Қазақстан былтыр 25,8 мың тонна уран өндірген. Бұл әлемдік өндірістің 40% тең көрсеткіш. Қазақ уранына «құда түсушілер» қатары көбейді. Күні кеше Макрон мінберде тұрып “ЕО елдері Ресей уранын қазақстандық шикізатпен алмастыруы керек” деп мәлімдеме жасады. Ал, дәл осы уран Ақ үй басшысын тұңғыш рет қазақ топырағына табан тигізуіне түрткі болатын түрі бар.
Еуропа емеуріні мен Трамптың “тәбеті”
2023 жылдың күзінде Елисейдің иесі Макрон мырза Астанаға сапарлап келген. Сол сапардың мәнін сарапшылар бірден кесіп айтты. Макронды Қазақстанға тек уран ғана апаруы мүмкін. Содан бері екі жарым жыл өтті. Қазақ уранына деген Макронның ықыласы әлі де бәсеңдеген емес. Осы наурыз айында Парижде өткен әлемдік ядролық энергетика саммитінде сөз сөйлеп, “Ресей шикізатын қазақ уранымен алмастыратын уақыт жетті” деп мәлімдеді.
“Франция әлемдегі ең «атомдық» мемлекеттердің бірі. Оның электр энергиясының басым бөлігі атом станцияларынан өндіріледі. Сондықтан Франция үшін тұрақты уран жеткізу ұлттық энергетикалық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан үшін бұл жай ғана экспорт бағыты емес, ұзақ мерзімді серіктестік. Француз компаниялары, әсіресе “Orano Group” – қазақстандық жобаларға бұрыннан қатысып келеді. Егер бұл бағыт күшейсе, Қазақстан Еуропаның негізгі уран жеткізушілерінің біріне айнала алады”, - дейді cаясаттанушы Ералы Нұржұма.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Францияда қазірдің өзінде 57 ядролық реактор жұмыс істеп, қуат көзіне деген қажеттіліктің 75%-ын жабады. Еуроодақта жаңа атом электр станцияларын салуды қолдайтын 15 елді біріктірген «атом альянсын» құрды, оған жетекшілік етіп отырған да осы – Франция. Айтпақшы, Париж саммитінде Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен маңызды мәлімде жасады: Еуроодақ жаңа атом электр станцияларын сала бастайды. Еурокомиссия төрағасы кейбір елдердің атом энергиясынан бас тартуын “стратегиялық қателікке” балап, Брюссель жаңа АЭС салуға қаржылай қолдау бөлетінін мәлімдеді. Бұл – Еуроодақ үшін үлкен бетбұрыс. Өйткені, осыдан 15 жыл бұрын Жапониядағы “Фукусима-1” АЭС-індегі апаттан кейін Германия, Испания, Австрия секілді мемлекеттер атом энергетикасы өндірісінен түбегейлі бас тартқан-ды. Германияда жұмыс істеп келген 37 АЭС-тің соңғысы 2023 жылы жұмысын тоқтатқан.
Париждегі саммиттен кейін іле-шала АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанға уран импортына санкция енгізбейтінін мәлімдеді. Бұл қазақ уранының енді жай ресурс қана емес, геосаяси ықпал құралына айналғанын көрсетеді. Себебі, АҚШ-тың өзінде өндірілген байытылған уран елдегі реакторлық отын қажеттілігінің 29%-ын ғана қамтамасыз етеді. Қалған көлемді шетелден сатып алады, ал негізгі жеткізушілердің бірі – Ресей (шамамен 27%) болған. 2024 жылы Байден әкімшілігі Ресейден уран импорттауға 2040 жылға дейін тыйым салды.
