homepage
Фото ЖИ арқылы жасалды

Қазақстандықтар табысының қанша бөлігін азық-түлікке жұмсайды

03.04.2026, 14:59

Қазақстандықтар табысының едәуір бөлігін азық-түлікке жұмсап келеді. Сарапшылар дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тамаққа кететін шығындар жалпы бюджеттің 47,8%-ын құраған. Ал 2026 жылғы ақпанда азық-түлік бағасы бір жыл ішінде 12,6%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Finprom зерттеуінше, орта есеппен бір қазақстандық азық-түлікке және алкогольсіз сусындарға жылына 615,5 мың теңге жұмсайды екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,9%-ға көп көрсеткіш.

Осылайша, халық табысының 42,5%-ы азық-түлікке кетіп отырғаны айтылады. Сарапшылар мұның басты себебі бағаның өсуі екенін айтады. 2025 жылы азық-түлік бағасы орта есеппен 10,3%-ға көтерілсе, 2026 жылдың басында өсім қарқыны тағы біршама көтерілген.

Әсіресе аймақтар арасында айырмашылық айқын байқалып отыр.

“Мәселен, Жетісу облысында тұрғындар табысының 55,7%-ын, Жамбыл облысында – 56,4%-ын, ал Түркістан облысында 57,2%-ын азық-түлікке жұмсайды. Алматыда бір адамға шаққандағы шығын ең жоғары көрсеткішті көрсетті – жылына 843,1 мың теңге, яғи жалпы шығындағы үлесі 48,6%-ға жеткен. Ал ең теңгерімді көрсеткіш Астанада тіркелген – 42,6%”, – делінген зерттеуде.

Ең көп шығын ет өнімдеріне кетеді 

Қазақстандықтардың азық-түлік шығыны құрылымында ет пен ет өнімдері бірінші орында тұр. Бұл санатқа барлық шығынның 34,4%-ы немесе адам басына шаққанда 211,6 мың теңге жұмсалған. Бір жыл ішінде мұндай шығындар 18,1%-ға өскен.

Одан кейін нан мен жарма өнімдері (14,7%), сондай-ақ сүт өнімдері (10,6%) тұр. Осы үш санат жалпы азық-түлік шығынының шамамен 60%-ын құрайды. Ал жеміс-жидек пен көкөніске жұмсалатын қаржы салыстырмалы түрде төмен – тиісінше 9,1% және 7,7%.

Балық пен теңіз өнімдеріне шығын бар болғаны 4,4%, ал жұмыртқаға 2,1% ғана шыққан. Бұл тұтыну құрылымының арзан әрі қолжетімді өнімдерге қарай ауысқанын көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, баға өсімі сақталса, азық-түлікке кететін шығын қайтадан 50%-дан асып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда халықтың басқа тауарлар мен қызметтерге жұмсайтын мүмкіндігі азайып, өмір сүру деңгейіне кері әсер етеді.