homepage
фото: Juzmedia.kz

Зира Наурызбай: Қазақ мифологиясынан ұлттық идеалға дейін

24.03.2026, 09:20

Қазақ мифологиясының жаңа форматы, атқа отыруды ұмытқан ұлт һәм білімсіз жиған байлық. Белгілі мәдениеттанушы, жазушы, қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбайдың Juzmedia-ға берген сұхбатын ұсынамыз. 

“Қарт Наурыз” бен “Амал” мерекесі туралы 

“Қарт наурыз” дегеніміз қызық мереке. Мен оны алғаш рет осыдан 25 жыл бұрын естідім. Алматыда тұрғанда бір күні көрші Рахия апа есік қағып “Кел, наурыз көже ішеміз” деді. Ақпан айы, бұл қалай деп түсінбедім. Бірақ, жасы 80-ге тақаған үлкен дама шақырған соң, бардым.  Сосын қызынан сұрадым “Исагүл, апа қалай?” десем, ол күледі, “апаның осы ақпан айында өзінің наурызы бар, аспанға қарай ма, өзі бір нәрсені санап отырады да, бүгін - наурыз дейді де, сосын көже пісіреді. Көршілерге таратады, біз үйреніп қалдық соған” дейді. Кейін мен марқұм жарым Таласбек Әсемқұловтан да осы туралы естідім. Ол негізі Семейдің тумасы. “Иә, менің атам да ақпан айында Наурыз келді деп айтатын. Ол кісі ағаш қазықты жерге тығып, жер оянды дейтін”, дегені есіме түседі. Мен де мұны Алматыдан Астанаға көшіп келгенде соны кәдімгідей сездім. Ақпан, күн аяз, бірақ бір күні күн жылығандай болып сезіледі, былай қарасан -20 бірақ,  жылы леп келіп тұрғандай. Алматыда оны сезбейсің, өйткені ол жақта қыс жұмсақ. Ал, арқада сезеді екенсің. Жалпы, ғалымдар көктемдегі наурыздан бөлек «қарт наурыз» деп ақпандағы наурызды айтады. Ал, 14 наурыз – Амал мерекесі. Бұл мереке туралы бәріміз енді біліп жатырмыз. Дәлірек айтқанда, мен ертеректе маңғыстаулық туыстарымнан  естідім. “Амал” деген ол “хамал” деген сөзден шыққан. “Хамал” ол Тоқты шоқ жұлдызының арабша атауы. 

Қыдыр ата - жақсылыққа деген мәңгілік үміт

Қыдыр ата бейнесі - қазақ дүниетанымындағы ең жұмбақ әрі мифологиялық мәні терең күрделі образ. Зерттеуші Серікбол Қондыбайдың еңбектерінде Қыдыр атаның бастапқыда әйел бейнесінде болғаны туралы қызықты тұжырым айтылады. Оның пікірінше, әуелгі кезеңде Қыдыр ата сүт беретін ана, яғни жас аналардың, төлдеген малдың, жалпы ұрпақ жалғастығына жауапты әйел пірі ретінде танылған. Кейін патриархалдық қоғамның орнығуына байланысты бұл бейне ер адам кейпіне ауысқан. Қыдыр атаның үнемі ақ киіммен елестетілуі де кездейсоқ емес. Түркі дүниетанымында “ақ” түс аспанмен, тазалықпен байланысты. Демек, Қыдыр ата - аспаннан келетін игілік, жақсылық пен берекенің символы. Бұл образ арқылы халық “бір күні жақсылық келеді”, “бір күш бізді қолдайды” деген үмітін сақтап келген. Қыдыр атаға сенім - рационалды түсініктен гөрі, адамның ішкі рухани қажеттілігінен туындайтын құбылыс. Адам үмітсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан, Қыдыр ата - халықтың санасындағы “жақсылық бәрібір келеді” деген мәңгілік үмітінің, сембес сенімнің көрінісі.

