homepage
фото: коллаж Juzmedia

Әлем елдері Наурызды қалай тойлайды?

20.03.2026, 14:39

Наурыз – жай ғана күнтізбелік мереке емес, ол адамзаттың табиғатпен үндестігін айқындайтын, тарихы бес мың жылдан асатын өркениеттік феномен. Бұл мейрам – Орталық Азиядан Таяу Шығысқа, Балқан түбегінен Кавказға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты біріктіретін рухани көпір. 2009 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еніп, БҰҰ деңгейінде «Халықаралық Наурыз күні» мәртебесін алуы — оның жаһандық маңызының айқын дәлелі. Күн мен түн теңеліп, тіршілік қайта түлейтін осынау шақ — түрлі халық үшін жаңарудың, татулық пен берекенің символы. Әр елде «Новруз», «Навруз» немесе «Невруз» деп әрқилы аталғанымен, мейрамның негізгі идеясы өзгеріссіз қалады: бұл — адам жанының тазаруы мен ертеңгі күнге деген үміттің мерекесі.

Juzmedia әлем елдерінің бұл күнді қарсы алудағы өзіндік ерекшеліктері мен бірегей дәстүрлеріне тоқталады. 

 

Қазақстан 

Елімізде бұл мереке «Наурыз мейрамы» деп аталады. Мереке 1991 жылдың 15 наурызында Президент жарлығымен мемлекеттік мәртебеге ие болып, 2009 жылдан бастап 21, 22, 23 наурыз күндері ресми демалыс болып бекітілді.

2024 жылдан бастап Қазақстанда мерекені тойлаудың жаңа форматы — «Наурызнама» онкүндігі енгізілді. Оған сәйкес, 14–23 наурыз аралығында әр күннің өз атауы мен маңызы бар:

  • 14 наурыз — Көрісу күні (Амал мерекесі);
  • 15 наурыз — Қайырымдылық күні;
  • 16 наурыз — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні;
  • 17 наурыз — Шаңырақ күні;
  • 18 наурыз — Ұлттық киім күні;
  • 19 наурыз — Жаңару күні;
  • 20 наурыз — Ұлттық спорт күні;
  • 21 наурыз — Ынтымақ күні;
  • 22 наурыз — Жыл басы;
  • 23 наурыз — Тазалық күні.

Қазақ дастарханының мерекедегі басты асы — жеті дәмнен (ет, су, тұз, май, құрт, сүт, егін өнімдері) дайындалатын Наурыз көже. Ол жыл бойы тоқшылық пен молшылық болсын деген ниетті білдіреді. Мереке күндері халық жаппай ұлттық киім киіп, алаңдарда Алтыбақан орнатылады. Көкпар, Аударыспақ, Қазақша күрес және Тоғызқұмалақ сияқты спорттық жарыстар ұйымдастырылып, ақындар айтысы өткізіледі. Қалалар мен ауылдардың орталық алаңдарында киіз үйлер тігіліп, қонақтарға тегін бауырсақ пен палау таратылады. Бұл — қазақ халқының қонақжайлылығы мен ауызбіршілігінің көрінісі. Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұстаныммен халық айналаны қоқыстан тазартып, жаппай ағаш егу науқандарына қатысады.

Мерекенің шарықтау шегі — 21-нен 22-не қараған түні келетін «Әз-Наурыз» немесе «Ұлыстың ұлы күні». Бұл сәтте ескі жыл шығып, жаңа жыл табалдырық аттайды деп есептеледі. 

Әзербайжан

Әзербайжанда Наурызды (Novruz Bayramı) тойлаудың өзіндік қайталанбас бояуы бар. Бұл елде мереке тек 21-наурызда ғана емес, одан бір ай бұрын басталып кетеді. Мейрам «Төрт сәрсенбі» циклімен ерекшеленеді. Әзірбайжандықтар табиғаттың төрт стихиясына негізделген әр сәрсенбіні ерекше қасиетті санап, ретімен қарсы алады:

  1. Су сәрсенбісі — судың жаңаруы мен тазару нышаны.
  2. От сәрсенбісі — оттың құдіретімен жылыну, тазару.
  3. Жел сәрсенбісі — табиғаттың оянуы, бүршік жаруы.
  4. Топырақ сәрсенбісі — жердің бусанып, нақты көктемнің келуі.

