Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Boxy Wealth» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті бір жыл бойы Алматы аумағында жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарған. Жоба «www.boxywealth.com» интернет-ресурсы мен мессенджерлер арқылы жұмыс істеген. Алдымен «Күнделікті табыс» чатында халық тұтынатын тауарлар туралы ақпарат жарияланып, кейін азаматтар инвестициялық платформаға тартылған.
Қатысушыларға әртүрлі пакеттердің бірін сатып алып, күн сайын жарнамалық материалдарды қарау ұсынылған. Осы үшін тәулігіне 5%-дан 10%-ға дейін табыс уәде етілген. Сонымен қатар жаңа адамдарды тартқаны үшін бонус беретін рефералдық жүйе де іске қосылған.
Салымшылардың қаражаты жеке тұлғалардың банк шоттары арқылы қабылданып, кейін P2P операциялары арқылы криптовалютаға аударылған. Сенім қалыптастыру мақсатында компания тіркеліп, кеңсе ашылған, жарнама жүргізіліп, салымшыларға жалған «табыс» көрсеткіштері ұсынылған.
“Нәтижесінде 78 жәбірленуші қаржы пирамидасына 110 млн теңгеден астам қаражат салған. Күдікті қамауға алынып, сот санкциясымен оның Алматы қаласындағы жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды”, – делінген Қаржылық мониторинг агентігінінің хабарламасында.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға инвестициялық жобаларға қаржы салмас бұрын олардың заңдылығын мұқият тексеруге кеңес береді.