Былтыр Тоқаев Трампқа дипломатиялық мезірет жасап, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны есте. Сарапшылар да дәл қазіргі әлемдік геосаяси ахуал мен табиғи ресурстар жеткізілімінің өзгеруі АҚШ көшбасшысының біздің елге келу жоспарын жылдамдатуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
“Теориялық тұрғыдан алғанда Трамп келуі мүмкін, бұл АҚШ президенттерінің арасында Қазақстанға тұңғыш келген америкалық мемлекет басшысы болады. Бірақ, практикада мұндай сапар тек уран үшін ғана ұйымдастырылмайды. АҚШ-тың Қазақстанға қызығушылығы уранмен шектелмейді, оның ішінде сирек металдар, логистика, энергетика, Қытай мен Ресей арасындағы геосаяси теңгерімде бәрі маңызды. Егер АҚШ Қазақстанды стратегиялық шикізат жеткізушісі ретінде қарастыра бастаса, жоғары деңгейдегі сапарлар болуы мүмкін. Бірақ мұндай кездесулер әдетте бір ғана келісім үшін емес, кең ауқымды геосаяси диалог аясында өтеді», – деп топшылайды саясаттанушы Ералы Нұржұма.
Расы керек, әлемде табиғи уранның 40%-дан астамын өндіретін Қазақстанға АҚШ-тың бірде-бір президенті әлі күнге дейін ресми сапармен келмеген. Осы вакуумды Ресей мен Қытай толтырды: олар Қазақстанның энергетикалық секторына үстемдік орнатты. Сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ пен Еуропа энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуді қаласа, Қазақстанмен және Орталық Азиямен байланысын нықтай түсуі тиіс.
“Еуропа да, АҚШ та атом энергетикасына қайта бет бұрып жатыр, ал бұл уранға деген сұраныстың өсетінін білдіреді. Бірақ, бір маңызды мәселе бар, ол логистика. Қазақстан уранының көп бөлігі әлі де ресейлік инфрақұрылым арқылы өтеді. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет экспорт бағыттарын әртараптандыру. Транскаспий бағыты, Кавказ арқылы тасымал немесе Қытай арқылы жеткізу сияқты баламалы маршруттар осы тұрғыда стратегиялық мәнге ие”, – дейді, Ералы Нұржұма.
АҚШ Президенті Астанаға келіп, уран жеткізілімдерін талқылай ма, жоқ па әзірге белгісіз. Алайда, анығы сол Қазақстанның уран кен орындары америкалық компаниялардың инвестициясына икемделе түспек. Себебі, Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA) болжамына сәйкес, әлемде уранға сұраныс қазіргі шамамен 65 мың тоннадан 2040 жылға қарай 90 мың тоннаға дейін өседі. Сондай-ақ, WNA әлемде 115 ядролық реактор құрылысы жоспарланып отырғанын айтады.
Әлемдік нарық ойыншысы
Қазақстан уранға сұраныс асқан кезеңде нарықта тек шикізат жеткізуші болып қала ма, әлде нағыз ойыншыға айнала ала ма? “Қазақстанның энергожөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялары және энергетикалық жабдық өндірушілер қауымдастығы” (ҚАЗЭПИ) ЗТБ төрағасы Сергей Агафоновтың сөзінше, біздің ел қазірдің өзінде тек қана ресурс беруші емес - нақты, белсенді ойыншы.
“Уран өндірісінде бізге қолжетімсіз жалғыз бағыт – уранды байыту. Ал, бұл Қытай, Ресей, Франция, АҚШ, Германия және басқа да санаулы елдер ғана ие болатын мамандандырылған сала. Бірақ олардың барлығын біріктіретін бір нәрсе бар – олар арзан шикізат жеткізілімдеріне тәуелді. Мысалы, Франция уран жеткізілімдері бойынша келіссөз жүргізу үшін Қазақстанды таңдағынын айдай әлемге жария етіп отыр. Сондықтан біз көпвекторлы саясатты сақтап, әртүрлі елмен жұмыс істеуді жалғастыруымыз керек. Сонымен қатар, отын таблеткалары мен ТВС (ядролық реактордағы негізгі отын элементтері) үшін жаңа нарықтарды іздеу маңызды, бірақ олардың дизайны әртүрлі болғандықтан, бұл белгілі бір ерекшеліктерге ие”, – деп түсіндірді маман.
Ойыншы демекші, Қазақстан 2010 жылдан бері табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде көшбасшы орында, ал 2018 жылдан бастап сату көлемінен алға шыққан. Алайда, сөйте тұра уранның байытылған түріне тәуелдіміз. Энергетик маман Сергей Агафоновтың айтуынша, біз әлемдік нарыққа уран концентратын экспорттаймыз. Бірақ, отын таблеткаларын және жылу бөлгіш құрамаларды (ТВС) өндіру үшін бізге төмен байытылған уран қажет, ал біз оны өндірмейміз, импорттаймыз.
