homepage

Таяу Шығыстағы шиеленіс: Түрік профессоры Исмаил Шахинмен сұхбат

26.03.2026, 10:28

Екі күннен соң Таяу Шығыстағы қақтығыстың басталғанына тура бір ай толады. Шиеленістің шешілер түрі жоқ, керісінше ушығып барады. Ормұз бұғазы төңірегіндегі дағдарыс, мұнай бағасының күрт өсуі және әскери эскалация қаупі әлем алдында жаңа сын-қатерлер туғызып отыр. Juzmedia осы мәселелер төңірегінде Түркия зерттеулері қорының аға ғылыми қызметкері, Бандырма Онйеди Эйлюл университетінің Халықаралық қатынастар бөлімінің оқытушысы, профессор Исмаил Шахинмен сұхбаттасқан еді.

- Исмаил мырза, Иран мен Израиль-АҚШ арасындағы қақтығыстың басталғанына бір ай болды. Бұл оқиға көршілес елдерге қалай әсер етті? Түркия үшін қауіпсіздік және экономикалық тұрғыдан қандай тәуекелдер бар?

Иран мен Израиль-АҚШ коалициясы арасындағы қақтығыс бір ғана елдің шеңберінен шығып кетті, оның зардабын күллі өңір тартып отыр. Пәкістан, Ирак, Сирия және Парсы шығанағындағы елдері зардап шегіп отыр. Иранның БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар мен Бахрейндегі АҚШ базаларына және энергетикалық нысандарға соққы жасауы аймақтың «қауіпсіз аймақ» ретіндегі беделіне нұқсан келтірді. Ал, Ормұз бұғазының іс жүзінде жабылуы жаһандық энергетикалық дағдарысты күшейтті.

Әрине, бұл қақтығыс Түркияға да тікелей әсер етті. Наурыз айының басында Иранның баллистикалық зымырандарының бір бөлігі НАТО жүйелері арқылы тосқауылданғанымен, олардың бөліктері Газиантеп маңына құлаған. Осыған байланысты Малатья қаласына PATRIOT PAC-3 әуе қорғаныс жүйелері орналастырылып, шекара қауіпсіздігін күшейту үшін шамамен 60 мың әскер жұмылдырылды.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, мұнай бағасының барреліне 105 долларға дейін өсуі және логистикалық бағыттардың бұзылуы Түркияның инфляцияны төмендету саясатына қосымша қысым түсірді. Үкімет жанармай бағасының күрт өсуін тежеуге тырысып, Қазақстан арқылы өтетін балама сауда дәліздерін дамытуға басымдық беруде. Сонымен қатар, соғыстың созылуы Ирандағы этникалық азшылықтардың белсенділігін арттырып, Түркия үшін босқындар ағыны мен шекаралық терроризм қаупін күшейтуі мүмкін. 

- Ал, бұл қақтығыстың Қазақстанға әсері қандай болуы мүмкін?

Қазақстан Иранмен құрлықта шектеспейді, бірақ Каспий теңізі арқылы көршілігі бар. Осыған байланысты шиеленіс елге жанама түрде әсер етеді, әсер етіп отыр да. 

Логистика және сауда тұрғысынан алғанда, Таяу Шығыстағы дәстүрлі бағыттар мен әуе кеңістігінің жабылуы Қазақстанды маңызды «балама дәлізге» айналдырды. Түркия тасымалдаушыларға Грузия және Әзербайжан арқылы өтетін бағытпен бірге Қазақстан бағытын пайдалануды ұсынып отыр.

Қауіпсіздік тұрғысынан Ирандағы тұрақсыздық Кавказдан Орталық Азияға дейінгі «оңтүстік доғада» жаңа тәуекелдер туындатуда. Босқындар ағыны, қару-жарақтың таралуы және радикалды топтардың қозғалысы сияқты факторлар Қазақстан үшін де ықтимал қауіп ретінде қарастырылады.

Энергетика саласында Ормұз бұғазындағы дағдарыс салдарынан мұнай бағасының өсуі Қазақстанның стратегиялық маңызын арттырды. Алайда, жаһандық нарықтағы тұрақсыздық пен логистикалық іркілістер елдің экономикалық тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігі өтетін Ормұз бұғазындағы тәуекелдер Еуропалық Одақтың энергия жеткізушілерін әртараптандыру саясатында Қазақстанның рөлін күшейтіп, елді «орта дәліздің» маңызды ойыншысына айналдырып отыр.

- Сіздің ойыңызша, бұл текетірестен Түркия тыс қала ала ма? Әлде қақтығыстың бір бөлігіне айналу қаупі бар ма?

Белгілі бір деңгейде тәуекел бар. Зымыран бөлшектерінің Түркия аумағына түсуі – соның дәлелі. Дегенмен, Анкараның басты ұстанымы – қақтығыстан тыс қалып, делдалдық рөлді сақтау. Соған қарамастан, прокси күштердің ықтимал арандатушылық әрекеттері Түркияны күтпеген сценарийлерге итермелеуі мүмкін. Қазіргі таңда ел сақтық саясатын ұстанып отыр.

– Соғыс басталғалы Түркия аумағына үш зымыран түсті ғой...

Иран ресми түрде Түркия бағытына әдейі соққы жасалмағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, оқиғаны бірлесіп зерттеу үшін техникалық топ құруға дайын екенін білдірді. Осыған байланысты бұл жағдайдың нақты себептері әлі толық анықталған жоқ. Кейбір сарапшылар мұны әдейі жасалған арандатушылық немесе «false flag» операциясы болуы мүмкін деп бағалайды. Алайда мұндай тұжырымдар ресми түрде расталған жоқ.

Түркия бұл оқиғаға байланысты бір жағынан дипломатиялық арналар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, екінші жағынан қауіпсіздік шараларын күшейтіп отыр. Негізгі мақсат – шиеленістің одан әрі ушығуына жол бермеу.

- Ормұз бұғазы жабық күйінде қалса, жаһандық мұнай нарығы мен әлемдік экономикаға қалай әсер етеді?

Жоғарыда айтқанымыздай, Ормұз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі және сұйытылған табиғи газдың (LNG) 20%-ы тасымалданады. Сондықтан оның жабылуы жаһандық энергетикалық нарыққа ауыр соққы болып отыр.

Қазірдің өзінде мұнай бағасы 100 доллардан асқанын көрдік. Егер Ормұз бұғазы ашылмаса, мұнай бағасы 150 долларға дейін жетуі мүмкін. Ал, Еуропада табиғи газ бағасы қысқа уақыт ішінде 50%-дан астам қымбаттауы ықтимал.

Бұл өз кезегінде жаһандық инфляцияны арттырып, тасымал және сақтандыру шығындарын айтарлықтай өсіреді, сондай-ақ әлемдік экономиканың баяулауына әкеледі. Әсіресе, Азия мен Еуропа экономикасы үшін бұл жағдай өндіріс шығындарынан бастап азық-түлік бағаларына дейін сезіліп, салдары ауыр болуы мүмкін.

– Алдағы уақытта ең ықтимал сценарий қандай болмақ?

Ең ықтимал сценарий – ұзаққа созылатын «әлсірету соғысы». АҚШ пен Израильдің әуе операцияларына қарамастан, Иранда ішкі күйреу байқалмайды. Керісінше, Иран прокси күштер арқылы қысымды күшейтуде. АҚШ-тың құрлықтағы әскери операциядан бас тартуы («no boots on the ground») да қақтығыстың тез аяқталу мүмкіндігін төмендетеді. Сондықтан, бұл дағдарыс апталарға емес, айларға созылуы мүмкін деген болжам бар. 

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!