Биыл Қазақстанда азық-түлік бағасы күрт қымбаттауы мүмкін. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы осындай болжам жасап отыр. Қазақстан азық-түлік бағасының өсу қарқыны жоғары елдердің тізімінде тоғызыншы орында тұр. Яғни, ТОП-10 қатарына кірген. Жыл соңына қарай азық-түлік бағасының өсімі 12,2% жетуі мүмкін...
Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметі де бұл болжамды қуаттай түседі. Биылғы ақпан айында жылдық инфляция 11,7% болған. Халықтың қалтасына салмақ болатыны – азық-түлік бағасы. Бір жылда 12,7% қымбаттаған. Жалғыз сұрақ, неге бізде бәрі қымбат?
Мүмкін азық-түлік бағасының қымбаттауына қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі сеп болған шығар? «Жоқ», дейді шыр-пыр болып Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. Ол жағы сембей айта беретін бір уәж бар. Ол - Қазақстан барлық азық-түлік түрімен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алмайды, импорттық өнімдер көп.
Серік Жұманғариннің кезекті бір уәжі – біздің фермерлер өз өнімін ел ішіне емес, сыртқа тасымалдап әлек. Себебі, табыс көп түседі. Алайда, белгілі сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Жангелді Шымшықов біздегі бағаның астарында криминализм сипаты жатыр деп есептейді.
«Қазақстанда баға өсімінің себебін бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бізде делдалдар, алыпсатарлар нақты өнім өндіруші шаруадан, кәсіпкерден арзанға тауар сатып алып, халыққа қымбатқа сатумен айналысып келеді. Бұл қолдан жасалған, белгілі бір топтардың мүддесіне жұмыс істейтін, қалтасына пайда түсіретін көлденең әрі жасырын табыс. Сол себепті де делдалдық әрекетпен ешкімнің түбегейлі күрескісі келмейді. Мұнда криминализм сипаты бар деп отырғаным осы», – дейді экономист.
Экономистің бұл пікірін «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ» Басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев та құптайды. Оның пікірінше, елімізде делдал қызметін жоюдың бір ғана жолы бар. Ол - өнім көлемін көбейтіп, қажетті тағамдық өнімдермен нарықты, қоймаларды толтырып тастау.
«Картоп және көкөніс өнімдері бағасының қыста, көктемде көтеріліп кетуінің себебіне өзім де таң қаламын. Шаруашылықтардың нарыққа ұсынатын бағасына қарасаңыз өте жақсы, қол жетімді баға. Мәселен, күзде өнім алған кезде шаруашылықтар картопты 120-140 теңгеден сатты. Қазір базарда баға 250-300 теңге аралығында. Пияз құны күзде 50-60 теңге болды, қазір 150-200 теңгеден сатылып жатыр. Басқа көкөніс дақылдары да осындай. Күздегі бағаға қыста, көктемде үстінен соншама қосып сататындай мүмкіндік бермеу керек. Жалпы, қазір жанар-жағармайға, тыңайтқышқа, тұқымға, суаратын суға, техникаға субсидия беріледі. Бір ғана картоп тұқымын алсақ, 70% cубсидия қарастырылған. Яғни мемлекеттен қолдау бар. Тек делдал саудагерлер бәрін құртып тұр», – дейді маман.
