Қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымын дәстүрінен танып, салтынан сезінуге болады. Әрбір жоралғы мен ғұрыптың астарында өзара сыйластық, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді сақтау сияқты терең мағыналар жатыр. Алайда, дәуір көшіп уақыт өткен сайын кейбір салт-дәстүрлердің мәні көмескіленіп барады. Juzmedia.kz сол ұмыт болған дәстүрлердің бірқатарын оқырман назарына ұсынады.
Ат тергеу – жаңа түскен келіннің күйеуінің туыстарына өздігінше ат қою дәстүрі. Ол күйеуінің атасына, енесіне, қайнағалары мен абысындарына, қайын сіңлілері мен қайындарына, сондай-ақ ауылдағы жасы үлкен адамдардың атын атамай, өзіне ыңғайлап басқа ат қояды. Шығыстанушы Н.И. Ильминский: «Күйеуінің туыстарының атын келін еш уақытта атамайтын. Оның аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын...» деп ат тергеу рәсімін сипаттайды.
Келін тарапынан ат тергеу күйеуінің туыстарының жасына, жынысына, туыстық қатынасының алыс-жақындығына байланысты жүзеге асады. Бұл кезде келіннің тапқырлығы, байқағыштығы маңызды рөл атқарады. Әркімнің сыртқы және ішкі ерекшеліктеріне сай ұнамды ат таңдай білу кез келген адамға оңай берілмейтін өнер болып саналған. Күйеуінің ағаларына: «Үлкен аға», «Жақсы аға», «Ағакем», «Көке» деген аттар қойылған. Інілеріне: «Сал жігіт», «Молда жігіт», «Мырза жігіт», «Ортаншым», «Інішегім», «Кенже» деген сияқты атаулар таңдалған. Қайын сіңлілеріне: «Шырайлым», «Еркем», «Айдарлым», «Кекілдім» деген секілді аттар қолданылған.
Ерулік беру – жаңа көшіп келген көршілерді шақырып, дастарқан жайып, қонақ қылу дәстүрі. Тұрғылықты ауыл тұрғындары жаңа қонысқа келген отбасының ортаға тез үйренісіп, бір-бірімен жақын араласуын ойлап, барынша көмектескен.
Көшпелі қазақ халқы ұзақ жол жүріп, шұрайлы қоныс іздеген. Алыстағы жерге жеткенде, үйдің адамдары мен малдары шаршап, демалуға аялдаған. Мұндай аялдауды «еру» деп атаған. Барлық ауыл тұрғындары жаңа қоныс иелерін қарсы алып, жүгін түсіріп, киіз үйін тігіп, отын мен су әкелген. Жем-суын малға беріп, қонаққа дәм татқан. Оларды бала-шағасымен бірге кезек-кезек үйлеріне шақырып, көрші-көлемді таныстырып, ерулік асын берген. Осы арқылы балалар бір-біріне үйренісіп, бірге өсетін болған.
Ерулік асы көбінесе қысқы соғымның сүбелі бөліктерінен, қазы-қарта, жал-жаядан дайындалған. Кейде жаңа көршілерге қой сойып, дастарқанға қойылған. Жас отау болса, көршілер тұрмысқа қажет ыдыс-аяқ, заттармен де көмектескен.
Жиенқұрық – ата дәстүр бойынша жиеннің нағашыларынан алатын арнайы сыйы. Халқымыз жиенді ренжітпей, «Жиен назасы жаман» деп еркелеткен. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген сөз де бар. Ертеректе жиен ес біліп, етек жапқаннан кейін нағашылары оны өз қамқорлығына алып, үйірлі жылқы ішінен бір тай таңдап беретін. Сол тайға жиенқұйрық деп ат қойылған. Нағашысы жиенге оны үш рет беруге міндетті болған. «Жиенқұйрық», «жиенқұрық» аталуының өз себебі бар. Нағашысы ауылға келген жиеніне қолына құрық беріп: «Өзіңе ұнаған малға құрық сал», – дейді екен. Құрық тиген мал жиеннің еншісі боп саналады.
Бұл дәстүрдің мәні – жиенге нағашылық қамқорлықты көрсету, туыстық байланыстарды нығайту және жиеннің әлеуметтік мәртебесін анықтау. Сонымен қатар, дәстүр жиеннің көңілін түсіру, ренжітпеу және оған жағымды қарым-қатынас орнату мақсатында сақталған.
