Қазақстанда жұмыс берушілер үшін еңбекақы қорына түсетін салық жүктемесі тым жоғары. Аталған мәселеге орай ҚР Парламенті Мәжілісінің Айтуар Қошмамбетов Үкімет басшысына сауал жолдап, жалақыдан алынатын барлық төлемді біріктіріп, ортақ мөлшерлемені 20-25% деңгейіне дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жалақының 41%-ы салыққа кетеді
Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, қазіргі жүйе бойынша адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерге салық төлеу тиімсіз болып отыр. Мысалы, орташа айлық 430 мың теңге болса, оның 146 мың теңгесі түрлі төлемге жұмсалады. Соның нәтижесінде қолға тиетін жалақыға шаққандағы салық жүктемесі 41%-дан асып кетеді.
“Бұл көрсеткіш басқа санаттармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Яғни жалдамалы жұмысшының салық жүктемесі жеке кәсіпкермен салыстырғанда 2,5 есе, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен салыстырғанда 9 есе жоғары. Сондай-ақ еңбекке салынатын салық (40%) дивидендтер мен пайдадан алынатын салықтан (25%) әлдеқайда көп”, – деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, бұл экономикаға «жұмыс орнын ашқаннан көрі, тек пайда тапқан тиімдірек» деген теріс сигнал береді.
Көлеңкелі экономикадан шығудың жолы
Салықтың ауырлығынан көптеген жұмыс берушілер еңбек қатынастарын ресми рәсімдеуден қашады. Соның салдарынан мемлекет бюджетке түсетін салықтан қағылады және азаматтар әлеуметтік қорғаусыз және зейнетақысыз қалады.
Депутаттың есебінше, егер салық мөлшерлемесі 20-25%-ға дейін төмендетілсе, көлеңкеде жүрген 500 мың адам ресми тіркеліп, бюджетке қосымша 300 млрд теңгеден астам қаражат түсуі мүмкін. Ал бейресми жұмыс істейтіндер түгел қамтылса, бұл сома 1 трлн теңгеден асуы мүмкін.
«Бір терезе» қағидаты және цифрландыру
Мәжілісмендер 2023 жылдан бастап енгізілген біріңғай төлем тетігін негізге ала отырып, мынадай талаптар қойды:
Оңтайландыру, яғни салық режиміне қарамастан, шағын бизнес үшін еңбекақы қорынан алынатын барлық төлемді бір арнаға тоғыстыру;
Әкімшілендіру, яғни төлемдерді екінші деңгейлі банктер немесе мемлекеттік органдар арқылы «бір терезе» қағидатымен, бір ғана құжатпен жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру;
Халықаралық тәжірибені, яғни Эстония, Ұлыбритания және Финляндия сияқты елдердің сәтті үлгілерін қолдану.
«Бүгінде біздің алдымызда екі таңдау тұр: не адал еңбек бәрінен қымбатқа түсетін қазіргі жүйені сақтап қала береміз, не ақиқатты мойындаймыз. Қағаз жүзіндегі 40 пайыздық салық пен көлеңкедегі орасан зор нарықтан гөрі, миллиондаған жаңа ресми жұмысшылардан 20-25 пайыз салық жинаған әлдеқайда тиімді», - деді Айтуар Қошмамбетов.
Мәжіліс депутаттары Үкіметтен осы бастама бойынша егжей-тегжейлі есеп пен фискалдық талдау жүргізуді сұрады.