Мерекелік дастарханның көркі — «Хонча». Оның ортасына міндетті түрде Сәмени (өндірілген бидай) қойылып, айналасына дәстүрлі тәттілер: шекербура (ай пішінді), пахлава (жұлдыз пішінді) және гогал (күн пішінді) тізіледі. Бұл үшеуі аспан денелерінің үйлесімін білдіреді.

Әзербайжан Наурызының басты кейіпкерлері — Көс-көс пен Кәчәл (Көсе мен Тазша). Олардың әзілге толы айтыстары мен қойылымдары халықтың көңілін көтеріп, қыс пен көктемнің тартысын бейнелейді. Сондай-ақ, жастар арасында «құлақ түру» (пал атмаг) дәстүрі танымал: көршінің есігін сыртынан тыңдап, естіген алғашқы сөзіне қарап болашағын жориды. Сондықтан бұл күндері әр үйде тек жақсы сөздер айтылуы тиіс. Әзірбайжандықтар да Ирандағыдай оттан секіру рәсіміне (Тонгал) үлкен мән береді — бұл барлық қиындықтарды ескі жылда қалдырудың символы.

Негізгі тойлау 21 наурыздан бастап 5 күнге созылғанымен, дайындық одан төрт апта бұрын басталады. Сондай-ақ, қызық бір дәстүр бар: үстелге айна қойылып, оның үстіне жұмыртқа орналастырылады. Жұмыртқа өздігінен бір жағына домалаған сәтте «жаңа жыл келді» деп есептеледі.

Иран 

Иранда бұл мерекені Ноуруз деп атайды. Олар жаңа жылды күн мен түннің теңескен кезінде — Григориан күнтізбесі бойынша 20 немесе 21 наурызда бастап, 13 күн бойы тойлайды. Мереке қарсаңында ирандықтар үйлерін мұқият тазалайды, бұл дәстүрді «ханетакани» (үйді сілку) деп атайды. Бұл елдегі мерекенің ең басты ерекшелігі — «Хафт Син» дастарханы. Бұл — кез келген үйдің төрінде тұратын, парсы тіліндегі «син» (S) әрпінен басталатын жеті нышанның ансамблі. Мұндағы әрбір элементтің өз философиясы бар:

  • Сәбзе (өндірілген бидай) — өмірдің жандануы,
  • Сәмәну (тәтті ботқа) — береке,
  • Сиб (алма) — сұлулық пен денсаулық,
  • Сенджед (жиде) — махаббат нышаны.

Дастарханға бұлардан бөлек айна (шынайылық), аквариумдағы алтын балық (тіршілік) және қасиетті кітаптар қойылып, отбасы мүшелері жаңа жылды осы «киелі кеңістікте» қарсы алады. Мереке басталмас бұрын ирандықтар «Ханэ-теқани» немесе «үйді сілку» дәстүрін өткізеді. Бұл біздің түсінігіміздегі көктемгі тазалық қана емес, өткен жылдың өкпе-реніші мен ауыр энергиясынан арылу рәсімі. Ал мереке қарсаңындағы соңғы сәрсенбіде өткізілетін «Чахаршанбе-Сури» шарасында халық оттан секіріп, «менің сарғыш түсім (ауруым) саған, сеңің қызыл түсің (қуатың) маған» деп тілек айтады.

Наурыздың 13-ші күні — «Сизда-Бедар» күні. Бұл күні ирандықтар қала ішінде қалмай, жаппай табиғат аясына шығады. Олар «Хафт Син» дастарханында өсірілген көкті ағын суға ағызып, келесі жылдың бақытты болуын тілейді. Бұл — адам мен табиғаттың ажырамас бірлігін паш ететін Наурыз мейрамының түйіні іспеттес.

