homepage
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның «жаңа мұнайы»: сирек металдардың қызығын кім көреді?

11.03.2026, 20:43

«Қазақстан бай мемлекет» деп тамсаныпты Трамп. Ақ үй басшысына біздің елде сирек кездесетін жер металдарының үлкен қоры бары мәлім, әрине. Геологтардың соңғы бағалауы бойынша қазақтың ен даласында 28,2 млн тонна әлемде сирек кездесетін металдар жатыр. Бұл көрсеткіш Қазақстанды әлемде екінші орынға шығарады. Бірінші орында  44 млн тонна байлығымен Қытай тұр. 

Осылайша Қазақстан АҚШ, Аустралия және Ресей секілді елдерді болжамды қор көлемі бойынша басып озды. Сирек металдарға сұраныс күшейді. Себебі, қолыңыздағы смартфоннан бастап электромобильдер, аккумуляторлар, микрочиптер мен әскери техника өндірісіне осы қат металл қолданылады. Жаһанда соғыс өрті өршіп жатқанда әлем алпауыттарының Қазақстанға деген қызығушылығын түсінуге болады. 

Былтыр қараша айында Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапарлады. Осы сапар барысында Қазақстан мен АҚШ стратегиялық минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. АҚШ  галлий элементінің импортына 100% тәуелді, мышьяк пен графитиді Қытайдан 50-55% импорттауға мәжбүр. Қытай кейінгі он жылда сирек металдар нарығын уысында ұстап келеді. Ал, АҚШ-тың көздегені импорт көзін әртараптандыру. 

Жалпы, экономикада қолдану бағыттары бойынша бағалы металдар - сирек және сирек жер металдары болып екіге бөлінеді. Әлемде оларды «аз таралған металдар» (Less Common Metals) деп те атайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитетінің «Juzmedia.kz» порталына жолдаған мәліметінше, Қазақстан аумағында сирек металдар мен сирек жер металдарының 100-ден астап кен орны анықталған.

«Еліміздегі сирек металдар мен сирек жер элементтері кен орындарын кешенді өңдеу барысында ілеспе компонент ретінде бірге өндірілуі мүмкін. Мәселен, уран, түсті, қара және асыл металдар кен орындарында селен, теллур, германий, галлий, индий, таллий, висмут, гафний, скандий, кадмий, рений, осмий, иттрий секілді элементтер ілеспе өндіріс түрінде мемлекеттік баланс бойынша есепке алынған», – дейді Комитет төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев. 

АҚШ-ты қызықтыратын қазбалар 

АҚШ-ты қызықтырып отырған Қазақстандағы кен орындарының бірі – Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты. Соңғысы вольфрам қоры бойынша әлемдегі ең ірі үш кен орнының қатарына кіреді. Онда шамамен 90 мың тонна вольфрам триоксиді және 13 мың тонна молибден бар деп болжанып отыр. Ал, оған жақын орналасқан Солтүстік Қатпар кен орнында вольфрам қоры 110,3 мың тонна. Вольфрам (химиялық белгісі - W) балқу температурасы өте жоғары, аса қатты әрі тығыз, стратегиялық маңызы зор металл. Ол металлургияда, машина жасауда, тау-кен және құрылыс салаларында, сондай-ақ аэроғарыш өнеркәсібі мен қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде қолданылады. Әлемдік нарықтағы болжам бойынша, биыл вольфрамға сұраныс шамамен 140 мың тонна болса, 2030 жылға қарай 170 мың тоннадан асуы мүмкін. Себебі, вольфрамсыз реактивті қозғалтқыштар, жартылай өткізгіштер және оқ-дәрілер өндірісін өркендету мүмкін емес. Сол себепті НАТО оны аса маңызды минералдар тізіміне қосты.

2025 жылғы қарашада Вашингтонда C5+1 саммиті өтіп, қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» пен америкалық «Cove Capital» компаниясы стратегиялық альянс құрғанын жариялады. Жобада шетелдік компанияның үлесі - 70%, отандық тараптың үлесі - 30%. Бірлескен кәсіпорын Қарағанды облысындағы ірі кен учаскелерін игерумен айналысады. Жоба құрылысы екі жыл ішінде басталып, тау-кен байыту комбинатын 3,5 жылда іске қосу жоспарланған. Айта кетейік, «Cove Capital» үшін бұл Қазақстан аумағындағы алғашқы жоба емес. Инвестор бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Гремячинский және Қостанай облысындағы Ақбұлақ учаскелерінде сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қарағанды облысында Құйрықтыкөл деген жер бар. Жер-су атаудан алдына жан салмайтын қазақ бұл жердің кенге бай екенін сезсе керек. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізілген барлау жұмыстары Құйрықтыкөлде аса бағалы метелдардың көп мөлшерін анықтады. Қазір ол «Жаңа Қазақстан» деген жаңа таумен аталады. 