“Нақтылай айтқанда, біз шикізатты емес, төмен байытылған уранды импорттаймыз – бұл атом электр станцияларына арналған отын өндіруде қолданылатын материал, оны кейін өзіміз өндіріп, қайтадан экспорттаймыз. Сонымен қатар, төмен байытылған уранның әлемдік банкін Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) басқарады. Ол бір жағынан осы материалдың қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан оны пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Осылайша, бейбіт атом энергетикасын дамытатын елдерде АЭС-ті отынмен қамтамасыз ету мәселесі туындамайды. Қазақстанға келсек, біз халықаралық уран тізбегіне соншалықты терең интеграцияланғанбыз, сондықтан өз елімізде өндірілетін отынмен болашақ АЭС-терімізді қамтамасыз етуде ешқандай мәселе болмайды деп есептеймін”,– дейді ол.
Толық ядролық отын циклін дамытуға не кедергі?
Елімізде толық ядролық отын циклін дамытуға не кедергі? WNA мәліметі бойынша Қазақстан 2025 жылы 25,839 тонна уран өндірген. Бұл әлемдік өндірістің 40%-на тең көрсеткіш. “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының басшысы Мейіржан Юсуповтың айтуынша, әлемдегі геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан Қазақстан барлық келісімдерін орындап, уран жеткізуін үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Геологиялық барлау жұмыстарына 2030 жылға дейін 75-85 млрд теңге инвестиция бөлу жоспарланған. Жоба аясында елімізде алғаш рет уран байыту зауытын салу жұмыстары атқарылуда.
“Бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынды. 11 жыл бұрын Үлбі металлургиялық зауытында ТВС өндірісін іске қосылды. Бұл – ең жоғары деңгейдегі дайын өнім, яғни реакторға тікелей орнатылып, жылу өндіретін және одан әрі электр энергиясына айналатын өнім. Бұған дейін ұзақ жылдар бойы сол зауытта ТВС өндірісінде қолданылатын отын таблеткалары шығарылып келген. Иә, бұл өндірістік тізбекте уранды байыту кезеңі бар. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, ол бізге халықаралық нарық немесе МАГАТЭ бақылауындағы төмен байытылған уран банкі арқылы қамтамасыз етіледі. Ендігі маңызды міндет – өндірілетін отынның (таблеткалар мен ТВС) дизайнын болашақ қазақстандық АЭС-терге бейімдеу”, – дейді ҚАЗЭПИ төрағасы Сергей Агафонов.
Сарапшының сөзінше, атом энергетикасы мен жаңартылатын энергетика бір-біріне бәсекелес емес, керісінше, толықтырушы болуы керек. Агафоновтың айтуынша, идеал энергетикалық тепе-теңдік үшін келешекте кемінде 50%-ға жуық “жасыл” энергия мен 12%-дан кем емес атомдық энергия қажет. Қолданыстағы тарифтік шектеулерді ескерсек, алғашқы АЭС-тің іске қосылуы энергияның өзіндік құны 10-12 цент/кВт·сағат шамасында болады деп болжануда. Бұл көрсеткіш, сарапшының айтуынша, көмір мен ЖЭК-ке қарағанда арзан және алдағы жылдары одан әрі арзандай түседі.
“Қоғамда Қазақстанда АЭС салу уран экспортына әсер етуі мүмкін деген де пікір айтылады. Егер болашақта ішкі қажеттілік экспортты шектесе – бұл жаман емес, керісінше уранды терең өңдеуді білдіреді және қосылған құнды арттырады. Мен уран қоры 40 жылға ғана жетеді деген пікірмен толық келіспеймін. Негізгі мәселе – барланған қорларда. Қазақстанға жаңа геологиялық барлау қажет, бұл тек уран саласына емес, жалпы тау-кен металлургия кешеніне қатысты. Көптеген деректер әлі де кеңестік кезеңге негізделген. Тіпті, гипотетикалық тұрғыда уранды импорттау қажет болса да, бұл тиімді болуы мүмкін – көптеген дамыған елдер дәл солай жұмыс істейді. Қалай болғанда да, адамзат әзірге атом энергетикасынан тиімді энергия көзі ойлап тапқан жоқ”, – деп атап өтті ол.