Тәжікстан 

Тәжікстанда Наурыз — бұл тек жаңа жыл емес, бұл ұлттық бірегейліктің нышаны. «Хидирайөм» (Ұлы мереке) деп те аталады және ол өзіндік ежелгі парсы-тәжік дәстүрлерімен ерекшеленеді. Тәжіктер де ирандықтар сияқты «син» (С) әрпінен басталатын жеті затты қояды, бірақ мұнда ежелгі «Хафт Шин» дәстүрі де сақталған. Бұл — «шин» (Ш) әрпінен басталатын жеті нышан: шир (сүт), шараб(шарап/шырын), шакар (қант), шам (балауыз шам), шоне (тарақ), шаяд (жеміс) және шахд (бал). Бұл — өмірдің тәтті әрі жарық болуын тілеу. Наурыз алдында балалар тау бөктеріне шығып, алғашқы бәйшешектерді (сиёхгуш) теріп әкеледі. Олар үй-үйді аралап, көктемнің келгенін сүйіншілейді, ал үй иелері балаларға сыйлықтар береді.

Тәжікстанда Наурызбен тұспа-тұс келетін Қызғалдақ мерекесі өтеді. Бұл — табиғаттың нағыз гүлденген шағын тойлау. Мереке кезінде міндетті түрде ұлттық күрес жарыстары ұйымдастырылады. Жеңімпаздарға ат немесе бағалы сыйлықтар беріліп, бұл нағыз халықтық серуенге ұласады.Тәжік әйелдері де түні бойы қазан басында ән айтып, би билеп, бидай өскінінен суманак қайнатады. Олар тастарды қазанға салып, тілек тілейді (егер тас біреудің кесесіне түссе, тілегі орындалады деп сенген).

Өзбекстан 

Мереке бұл елде «Навруз» деп аталады. Ресми түрде 21 наурыз демалыс күні болғанымен, халық арасында тойлау 13 күнге созылады. Өзбекстанда Наурызды кең көлемде, нағыз халықтық думан ретінде тойлайды. Мұндағы басты ерекшелік — ұжымдық рух пен гастрономиялық дәстүрлердің салтанат құруы.

Сумалақ — мерекенің басты символы. Өзбекстанда Наурыз десе, ең бірінші сумалақ еске түседі. Бұл тағамды бүкіл махалла (ауыл немесе мөлтек аудан) болып, үлкен қазандарда тәулік бойы қайнатады. Бидай өскінінен жасалатын бұл дәмді әзірлеу барысында әйелдер ән айтып, би билеп, аңыз-әпсаналар айтады. Халим (Халиса) – ерлер қауымы дайындайтын ерекше ас. Бұл — ет пен бидайдан жасалатын, өте ұзақ уақыт бойы баппен пісірілетін нәрлі тағам. Ол күш-қуат пен бірліктің нышаны саналады. Өзбектер Наурызда үйде отырмайды. Әр өңірде (Сурхандария, Қашқадария, Самарқанд) ат үстіндегі ойындар — Кураш (күрес) пен Улок-купкари (көкпар) дүркіреп өтеді. Бұл жарыстарға мыңдаған адам жиналып, нағыз батырлар сыналады. Өзбекстанда бұл күні тал егу, бау-бақшаны ретке келтіру — парыз. «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағидамен жаңа көшеттер отырғызылып, табиғатты аялауға мән беріледі. Дастархан басында ең алдымен қарияларға құрмет көрсетіліп, елдің тыныштығы мен берекесі үшін бата алынады. Жалпы, өзбек ағайындар бұл күні көрші-қолаң, туған-туысқа «Навруз оші» (Наурыз палауын) таратуды дәстүрге айналдырған.

Қырғызстан

Қырғыз ағайндар мерекені «Нооруз» деп атайды. Негізгі тойлау күні — 21 наурыз. Жылдың алғашқы күнінде «нооруз кёджө», «ауз кёджө» және «кавут» сияқты ұлттық тағамдар міндетті түрде дайындалады. Алыс-жақын ағайын кең жайылған дастархан басында жиналып, бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, ізгі тілектер айтады.

Аластау (Арча түтету) – қырғыздар үшін Нооруз тазарудан басталады. Үйдің ішін, мал-жанды және қора-қопсыны арша бұтағымен түтетіп аластау — жамандықтан арылып, жаңа жылды таза ниетпен бастаудың нышаны. Өзбекстандағыдай, мұнда да сүмөлөк пісіру — үлкен салтанат. Бидай өскінінен дайындалатын бұл дәмді қайнату кезінде қазанға малта тастар салынады. Егер табағыңызға тас түссе, бұл — үлкен сәттілік пен тілектің орындалуы деп жорылады.