«Учаске шегінде төрт перспективалы алаң айқындалды. Аталған аумақтар бойынша сирек жер элементтерінің (La, Ce, Nd, Y — лантан, церий, неодим, иттрий) болжамды ресурстары 935,4 мың тоннаны құрайды. Ырғыз  алаңында қосымша С2 санаты бойынша 795,8 мың тонна қор есептелді», – деді Комитет төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев.                                                                                                                                                                    

Академиктің айтқаны 

Еліміздің сирек металдар өндірісінің әлеуетін білмек болып ұзақ жыл «Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу» ұлттық орталығын басқарған ғалым, ҚР ҰҒА академигі, профессор Әбдірасул Жәрменовке хабарласқанбыз. Академиктің пікірінше, Қазақстанның жер қойнауы вольфрам мен литий сынды пайдалы қазбаға бай. Литий элементін кен орындарындағы үйінділерін (отвал) қайта өңдеу арқылы алуға да мүмкіндік бар. Кеңес үкіметі Қазақстан аумағындағы литийге қатысты геологиялық барлау деректерін құпия ұстады. КСРО тарағаннан кейін вольфрам мен литийді өндіру ұзақ уақытқа тоқтап, кен орындары игерілмей қалды.                                                                                                                  

«11 жыл бұрын «Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу» ұлттық орталығы Қытай компаниясымен бірігіп, Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Бұғыты кенішінде вольфрам өндірісін іске қосты. Соның негізінде 2024 жылы тұңғыш рет елімізде вольфрамды өнеркәсіптік көлемде өңдейтін зауыт ашылды. Аталған металдың екінші ірі кен орны Қайрақтыны игеруге америкалықтар келіп жатыр. Дегенмен, ол көлемі үлкен болғанымен өзіндік қиындығы бар кен орны. Оны іске қосу үшін шетелдіктер біраз қиындық көреді деп ойлаймын. Біз болат өндіру технологиясы жөнінен шетелден көп артта қалып қойдық. Ал түсті металдар мен сирек металдар өнідірісінде өзіміздің технология еш кем емес. Шетелдіктер біздің технологияға көңіл аударып, отандық ғылыми әлеуметімізбен санасса құба құп. Егер қиындық көрсе сүйенетін күш өзімізде бар екенін айтқым келеді», – дейді ғалым.

Ендігі бір міндет - шетелдік инвесторларға өз міндеттемелерін толық орындатқызу. Әсіресе, нарыққа қажет вольфрам мен литий өндірісінде шикізат күйінде сыртқа шығармай, қосылған құны жоғары өнім өндіру аса маңызды.

«Сирек металдар өндірісінде шикізаттық бағытта қалып қоймаймыз ба деген үлкен қауіптің бары рас. Мәселен, мыс, мырыш, қорғаныс өндірісінде ұзақ жылдар бойы шикізатқа байланып, тұйық шеңберінен шыға алмай келдік. Алайда, бірден шетелдіктерге қатаң талап қойсақ, олар келмей қоюы да мүмкін. Сондықтан бұл жерде біртіндеп, сатылап барып жету керек деп ойлаймын. Бірден нәтижеге жету өте қиын», – дейді Ә. Жәрменов. 

Сирек металдардың қызығын кім көреді? 

Геология комитеті шетелдік компанияға қойылатын талаптар екі негізде жүзеге асатынын айтады. Біріншісі, аукцион қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру.  Ол үшін жер қойнауы учаскелері тиісті тізбелерге енгізіліп, белгіленген тәртіппен аукционға шығарылады. Аукцион жеңімпазы жер қойнауын пайдалану туралы заңнама талаптарына сәйкес барлау немесе өндіру лицензиясын алады.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің 278-бабының 4-тармағына сәйкес қатты пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру лицензиясын аукцион қорытындылары бойынша беру және аукцион өткізу тәртібін құзыретті орган – Министрлік айқындайды», – делінген Комитет мәліметінде.                                                          

Екінші тетік – Инвестициялық штаб арқылы беру. Ресми мәліметке сүйенсек, экономика үшін басым маңызы бар стратегиялық жобаларға пайдалану құқығын беру туралы шешім Инвестициялық штаб арқылы қабылдануы мүмкін. Бұл жағдайда жобаның шарттары мен параметрлері оның инвестициялық маңыздылығы және мемлекет қабылдайтын қолдау міндеттемелері ескеріле отырып айқындалады.