Қазақ уранының қожайыны кім?
Қазақстанның уран өндірісі туралы сөз қозғалғанда Мұхтар Жәкішевтің есімі бірінші еске түседі. 1998 жылдан 2009 жылға дейін “Қазатомөнеркәсіп” корпорациясын басқарған Жәкішевтің тұсында компанияның географиялық және өндірістік әлеуеті шарықтады. Дегенмен, 2010-2012 жылдары Жәкішев жемқорлық айыбымен қамалып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жәкішев кеткен соң Ресейдің “Росатом” компаниясы канадалық Uranium One арқылы Қазақстандағы уран кен орындарының үлесін сатып алып, 2011 жылы әлемдік уран өндірісінде көш бастады. Сол кезде кей сарапшылар Қазақстанның ураны толықтай Ресей бақылауына өткенін айтып, алаңдаушылық білдірген. Сонымен, Қазақстанда уранды кімдер өндіреді?
“Қазатомөнеркәсіп” мәліметінше, Қазақстанда 56 кен орны бар. Оның 14-де кен өндіріледі, қалғаны резервте. Осы он төрт кен орнының екеуі ғана толықтай “Қазатомөнеркәсіпке” тиесілі. Шетелдіктермен бірлескен 12 кәсіпорынның алтауының ортақ құрылтайшылары - “Росатомның” еншілестері. “Росатом” қазақстандық 14 кен орнының бесеуінде: Солтүстік Хорасан, Инкай, Ақдала, Заречное және Түркістан облысындағы Буденовское кен орнының барлық жеті учаскесінде уран өндіреді. Уран өнеркәсібінде сондай-ақ Қытай, Франция, Канада, АҚШ, Ұлыбритания және Жапония бар.
Десе де, қазіргі жаһандық сұраныс жағдайында Қазақтанның уран экспортында жаңа келісімдер жасалып үлгерді. Таяуда Тоқаевқа есеп берген “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының басшысы Мейіржан Юсупов 2025-2034 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес, швейцариялық AxpoPower AG, чехиялық ČEZ Group және жапондық Kansai Electric Power Co., Inc. компанияларымен уран жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалғанын мәлімдеді.️ Қазіргі уақытта Үндістанға табиғи уран концентраттарын жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарт жасау жөніндегі жұмыстар жалғасуда.
“Уран 21-ші ғасырдағы стратегиялық ресурс. Әлем көмір мен газдан біртіндеп бас тартып, атом энергетикасына қайта оралып жатыр. Бұл Қазақстанды энергетикалық дипломатияның маңызды ойыншысына айналдырады. Бірақ тәуекелдер де бар. Ресей, Қытай және Батыс арасындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Екіншіден, экспорт бағыттарының бір бөлігі әлі де сыртқы инфрақұрылымға тәуелді”, – дейді ол.
Ал, энергетик Сергей Агафонов санкциялар мәселесіне қарамастан, Қазақстан бір ғана серіктеске тәуелді емес екенін айтады. Қазіргі сәтте еліміз Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея сияқты бірнеше бағытта жұмыс жүргізуде.
“Қызығы, қазіргі геосаяси тәуекелдер біздің уран өнеркәсібіне керісінше оң әсер етуде. Мысалы, Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай мұнай бағасын көтергені сияқты. Уран – баламалы энергия көзі, оның үлесі әлемдік энергетикада тұрақты өсіп келеді: бүгінде әлемдегі электр энергиясының шамамен 10%-ы АЭС-терде өндіріледі, ал алдағы 10 жылда бұл көрсеткіш 12%-ға жетуі мүмкін”, – деді Сергей Агафонов.
2035 жылға қарай әлемде 500-ден астам ядролық реактор жұмыс істейді және отынға деген қажеттілік үш есеге жуық артады деген болжам бар. Басқасы басқа, бірақ қазақ ураны қоры мен қуаты жағынан елді әлемдік ойыншыға оңай айналдыра алатыны анық. Тек бұл ретте саяси батылдық қажет.
Ұлағат Бекболат