Қырғыздар да Нооруз көже (Чоң көже)— жеті немесе одан да көп дән түрлері мен еттен (көбіне бұқа еті) дайындалатын мерекелік тағам пісіреді. Ол — молшылық пен бірліктің символы. Қырғыз Ноорузын ат спортынсыз елестету мүмкін емес. Ипподромдарда Көк-бөрі (көкпар), Эр эңиш (аударыспақ), Кыз куумай және Ат чабыш ойындары өтіп, нағыз батырлар мен шабандоздар сынға түседі. Мерекелік алаңдарда ақындардың импровизациялық айтыстары мен «Манас» жырынан үзінділер орындалып, халықтың рухани қазынасы паш етіледі. Егер Нооруз күні қар жауса, ол — берекелі жылдың белгісі саналады. Сондай-ақ, осы күні туған ұл балаларға Ноорузбек немесе Ноорузбай, ал қыздарға Ноорузгүл есімін қою дәстүрі кең тараған. 

Түркіменстан

«Новруз байрамы» (Nowruz Bayramy) — көктемнің келуін ғана емес, түрікмен халқының ежелгі егіншілік мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын паш ететін маңызды мейрам. Мұндағы тойлау дәстүрінде далалық көшпенділік пен отырықшылық мәдениеті шебер астасқан. Мереке 21-22 наурыз күндері тойланады.  Түркімендердің басты мерекелік тағамы — өндірілген бидайдан дайындалатын семени. Ол құнарлылық пен берекенің нышаны саналады. Сонымен қатар, дастарханға Новруз ярмасы, палау, сүйітлі аш (сүт ботқасы) және түрлі шөптерден жасалған самсалар қойылады.

Басты мерекелік шаралар Ахал уәлаятындағы арнайы «Новруз жайлауында» өтеді. Мұнда ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ежелгі түрікмен ауылының бейнесі жаңғыртылады. Бұл елдегі Наурыз мейрамын әйгілі Ақалтеке аттарынсыз елестету мүмкін емес. Ипподромдарда ат жарыстары мен ұлттық ат үстіндегі ойындар (мысалы, «Галкыныш» тобының өнері) көрсетіледі. Мереке кезінде балуандардың Гөреш күресі, қыздардың Ляле әндері мен аңызға айналған Куштдепди биі орындалады. Куштдепди биі — өмір айналымы мен күн энергиясын бейнелейтін түрікменнің рухани мұрасы.

21 наурызда мемлекеттік деңгейде жаппай ағаш егу науқаны өткізіледі. Бұл — елді көгалдандыру мен болашақ ұрпаққа таза қоршаған орта қалдырудың нышаны. Түркімендер Наурыздағы ауа райына қарап болашақты болжаған. Мысалы, бұл күні жауған жаңбыр немесе қар — мол өнімнің белгісі. Кешке адамдар от жағып, үстінен секіру арқылы жағымсыз энергиядан арыламыз деп сенген. 

Ауғанстан

Ауғанстандағы Наурыз — бұл ежелгі Хорасан мәдениетінің сарқыншағы, мұндағы тойлау дәстүрлері өзіндік ерекше мистикалық және халықтық сипатқа ие. Ауған халқы бұл күнді жаңару мен берекенің бастауы деп біледі, ал мерекенің ең басты орталығы — Мазари-Шариф қаласы. 