Атқа мінген өркениет

Қазақ мәдениетіндегі жылқының орны ерекше. Күнделікті өмірде үйреншікті болғандықтан, біз оның терең символдық мәнін көп жағдайда аңғара бермейміз. Ал, шетелдік зерттеушілер түркі және моңғол халықтарының мифологиясындағы жылқы бейнесіне әбден зерттеп тастады. Қазақ эпостарында жылқы тек көлік емес, ол - кейіпкердің серігі, тағдырласы. Мысалы, “Алпамыс батыр” жырында батырды зынданнан алып шығатын - оның тұлпары Байшұбар. Бұл жерде жылқы тек физикалық күш емес, даналықтың, тылсым қолдаудың символы ретінде сипатталады. Қазақтың тұрмыс-салтында, тілінде, теңеулерінде, жалпы дүниетанымында жылқыға қатысты образдар өте көп. Мысалы, “тұсаукесер” дәстүрінің өзі аттың тұсауын кесу ғұрпымен байланысты.

Көптеген мәдениеттерде атқа міну - әлеуметтік мәртебенің белгісі. Ат үстіндегі адам - жауынгер, билеуші, қоғамның жоғарғы өкілі. Бұл түсінік Батыс пен Шығыс мәдениеттерінде де кездеседі. Сондықтан қазақ қоғамы өзінің «ат мінген ел» екенін ұмытпауы тиіс. Себебі, бұл - өркениеттік код. Бірақ бүгінгі қоғам осы кодтан алыстап бара жатқандай. Біз атқа мінуді ғана емес, сол ат үстіндегі еркіндік пен жауапкершілік рухын да ұмытып бара жатқандаймыз. Мысалы, Жапонияда оқушыларды күріш егу жұмысына арнайы жібереді. Бұл - еңбек күші жетіспегендіктен емес, балалар өз мәдениетінің негізін терең түсінуі үшін жасалады. Сол сияқты қазақ қоғамында да ұлттық мәдениетті тәжірибе арқылы меңгеру жолдарын дамыту қажет. 

Маңғыстау: аңыз бен тарих тоғысқан кеңістік

Маңғыстау өңірі - мифология мен тарихи жадтың ерекше шоғырланған аймағы. Бұл өлке “аңыздар мекені” деп бекер аталмайды. Солардың бірі - Қараман ата жерасты мешіті. Қараман ата - халық арасында аса қадірлі әулиелердің бірі. Аңыз бойынша, ол ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды ажырататын қасиетке ие болған. Бұрын дау-дамай туған жағдайда адамдар осы жерге келіп, мәселені шешкен. Бұл өңірде ерекше бір дәстүр болған: ант бұзған адамдарды бөлек жерлеген. Олардың зираттары негізгі қорымнан оқшау орналасқан және олардың басында Құран оқылмайды. Бұл - сөзге беріктік пен сертке адалдықтың қоғамдағы қаншалықты маңызды болғанын көрсететін мәдени код.

Петроглифтер: зерттелмеген мұра

Қазақстан аумағы петроглифтерге аса бай өңірлердің бірі. Петроглиф - тастағы сурет, ежелгі адамдардың дүниетанымы мен өмір салтын бейнелейтін маңызды дерек көзі. Әсіресе, Жетісу өңірінде тіркелмеген, зерттелмеген суреттер өте көп. Бұл салада көбіне ерікті зерттеушілер жұмыс істеп жүр. Олар тапқан мәліметтерін ғылыми мекемелерге тапсырады. Соған қарамастан, петроглифтерді жүйелі түрде зерттеу, қорғау мәселесі әлі де жеткілікті деңгейде қолға алынбаған. Еуропада бір ғана белгі жеке петроглиф ретінде есептелсе, Қазақстанда бір үлкен жартас тұтас бір объект ретінде қарастырылады. Ал шын мәнінде, бір жартас бетінде ондаған, тіпті жүздеген сурет болуы мүмкін. Бұл - Қазақстанның әлемдік деңгейдегі мәдени брендіне айналуы мүмкін үлкен мұра.

