homepage
Видеодан кадр

Банктердің жаңа талабы: жеке тұлғаларға несие алу шектелді

09.04.2026, 10:23

Енді екінің бірі кредит ала алмайды. Тіпті ломбардқа берешегің болса да банкке беттей алмайсың. Саланы реттейтін жаңа заңда жеке тұлғаның төлем қабілеті терең зерделенбек. Бұл «жұртшылық қарыз қамытын киді» деп талай мінберде көтерілген мәселеге қарымта қадам болмақ,  деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

«Банктер және банк қызметі» туралы құжатта халық пен бизнеске қызмет көрсетудің қауіпсіздігі мен сенімділігі қамтылған. Бастысы – басымдық банкке ғана емес, тұтынушылардың құқықтарын жүйелі қорғау да көзделген. Енді іс жүзінде уақыт көрсетеді.

Банктер баяғыдан бабында. Ұйқысы тыныш, ұпайы түгел. Қарызды да, пайызды да ойдағыдай орындап отыр. Тұншықтырғаны – тұтынушылық кредит. Елдегі еңбекке қабілетті 9 млн-нан аса адамның несиесі бар. Көлемі 14 трлн теңгедей. Соның 90 күннен кешіктірілгені 1 трлн 65 млрд теңгеге жеткен. Бұдан қаржы ұйымдарының мұрты қисаймаса да, мұраты дұрыс емес. Себебі экономиканы өрге сүйреуші – шағын-орта бизнесті маңайлата бермейді. Мәселен, кәсіпкерлікке 6 трлн теңгедей тиген. Ал әлемдік тәжірибеде оның үлесі жалпы несиелеудің 40 пайызына пара-пар.

“Азаматтарға несиені неғұрлым жеңіл және еш тәуекелсіз бере берсек болашақта бұл үлкен қордаланған мәселеге айналып кетуі мүмкін. Екіншіден банктердің өздеріндегі ішкі мәселенің көбейіп кетуіне, кей банктердің төлем қабілетінің немесе рейтингтерінің төмендеуіне, тіпті, банкрот болып қалуға да әсер етеді. Сол үшін жалпы біз әлемдік тәжірибені ескере отырып, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтындай» жағдай жасауымыз керек”, – деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Бұрын банктер қамсыз еді. Халық қарызын колекторларға сататын. Олар амалын тауып, берешекті алады. Бермесе қоқан-лоқы көрсетсе де борышкердің қалтасын қағады. Алайда асқанға тосқан. Тықыр таянды. Келер жылға дейін мораторий.

“Біріншіден, проблемалық қарыз алушыларға кредит беру шектелді. 2024 жылғы Заңмен егер мерзімді 90 күннен аса кешіктіру болса, кредиттер беруге тыйым салынды. Екіншіден, кредит беру өлшемдері күшейтілді. 5 жылдан астам мерзімге кепілсіз кредиттер беруге тыйым салынады. 3-5 жылдық қарыздар бойынша тәуекел-саралау 350%-ға дейін көтерілді. Жақында қарызы есептен шығарылған немесе қайта құрылымдалған қарыз алушыларға жаңа кредиттер беруге тыйым салынды”, – дейді ҚР ҚНРДА Сыртқы коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары Құралай Құдайберген.

Негізі қаржы ұйымдарына кредит беруге қатысты қатаң қағида 6 жыл бұрын енгізілген. Қарыздық жүктеме коэффициентін ескеру керек. Талапқа сәйкес табысыңның жартысы ғана рәсімдеген несиеңнің өтемі болуы тиіс. Бірақ сол ереже көбіне елеусіз қалды. Бұны термин тілімен KDN десе, енді жаңа заңға сәйкес KDD дегені қосақталып жатыр. Мағынасы – тұтынушының жалпы берешегінің жылдық табысының ара салмағы.

“Бұл екеуі коммерциялық банкке барып, ресми жалақы туралы анықтама және зейнетақы қорынан көшірме берген кезде күшіне енеді. Осындайда сіздің кірісіңіз ғана қаралмайды. Тіпті басқа банктердегі қарызыңыз уақытылы төленсе де, мәселен қосымша ипотекалық несие рәсімдей алмауыңыз мүмкін. Ал гарант тарту, кепіл қою дегендер іс жүзінде шешілмейтін мәселе. Мұнда ең маңыздысы, азаматтардың табыс деңгейін көтеру немесе нарықтағы шаршы метрді төмендету керек. Егер осы екі фактор шешілмесе, аталған пруденциалдық нормативтер енгізілгенін ескерсек, ипотекалық несиеге өтінімдер азаяды”, – деді банк саласы бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.

Қазақ банктері ресурсқа бай елдер ішінде ең көп пайда табады. Президент осылай деген. Демек дивидендіне сәйкес өтеуі де тиіс. Жалпы 2007 жылдан бері мемлекет банктерді қолдауға 6 трлн 600 млрд теңге жұмсаған. Алайда банк акционерлері дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға қатыстырылмады. Енді Еуропа одағымен салыстырайық. Ондағы акционерлер мен ірі кредиторлар көмекпен бірге міндетті түрде жауапкершілікті қатар алады. Бірақ біздің банктерге зейнеттесің бе, бюджеттесің бе әлде кәсіпкерсің бе, бәрібір. Отандық банктер өзіне ыңғайлы климат жасап алған. Себебі банк туралы 30 жыл бұрын жазылған заң заман ағымынан қалған еді. Енді жаңасы жазылды. Ұшпаққа шығара ма? Тәжірибе көрсетеді.