«Хафт Мева» (Жеті жеміс) – мерекелгі ең басты дәм. Бұл — жеті түрлі кептірілген жеміс пен жаңғақтан (мейіз, пісте, бадам, жаңғақ, кептірілген өрік, жиде және алқа) дайындалатын тәтті компот. Оны мерекеден бірнеше күн бұрын суға салып қояды, бұл жаңа жылды «тәтті» бастаудың нышаны саналады. Жанда Бала рәсімі Мазари-Шарифтегі Көк мешітте өткізілетін ең ірі діни-мәдени шара. Онда арнайы ту (байрақ) көтеріледі, бұл рәсімге елдің түкпір-түкпірінен жүздеген мың адам жиналады. Байрақ 40 күн бойы тұрады, халық оған тәу етіп, жақсылық тілейді. Мерекеде Гүлі Сұрх (Қызыл гүлдер мерекесі) рәсімі болады, яғни Мазари-Шариф маңында қызғалдақтар жаппай шешек атқан кезде серуен жасайды. Халық қырға шығып, табиғаттың сұлулығына тамсанады.

Ауғанстанда Наурыз кезінде ерлер арасында Бузкаши (көкпар) ойыны мен «Пахлавани» (күрес) жарыстары қыза түседі. Ал балалар үшін «Тохам Джанги» (жұмыртқа қағыстыру) мен батпырауық ұшыру — таптырмас думан. Дастарханға міндетті түрде балық пен «Джелаби» (тәтті құймақ), сондай-ақ жасыл көкөністерден жасалған «Сабзи Палау» қойылады. Жасыл түс — молшылық пен сәттіліктің белгісі. 

Ауғанстанда соңғы жылдары саяси жағдайға байланысты ресми мерекелеуге шектеулер қойылса да, халық арасында бұл дәстүрлер әлі де өміршең. 

Түркия

Түркияда Наурызды (түрікше «Невруз») табиғаттың оянуымен қатар, ежелгі түркілік тамырлар мен бірліктің символы ретінде мемлекеттік деңгейде атап өтеді. Невруз от жағудан басталады. Адамдар оттан секіріп, «барлық ауру-сырқау ескі жылда қалсын» деп тілейді. Сондай-ақ, көне түркілік Ергенеқон аңызын еске алып, төске балғамен темір соғу рәсімі өткізіледі. Мерекенің басты нышандарының бірі — «Месир мажуни» (Mesir Macunu). Бұл 41 түрлі шөптен дайындалған шипалы тәтті қоспа. Дастарханға боялған жұмыртқалар, «юфка», «бөрек» және түрлі тәттілер қойылады.

Түркияның орталық бөлігінде мереке Юлиан күнтізбесіне сәйкес «Тоғызыншы наурыз» (Mart Dokuzu) деп те аталады. Ал Газиантеп пен оның маңында 22 наурызды «Сұлтан Наурыз» деп ұлықтайды. Түрік халқы бұл күні таңертең ерте тұрып, жақындарының бейіттеріне барады және Алладан тілек тілейді. Араз жандарды татуластыру және мұқтаж жандарға көмектесу — бұл күннің үлкен сауапты ісі саналады.  Стамбул, Анкара және Диярбакыр сияқты ірі қалаларда халықтық билер, концерттер мен фестивальдер ұйымдастырылады. 

Өзге аймақтар

Сирия

Ұзақ жылдар бойы Сирия билігі бұл мерекені саяси астары бар деп есептеп, оны ресми тойлауға, тіпті ұлттық киім киіп көшеге шығуға қатаң тыйым салып келген. Қазіргі таңда тыйымдарға қарамастан, елдің солтүстік аймақтарында халық тау бөктерлеріне шығып, от жағып, дәстүрлі билерін билейді. Бұл олар үшін еркіндік пен көктемнің келуін білдіреді.

Ресей Федерациясы

Татарстан, Башқұртстан және Солтүстік Кавказ халықтары (дағыстандықтар, шешендер) үшін бұл — «Нардуган» немесе «Амал» мерекелерімен үндесетін күн. Мұнда халықтық серуендер, ат жарыстары мен палуандар сайысы өткізіледі. Татарлар мен башқұрттарда «Қарға ботқасы» секілді көне дәстүрлер сақталған.

Қытай

Қытайдағы қазақтар мен ұйғырлар Наурызды өте жоғары деңгейде тойлайды. Мұнда «Наурыз көже» (ұйғырларда «Норуз көжә») міндетті түрде пісіріледі. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдары бата беріп, жастар «Айтыс» ұйымдастырып, «Көкпар» тартады. Қытай билігі бұл күнді мәдени мұра ретінде танып, мерекелік демалыстар береді