«Біз геология технологиясы жағынан шетелден қалыс қалған шығармыз, ал өндірістің технологиясы жағынан өзіміздікі еш кем емес деп айта аламын.  Өнімді бөлуге келгенде әділдік, тазалық дегенді басшылыққа алған жөн. Мүмкіндігінше бұл салаған жемқорлықты жолатапай, таза мемлекеттік ұстанымды алдыңға орынға шығару қажет. Себебі, осыған дейін үлкен кен орындарын игеру, өнімді бөлісу кезінде Қазақстанның мүддесі жеке адамдардың мүддесіне айырбасталып кеткені жасырын емес. Қателіктен сабақ алатын уақыт жетті», – дейді профессор Әбдірасул Жәрменов. 

Академиктің айтуынша, әлемде сирек металдарға сұраныс артқалы Қазақстан да кезінде түрлі себеппен жабылып қалған кеніштерге қайта қайырыла бастайды.

«Мәселен, Балқашта мыс өндірісімен бірге алынатын молибден өндірілмей қалды. Өскеменде висмут, индий, таллий секілді элементтерді өндіру ұзақ уақыт тоқтап қалып, енді, енді қолға алына бастады. Бұлардан бөлек периодтық кестенің астындағы лантаноидтар тобына жататын 14 элемент бар. Олар Кеңес дәуірінде жабық өндіріс саналатын. Электроникада, техникада аса маңызды металдар. Осыларды өндіру ісін де тоқыратып алдық», – дейді ғалым.

Десе де еліміздегі геологиялық карталардың көп бөлігі ескірген. Ұлттық геологиялық қызметтің мәліметінше, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Орталық пен Оңтүстік Қазақстанның 1960-1980 жылдары түсірілген кейбір аудандарында дәлдік төмен. 

«Қатты пайдалы қазбалар кен орындарын зерттегенде республикада жер астында 1 шақырымға дейінгі тереңдік өлшенді. Ол кезінде Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен жүргізілген геологиялық зерттеулердің жемісі. Мәселен, мен АҚШ-та тереңдігі 3 шақырымдық шахтада болып көрдім. Сондықтан әлі де тереңдікте зерттеу жүргізуге мүмкіндік бар деп ойлаймын», – деді академик Әбдірасул Жәрменов.       

Буындар бірлестігі 

Біз тілдескен тағы бір академик – Әбдуәлі Баешов геологиялық барлау ісінде буындар байланысының жоқтығына қынжылыс білдірді. Ғалымның пікірінше, литий, вольфрам, молибден, титан, ванадий және басқа да сирек металдар қоры бойынша іздестіру және барлау жұмыстарын тыңғылықты жүргізу үшін отандық ғылымдарымыздың әлеуетін пайдалану қажет.

«Ғұлама ғалым Скрябин айтқан екен «егер лабораторияды кілең кәрілер болса – ол трагедия, ал тек жастар болса – ол комедия» деп. Ғалымның бұл сөзіне үлкен мән беру керек. Қария ғалымдарсыз жастардың үлкен ғылыми жетістіктерге жетуі қиын болады. Сол себепті аға, орта және кіші буын бірігіп, сабақтаса жұмыс істеуі керек. Ғылымды дамыту үшін жинақталған тәжірибе, көрегендік әрі интуиция қажет дер едім», – дейді Ә. Баешов.

Түйін. Осынша ен байлықтың үстінде отырып Қазақстан тағы да тек шикізат жеткізуші ел болып қала ма? Көп қауіптің ішіндегі бас қауіп осы. Жаһан сарапшылары сирек металдарға үлкен бәс тігіп, оны «жаңа мұнайға» балап отыр. Тағы сол сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай бұл нарықтың көлемі 10 млрд долларға, ал 2040 жылға қарай тағы бірнеше есеге өсуі мүмкін. Ал, отандық ғалымдар Қазақстан әлемдік нарықта сирек металдардың ірі жеткізушісіне айналады дегенге аса сене қоймайды. Ең алдымен, салаға өте қомақты капитал қажет. Екіншіден, бәсекеге қабілетті заманауи технологиялар керек. Ал, өкінішке қарай, бұл екеуі де біздің қолымызда жоқ. Бәлкім, әзірге. 

Ұлағат Бекболат