homepage
ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі

«Өздерің қош көретін елге неге кетпейсіңдер?!» – депутат теріс ағым өкілдерін сынады

01.04.2026, 14:38

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдап, қоғамда белең алып бара жатқан псевдодіни ағымдар мен олардың ақпараттық кеңістіктегі ықпалына қатысты алаңдаушылық білдірді. Депутат бұл құбылыстың тек жеке мәселелер шеңберінен асып, ұлттық мәдени бірегейлік пен қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Псевдодіни ағымдар: қоғамға төнген қатер

Ермұрат Бапидің айтуынша, интернетте діни тақырыпты жамылған күмәнді «авторитеттер» халықтың санасына әсер етіп, дәстүрлі құндылықтарды бұрмалап келеді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тараған бірқатар даулы мәлімдемелер қоғамда үлкен резонанс тудырған.

«Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық», – деді депутат.

Ол әсіресе өзін «имам» ретінде таныстырған тұлғаның отбасы мәселесіне қатысты айтқан даулы пікірін сынға алып, мұндай әрекеттерді адамгершілікке де, заңға да қайшы деп бағалады.

«Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті.

Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек», - деді ол.

Депутат мұндай мәлімдемелер тек қоғамдық нормаларды ғана емес, қолданыстағы заңнаманы да өрескел бұзатынын айтты. Оның пікірінше, адамды «сыйға тарту» секілді әрекеттер адам саудасы ретінде қарастырылуы тиіс.

«Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген “шариғатын” шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек», – деді Ермұрат Бапи.

Сонымен қатар мұндай даулы тақырыптарды жариялаған медиа өкілдерінің де кәсіби жауапкершілігіне назар аударды.

Наурызға қарсы пікірлер – ұлттық құндылыққа сын

Сауалда тағы бір мысал ретінде Наурыз мерекесін жоққа шығаратын видеолар сөз болды. Депутат мұндай пікірлерді тек діни көзқарас емес, ұлттық дәстүрге қарсы әрекет ретінде бағалады.

«Екінші бір керанау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жаниялаған сақалы бар мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы. Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды!

Бірақ, құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді! Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын», - деді ол.

Жастар санасына әсері және «ақпараттық терроризм»

Депутаттың айтуынша, ең үлкен қауіп – мұндай идеологияның жастар арасында кең таралуы. Әлеуметтік желілерде тарайтын теріс уағыздар олардың дүниетанымына тікелей әсер етуде.

«Ең бастысы - бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Сырттан сіңген теріс діни усойқы уағыз, әсіресе, буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысып, оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған, дәстүрлі құндылықтардан қағылу, елдік мүддеден ажырау қатеріне іліккен жастар “жоғалған ұрпаққа” айналуы ғажап емес.

Теріс діндарлар риторикасындағы о дүниеге барып, көріп келгендей айтылатын махаббат жұмағы мен “нәпсі ләззатына кенелу” насихаты нақты руханияттан жұрдай, табиғи руханилықпен ешқашан сыйыса алмайды.
Олардың уағызында Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мейрамды, тіпті мемлекеттік мерекелерді атап өту - харам! Туған күн, шілдехана, тұсау кесу, беташар - харам, ешқайсысын тойлауға болмайды. Яғни, біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен!» - деді депутат.

Заңнаманы күшейту қажет

Депутат Бас прокуратурадан және тиісті органдардан діни араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерге қатаң шара қабылдауды сұрады. Атап айтқанда, мұндай жағдайларда тек әкімшілік жаза жеткіліксіз екенін айтты.

«Құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді! Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын дғпутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын», - деді Ермұрат Бапи.

Осылай деген депутат ұлттық мұрат пен халықтық мұраға орасан зор залалын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болатынын ескертті.

«Өздеріңіз қош көретін ортаға неге қоныс аударып кетпейсіздер?»

Осы ретте депутат Ермұрат Бапи теріс діни ағым өкілдеріне тікелей сауал жолдап, олардың ұстанымдарын сынға алды.

«Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі қоғамда қауіпті сипат алып отырған бұл құбылысты «ақпараттық терроризм» ретінде бағалауға болады. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер қоғамдық құндылықтарды бұзып, адамдардың санасына теріс идеологияны күштеп сіңіруге бағытталған.

«Діни басқармаға сын»

Сөз соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысына қатысты ұсыныс білдірілді. Депутаттың пікірінше, ресми діни институттар мұндай жағдайларға дер кезінде үн қатып, цифрлық кеңістікте белсенді болуы қажет.

«Мәселен, жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткнрлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, “сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің кебін киген тәрізді.
Қарапайым тілде “ДУМК” деп, қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін», - деді Мәжіліс депутаты.

Осылай деген депутат «ДУМК өз жұмысын қайта қарап, онлайн ортадағы діни кикілжіңдерге жедел әрекет етуі тиіс екенін, қоғамды теріс уағыздардың ықпалында қалдыруға болмайтынын айтты.