім талмай айтып жүрген менталитет туралы тағы да айтып өткім келеді. Өкінішке қарай, бізде зиялы қауым өз жауапкершілігін сезініп отырған жоқ. Баяғы сол стереотип төңірегінде жүр. Қалыптасып, қатып қалған түсінік. Жаттап алған нәрсесін қоймайды. Біздің Абай шыны керек, ит пен құсқа жем болды. Абайды зерттемеген адам қалмады, студенті де, магистрі да, кандидат, доктор, академигі де – бәрі де Абайды данышпан дейді, бірақ ашпайды. «Біз Абайды әлі күнге дейін түсінгеніміз жоқ» дейді. Ал, мен осы сөзді түсінбей-ақ қойдым. Қалай сен бәленбай жыл зерттейсің, бірақ түсінбейсің?! Абай сонда не, шайтан ба?! Мен үшін Абай ең түсінікті тұлға. Оның өмір сүру алгоритмі өте күшті. Өте дәл айтады. Және басыңнан балғамен ұрғандай қылып дөп айтады. Ешқандай мәймөңкелемей. Абай айтады «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл. Егер сәулең болмаса, мейлің тіріл, мейлің өл», «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дейді. Мінеки, осындай данышпан сөздер. Жай ұйқас үшін емес, нақ айтып тұр. Басыңыздан ұрып, тоқпақтап айтып тұр. Мінеки, мен сол үшін құрметтеймін. Оны түсінетін несі бар? Неге түсінбеймін деп айтады, өйткені тақырып керек оларға. Бұл – ғылым емес. Бұл құр сөз. Қазаққа құр сөзді қоятын уақыт жетті. Іс қылмақ керек. 

АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ, АКАДЕМИК,

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