Айта кетейік, Үкімет 2010 жылы халықтың күнделікті ішіп-жейтін 19 түрлі өнім тізбегін бекітіп, оларға «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары» (ӘМАТ) деген атау берілген-ді. Осы арқылы тізімдегі тауарлар бағасына бақылау жасап келді. Дегенмен, 2023 жылдың соңына қарай осы ӘМАТ құрамындағы 9 азық¬¬қа (тұз, ұн, макарон өнім-де¬рі, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен жұмыртқа) шекті баға белгіленбейтіні айтыла бастады. Сауда және интеграция министрлігі аталған 9 тауардың өндірісі ішкі нарықты 100% қамтып отыр деп сендіре мәлімдеген. Соған сай, оларға қатысты баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тартып, 2024 жылдан 9 азық-түлік түріне шекті баға енгізілмейтіні хабарланды. Ал қалған 10 азық түрі (сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр еті, құс еті, айран, сары май, сүзбе, қант) ӘМАТ тізімінен 2025 жылы сызылатыны айтылған. Дегенмен сол жылы Сенат депутаттары әлі де бұл шешімнің шикі екенін дәлелдеп шекті құн белгілеуден кезең-кезеңімен бас тартудың орнына ӘМАТ бағасын біржолғы реттеуді ұсынды. Сенаторлар сенімді түрде айтқан екен. ӘМАТ бағасы әлі де реттелген жоқ, қайта жылдан жылға қымбаттап барады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тізбедегі өнімдер бағасының индексі 8,6% болды. Десе де, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында аталған санаттағы тауарлар бойынша ең төмен бағалардың бірін сақтап келеді. Бұл туралы таяуда өткен Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Ресми деректерге қарағанда елімізге сырттан келетін азық-түліктің 40%-ы көлемі Ресейдің үлесінде, қалған 20% өзге мемлекеттерден импортталады. Импортқа тосқауыл қоятын кеден де кедергі көп. Бұл ретте экономист Жангелді Шымшықов «ескі Қазақстанның» үлкен қателігін тағы еске салды. Ол - ЕАЭО ену.
«Бағаның қымбаттауы мәселенің бергі көрінісі ғана. Оны арғы түбінде экономикалық тәуелділік мәселесі жатыр. Еуразиялық экономикалық одаққа ену өте қауіпті қадам болатынын осыдан 15 жыл бұрын айттық. Мамандардың уәжіне билік құлақ аспай кіріп кеттік. Енді біз тағы айтып отырмыз Ресеймен одақтан уақытша болса да шыға тұруымыз керек. Олар соғыс жағдайындағы елдің экономикасы, бізбен мүлдем үйлеспейді. Ауру адамның қасында көп жүрсең оны дерті жұғады ғой, солай емес пе? Ендеше ол жазылып, сауыққанша араласуды неге доғара тұруымыз керек қой. Қисынды ма, қисынды. Біз осы одақтан уақытша шыға тұрсақ, бір сәтте оның тиімділігін сезінетін боламыз. Кеден арқылы өтетін тауардан түсетін пайданың өте үлкен бөлігі сол елге кетіп жатыр, бізге бар-жоғы 9% түседі», – дейді экономист Жангелді Шымшықов.
Ұн, күріш, картоп, пияз, күнбағыс майы және тұз бойынша профицит болғанымен, қант, сүзбе, құс еті, қарақұмық және қышқыл сүт өнімдері бойынша біздің нарық әлі әлсіз. Мысалы, қант бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі – 33%, сүзбе бойынша – 52%, құс еті – 79%, қарақұмық – 80%.
Қазақстандықтар бақша егіп, мал өсіруді де азайтқан. Жоқ, бұл жалқаулық емес, жайқалтып бақша егейін десе – су тапшы, мал бағайын десе – жайылым жоқ.
«Соңғы жылдары үй жанындағы бақша егу дәстүрін жоғалтып алдық. Оңтүстік өңірлерде бау-бақша салуға ауа райы қолайлы, бірақ су жоқ. Бәрі базардағы нарыққа ортақтасады бұрын ауылдағы тұрғындар өзін өзі қамтып, артығын қалаға сататын, қазір керісінше қаладан ауылға тасиды. Мал ұстайын десе жаятын, шабатын шөбі жоқ. Жерді не өзі пайдаланбай не халыққа бермей бекерге ұстап отырған ірі латифундистер әлі де бар. Осы жағын мықтап қолға алу керек. Ауылдағы ағайын бақша егіп, мал өсірсе базарда өнім де көбейеді. Ішкі нарық қосалқы шағын шаруашылық есебінен толса үлкен шаруашылықтар өнімін сыртқы нарыққа қиналмай шығарар еді», – дейді Теміржан Айтбаев.