Қазақ мифологиясы және заманауи мәдениет

Бүгінгі таңда Батыс мәдениеті мифологияны жаңа форматта тиімді пайдаланып отыр. Мысалы, Netflix немесе Marvel Studios жобалары көне мифтерді заманауи тілде қайта ұсынып, жаңа форматта ұсынып отыр. Еуропа мәдениеті негізінен грек, семит және скандинав мифологиясына сүйенеді. Бұл бағыттар айтарлықтай зерттеліп, мәдени айналымға толық енгізілген. Ал түркі мифологиясы - әлі толық игерілмеген, бірақ әлеуеті өте жоғары кеңістік. Қазақ мифологиясы бір жағынан еуропалық дүниетанымға түсінікті, екінші жағынан өзіндік ерекшелігі мол. Сондықтан оны қазіргі әдебиетте, кинода, анимацияда терең зерттеп, сапалы бейімдеу қажет. Соңғы жылдары бұл бағытта қызығушылық артып келеді. Дегенмен, кейбір жобаларда батыстық үлгілерді үстірт көшіру байқалады. Ал, шынайы нәтижеге жету үшін мифологияны терең зерттеп, оның ішкі логикасын түсіну қажет. Қорыта айтқанда, қазақ мифологиясы - тек өткеннің мұрасы емес, ол болашақ мәдениеттің де іргетасы бола алатын қуатты ресурс. Оны дұрыс игеру - ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды жолдарының бірі.

Сапалы қазақ: білім мен дәулеттің теңдігі 

Қазақ халқының саны бүгінде 20,5 миллионнан асты. Бірақ, санмен бірге сапа мәселесі де өзекті. Ұлттың сапасы дегеніміз - тек білім деңгейі емес, ол оның экономикалық қуаты, рухани кемелдігі, денсаулығы мен дүниетанымының тұтастығы. Алаш қайраткерлері кезінде-ақ ұлттың мықты болуы үшін оның сауатты әрі дәулетті болуы керегін айтқан. Бұл - кездейсоқ пікір емес. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық тұрғыдан қуатты ұлттың үні де өтімді болады. Мысалы, жапон мәдениетіндегі каратэ немесе кимано секілді элементтер әлемге тек мәдени ерекшелік ретінде емес, Жапонияның экономикалық күшімен бірге танылды. Сол сияқты Америка мәдениеті де оның экономикалық үстемдігімен қатар тарады. Бүгінде Қытай мен Кореяның мәдени ықпалы да олардың экономикалық серпінімен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, сапалы қазақ - ең алдымен сауатты, білімді, кәсіби тұрғыда қалыптасқан адам. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Ол сонымен бірге еңбегімен дәулетке жете алатын, экономикалық тұрғыдан дербес тұлға болуы керек. Мұнда “бәрі бай болуы тиіс” деген ұран емес, керісінше, қоғамда адал еңбек арқылы әл-ауқатқа жету мүмкіндігі бар деген түсініктің орнығуы маңызды.

Сонымен қатар, сапалы ұлт өкілі - өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын, психологиялық тұрғыдан орнықты, санасы сергек адам. Оның дүниетанымы тек жеке басының қамымен шектелмей, ұрпағының және елінің болашағына бағытталуы тиіс. Өйткені, тек бүгінін ойлаған адам ертеңін құртады. Қазіргі қоғамда кездесетін ең үлкен қайшылықтардың бірі - жеке пайда үшін елдің болашағына зиян келтіру. Мысалы, жемқорлық арқылы байыған адамдар өз ұрпағын қамтамасыз етуді ойлағандай көрінгенімен, шын мәнінде олар сол ұрпақтың өмір сүретін ортасын әлсіретіп жатыр. Біреудің несібесі арқылы жиналған дәулет түптеп келгенде рухани тамырсыздыққа әкеледі.

