Қазақстанда көпшілік үшін зейнетақы тек заңмен бекітілген әлеуметтік кепілдік ретінде қабылданады. Алайда қазіргі экономикалық шындық басқаны талап етеді: бүгінде 60 жастан асқан азаматтардың еңбек нарығындағы нақты белсенділігі бірінші орынға шықты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ - OECD) 2025 жылғы «Pensions at a Glance» есебіне сүйенсек, тек зейнет жасын көтеру жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды. Егер зейнеткерлер жұмыс істеуін тоқтатса, мемлекеттік бюджетке түсетін салмақ еселеп арта бермек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Economy kz.сарапшыларының жазуынша, енді демографиялық өзгерістер бұл мәселені ушықтыра түспек. Бүгінде 65 жастан асқан адамдар саны еңбекақы төлейтіндердің санынан тез өсуде. OECD елдерінде орта есеппен 55-64 жас аралығындағы адамдардың 65,5% жұмыспен қамтылса, 65-69 жас аралығында ол тек 25,7%-ға дейін төмендейді.
Айта кетсек, ЭЫДҰ негізінен, дамыған және дамушы экономикасы бар 38 елді біріктіреді, оған Қазақстан мүшесі емес, бірақ ұйым зерттеулерінде еліміздің де деректері талданады.
60 жастан кейінгі кезең – ең осал сәт
Негізгі қиындық 60 жастан бастап еңбек нарығынан толық кетуге дейінгі аралықта туындайды. Осы кезеңде адам табысынан айырылып, жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болады, жасына байланысты кедергілерді сезіне бастайды. Ал толық қаржы тұрақтылыңына жету оңай емес.
Оған денсаулық жағдайы, ұмытыла бастаған дағдылар, жасқа байланысты кемсіту, үлкен жастағы жұмыс күшіне сұраныстың аздығы сияқты себептер кедергі болмақ.
ЭЫДҰ деректеріне сүйенсек, 55-64 жас аралығындағы азаматтардың еңбекке қатысу деңгейі орта есеппен 65,5%-ды құрайды. Алайда 65-69 жас аралығында бұл көрсеткіш 25,7%-ға дейін күрт төмендейді. Бұл статистика 60 жастан асқан соң адамдардың басым бөлігі еңбек нарығынан шығып кететінін айғақтайды.
Сонымен қатар халықтың қаржылық тұрақтылығы да әлсірей түсуде. Зейнет жасындағы адамдар жұмыс істемесе, олардың кедейлік шегіне түсу қаупі артады.
«Болашақта қысым бұдан да бетер күшейеді. Зейнетақы коэффициенттері төмендеп, төлемдер бұрынғы табыстың аз ғана бөлігін жабатын болады. Көпшілік үшін 60 жастан кейін еңбек ету – қоғамға пайдалы болу ғана емес, күн көру үшін қажеттілікке айналады», - деп ескертеді сарапшылар.
Тәуекелге ұшырайтын топтар
Күрделі жағдайда қалатын негізгі топ - біліктілігі төмен жұмысшылар. Олар еңбек нарығынан ерте ысырылып, мардымсыз зейнетақы алады және толықтай мемлекеттік әлеуметтік көмекке тәуелді болып қалады.
Айта кетерлігі, соңғы жылдары 55-69 жас аралығындағы еңбек белсенділігінің өсуі, негізінен, жоғары білімі бар мамандар есебінен тіркелген.
Нәтижесінде, әлеуметтік жағдайы жақсы және осал топтар арасындағы алшақтық ұлғая бермек.
Сарапшылардың пайымдауынша, демографиялық үдерістер зейнетақы жүйесіне кері әсер етуде: 65 жастан асқандардың саны артып, жарна төлейтін жұмыс күші азайып келеді. Кейбір елдде алдағы онжылдықта жұмыс күші 30-35%-ға қысқаруы мүмкін. Мұндай жағдайда 60 жастан асқан азаматтардың экономикалық белсенділігі ерікті таңдау емес, заман талабы болып қалмақ.
Қазақстанда жағдай қалай болмақ?
Бұған дейін ҚР Парламенті Сенатында зейнетке шығуды жас мөлшеріне емес, еңбек өтіліне негізделген жүйеге кезең-кезеңімен көшіру ұсынылды.
Бұл бастама егде жастағы адамдардың лайықты табысын сақтауға мүмкіндік беретін маңызды реформалық қадам ретінде қарастырылуып отыр.
Айта кетерлігі, елімізде жұмыс істейтін 2 млн-ға жуық адам зейнетақы жарналарын жүйелі түрде төлемейді және тек ең төменгі базалық зейнетақыға ғана сенім арта алады.