Жарысқазан – әйел адам босанар сәтте жасалатын ежелгі әрі ерекше мейірімділікке толы дәстүр. Оның негізгі мақсаты — толғақты жеңілдету және сәбидің дүниеге тезірек келуіне септігін тигізу.
Толғақ басталғанда ауылдың пысық, қолы жеңіл әйелдері жиналып, қазанға ет салып, оны бала туылғанша пісіріп үлгеруге тырысады. Осыдан «жарысқазан» атауы шыққан: «Қазан бұрын пісе ме, бала бұрын түсе ме?» деген сенім қалыптасқан. Қазанның тез бұрқылдап қайнауы, оттың лапылдап жануы және әйелдердің абыр-сабыр қимылы босанатын анаға рух беріп, оның назарын ауырсынудан басқа жаққа бұруға көмектескен. Халық ұғымында қазан ерте піссе, бала да қиналмай, тез туылады деп есептелген.
Бәсіре — қазақ отбасында бала дүниеге келгенде немесе оның алғашқы мүшел жасына толғанда, баланың атына аталатын арнайы мал (төл).
Бұл жай ғана мал емес, баланың болашақ дәулетінің бастауы, оның жеке меншігі санатындағы киелі дүние. Бәсіре аталған сәттен бастап сол мал (көбіне құлын немесе тай) баланың меншігі болып есептеледі. Оны ешкім сатпайды, соймайды және басқаға сыйға тартпайды. Бала есейе келе өзінің бәсіресіне (атына немесе түйесіне) өзі қарап, оны бағып-қағуды үйренеді. Бұл баланы еңбекке, малсақтыққа тәрбиелейді. Халық ұғымында "бала мен оның бәсіресі бірге өседі" деген сенім бар. Егер бәсіре мал тез өсіп, төлдесе, баланың болашағы да берекелі, бай болады деп жорыған.
Аунату – қазақ халқы елге сыйлы, білімпаз әрі дана қариялар мен дарынды тұлғаларды ерекше қадірлеген. Осындай атпал азаматтар бір үйге қонаққа келгенде, үй иесі ол кісі кеткен соң, отырған орнына немесе жатқан төсегіне баласын аунатып алатын. Бұл — «жақсының шарапаты тисін, асыл қасиеттері баламызға дарысын» деген ізгі ниеттен туған «аунату» дәстүрі.
Бұл салттың құндылығын ұлы тұлғалардың өмірінен де көруге болады. Айталық, өткен ғасырда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов қырғыз бауыры Шыңғыс Айтматовтың үйінде қонақта болады. Мұхтардай алыпты өзіне ұстаз санаған Айтматов ол аттанған соң, ұлы жазушы отырған орындыққа өз баласын аунатып алған екен. Қос тұлғаның бұл сыйластығы — бабалар салтының шынайы үлгісі. Ұмытылып бара жатқан бұл дәстүр — ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды құндылық. Ұлыларды ұлықтап, соларға ұқсауға талпындыратын осындай игі істерді бүгінгі таңда қайта жаңғыртудың маңызы зор.
Түйемұрындық — бұл ұзатылған қыздың көші жол-жөнекей кезіккен ауылдың тұсынан өткенде жасалатын қызық әрі көңілді дәстүр. Қыз көші өтіп бара жатқанда, сол маңдағы ауылдың әйелдері мен жастары алдынан шығып, көшті бастап келе жатқан түйенің мұрындығынан (немесе бұйдасынан) ұстап, тоқтатады. Көшті тоқтатқандар «Түйемұрындық!» деп айғайлап, қыздың жанындағы жеңгелерінен сый-сияпат немесе кәде сұрайды. Бұл — «біздің жерімізден өтіп бара жатырсыңдар, бізге құрмет көрсетіңдер» деген еркелік пен сыйластықтың белгісі. Қыз жағы (көбіне жеңгелері) тоқтатушыларға алдын ала дайындап қойған жүзік, білезік, айна немесе мата сияқты бағалы бұйымдарын береді. Сыйлықты алған соң ғана жол ашылып, көш әрі қарай жалғасады. Бұл дәстүр екі ауылдың арасындағы таныстықты арттырып, жат жұртқа кетіп бара жатқан қызға «сені бәрі жақсы көреді, сенің жолың бағалы» деген сезім ұялатады.