Қазақстанның Бас прокуратурасы мен ІІМ Интерпол қызметкерлері Грузиядағы Елшіліктің қолдауымен ірі көлемдегі қаржылық қылмысқа қатысы бар күдіктіні елге қайтарды. Қазақстан азаматы экономикалық қызмет саласындағы ауыр қылмыстарды жасағаны үшін жауапқа тартылмақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті 2019–2021 жылдар аралығында ұйымдасқан топ құрамында Қазақстанның бірнеше өңірінде қаржы пирамидасының құрылымдарын басқарған. Қылмыстық топ азаматтарға жоғары табыс уәде етіп, жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген.
Қылмыстық топтың өзге мүшелері бұған дейін сотталған. Негізгі күдікті қылмыс жасалғаннан кейін халықаралық іздеуге жарияланды. 2026 жылдың ақпанында ол Грузия аумағында ұсталып, экстрадициялау процесі аяқталды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.