Қазақ қоғамында байлыққа деген көзқарастың күрделілігі де осыдан туындайды. Бір жағынан, бұл - кеңестік идеологияның салдары. Ол кезеңде әдебиеттен бастап киноға дейін бай адамды сараң, топас, надан кейіпте көрсету кең тараған болатын. Екінші жағынан, тәуелсіздік жылдарындағы шынайы тәжірибе де бұл көзқарасты өзгертуге толық мүмкіндік бермеді. Өйткені, қоғамда адал еңбекпен байыған адамдармен қатар, жемқорлық немесе күмәнді жолдар арқылы дәулет жиғандар да аз емес. Соның салдарынан халық санасында «байлық ө  міндетті түрде әділетсіз жолмен келеді» деген түсінік қалыптасты. Бұған қоса, соңғы онжылдықтарда қоғамда тағы бір қауіпті түсінік тарады: “мүмкіндік болса, пайдаланбасаң -  ақымақсың” деген көзқарас. Бұл - құндылықтардың дағдарысын білдіретін белгі.

Ақпараттық кеңістіктің өзгеруі бұл үрдісті одан әрі күшейтті. Бұрын байлықтың сыртқы көрінісі билбордтар арқылы насихатталса, қазір әлеуметтік желілерде “люкс өмір салты” үздіксіз көрсетіледі. Қарапайым тіршілік кешіп отырған адам күн сайын қымбат көлік, сәнді өмір, оңай табыс туралы контентті көреді. Бірақ, сол деңгейге адал еңбек, білім арқылы жетуге болатыны жөнінде жүйелі түсіндіру жоқтың қасы. Нәтижесінде жастардың бір бөлігі байлыққа жетудің жолын тек айналма тәсілдерден - жемқорлықтан немесе жеңіл танымалдықтан іздей бастайды. Шын мәнінде, ұлттық сапаның артуы - тек білім беру немесе экономикалық саясаттың мәселесі емес, ол тұтас идеологиялық, мәдени бағытты талап етеді. Қоғамда адал еңбек, білім, кәсібилік арқылы жеткен табысты үлгі ретінде көрсету қажет. Сонда ғана “сапалы қазақ” ұғымы нақты мазмұнға ие болып, ұлттың дамуына тірек бола алады.

Жаңа ұлттық идеал 

Жаңа ұлттық идеал туралы айтқанда, ең алдымен бір нәрсені түсіну керек: идеал - қолдан жасалатын жасанды модель емес, ол ұлттың тарихи тәжірибесі мен ішкі табиғатынан туындайтын құбылыс. Егер жаңа идеал осы табиғаттан алшақтап кетсе, ол өміршең болмайды. Керісінше, ұлттың терең қабаттарында жатқан қасиеттерді танып, соларды заманға сай бейімдеу қажет. Әрбір ұлттың өзіне тән мінезі бар. Қазіргі ғылым “менталитет” ұғымына сақтықпен қарайды, бірақ қоғамдағы құндылықтардың өзгермелі әрі сонымен қатар тұрақты қабаттары бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, отыз жыл бұрын қазақ үшін сауда жасау ұят көрінетін. Ал, бүгінде кәсіп жасап, байып жатқан адамдар - құрметке ие. Бұл құндылықтардың тез өзгеретінін көрсетеді.

Алайда, ұлт болмысының өзегін құрайтын, оңайлықпен өзгермейтін қасиеттер де бар. Қазақтың жауынгерлік рухы - сондай қасиеттердің бірі. Кеңес дәуірінде бұл қасиет көмескіленіп, қазақ “момын халық” ретінде сипатталды. Өйткені, сол кездегі билікке солай ыңғайлы еді. Бірақ тарихи жады өшпейді: тәуелсіздікпен бірге бұл түсінік қайта жаңғырып, қазақтың жауынгер халық екені қоғамдық санада орныға бастады. Жауынгерлік болмыстың өзегі - атақ, абырой, намыс. Бұл - тек сыртқы даңққа ұмтылу емес, адамның өзін қоғам алдындағы жауапкершілікпен өлшеуі. Алайда, дәл осы құндылықтар бүгінгі күні кейде өзінің терең мәнінен ажырап, сыртқы формаға - даңғаза атақ пен жасанды беделге айналып бара жатқанын көреміз.