Қазақстан бұрын кеңес кезеңінде 1 млн тоннаға дейін ет өнімдерін өндіріпті. Соның 670 мың тоннасы бүкіл Одақ бойынша және басқа елдерге экспортқа жөнелтілетін. Қазір осы сандар ертегідей естіледі.
«Мен сізге бір қызық дерек айтайын, 1991 жылы Тәуелсіздік алған кездегі Экономикалық комитет деректердің жиынтығын жариялаған болатын. Соның бір данасы менде сақтаулы. Жоғарыда айтылған цифрлар сол құжаттан алынып отыр. Әрине ол кезде де көбінесе экспортқа шикізат шығарылғаны белгілі. Бірақ, халыққа қажетті тұтыну тауарларын республика 70-80%-ға дейін өзі қамтамасыз еткенін білеміз. Аудан орталықтарының бәрінде кішігірім кәсіпорындар, өнім өңдейтін консерві зауыттары болды. Атбасарда ет комбинаты жұмыс істеп тұрды. Өкінішке қарай оны түгел құрттық, ұлттық экономикамызды құрдымға жібердік. 90-жылдардан кейінгі тоқыраудан әлі сабақ алмай отырмыз. Осыдан бес жыл бұрын «Қарапайым заттар экономикасы» деген жақсы бағдарлама қолға алынды, өкінішке қарай ол да аяқсыз қалды. Үкімет тарапынан мүдделі, шынайы ниеті бар тұлғалар шыққан жоқ. Ашылды, ақша бөлінді, нәтижесі қайда? Сұрауы жоқ, бітті», – деп қынжылыс білдіреді маман.
Айтпақшы, Үкімет биыл ӘМАТ тізбегін тағы кеңейтіп, өнім санын 19-дан 31 атауға дейін жеткізді. Жаңартылған тізбе бойынша ТОП-800 сауда нысаны айқындалып, мәліметтер жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Тізбенің кеңейтілуі кәсіпкерлер үшін бірқатар міндеттеме орындауды талап етеді. Мәселен, мәмілелер ашықтығын қамтамасыз ету, шарттарды рәсімдеу, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді уақтылы шығару, сондай-ақ заңнамада белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау. Сауда үстемесі демекші, Солтүстік Қазақстан облысында 2026 жылдың басынан бері 20-ға жуық кәсіпкер негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсіргені үшін айыппұл төледі. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асты.
«Жиі анықталатын заң бұзушылықтардың қатарында картоп, сәбіз, күріш, алма және басқа да негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын көтеру фактілері бар. Кейбір жағдайларда сауда үстемесі рұқсат етілген деңгейден 50 пайыздан астамға асып кеткен», – деп атап өтті Сауда министрлігі.
Айтып ауыз жиып үлгермедік, кеше ғана Премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңес өткен. Осы жиында Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жыл басынан бері 2 мыңнан астам электронды шот-фактураны талдап, сауда үстемесіне қатысты 631 бұзушылықты анықтаған. Яғни, кәсіпкерлер азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсірген. Біздің шенеуніктер енді бұл жұмысты да Жасанды интеллектке жүктемек.
«Қазір біз жасанды интеллект көмегімен сауда үстемесінің шекті мөлшерден асу фактілерін анықтайтын боламыз. Мәселен, егер бір күн ішінде бір тауар бойынша бірнеше мәміле жасалса, олардың жалған болу ықтималдығы жоғары. Наурыз айының алғашқы жартысының өзінде делдалдарға қатысты 56 әкімшілік іс тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды», - дейді Айжан Бижанова.
Жасанды интеллект елдегі делдалдықты жеңіп, азық-түлік бағасының қымбаттауына тосқауыл қойса, тек 2026 жылды ғана емес, әрбір Жаңа жылды «Жасанды интеллект» жылы деп жариялауға Президенттің өзі де қарсы болмайтын секілді...
Ұлағат Бекболат