2025 жыл. Желтоқсан. Тегеран. Иран ақшасы бір сәтте бір долларға шаққанда ағаш басына шығып, 1,4 млн риалға жетті. 2024 жылы қара нарықта 1 доллардың құны 800 мың риал болған. Жұрт жағасын ұстады. Жоқ, жақ-жақ болып, жаға жыртысты. Елдегі барлық саудагерлер жұмысын тоқтатып, шеруге шықты. Оған қара халықтың қалың нөпірі қосылды. Сонда шариғатшыл, діншіл, исламшыл билік не істеді? Шерулеткендерді шетінен қырып тастады. Сол толқулар толқыны басылмай тұрғанда мұхиттың арғы жағынан әлемге әмірін жүргізіп отырған Дональд Иран халқына «көмек жолға шықты» деп үндеу жолдап, жұрттың үрейін басқандай болған. Сөйтсек, шеруді шиеленістіре түсу үшін ши жүгірткен екен…
Парсының заңды мұрагері, Кирдің ұрпағы делінетін Ұлы мемлекет соңғы 70-80 жылда не көрмеді?! Патшалардың патшасы, Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пехлеви 1941 жылдан 1979 жылғы Ислам революциясына дейін билік еткен тұста ел заманауи өркениетке бет бұрды. 1953-тегі төңкеріс пен 1963 жылғы «Ақ революцияның» авторы - Иранды батыстық болмысқа модернизациялады. Феодализмді құртты. Жерді шаруаға берді. Сауатсыздықты жойды. Әйелдерге дауыс беру құқығын берді. Әйелдер министр, судья, депутат бола бастады. Ауылға медицинаны жеткізіп, жұқпалы аурулармен күресті. Мұнайдан түскен табыс ауыр өнеркәсіпке жұмсалды. Тақтайдай тегіс жолдар, теміржолдар, әуежайлар мен алып ГЭС-тер салынды. Иранның алғашқы атом энергиясы бағдарламасын да дәл осы Мұхаммед Реза бастаған. Иран осылайша Таяу Шығыстағы ең қуатты әскери һәм саяси державаға айналды. Шах кезінде Иран армиясы әлемдегі ең мықты жарақтанған (АҚШ қару-жарағымен) бес армияның қатарына кірді. Шахтың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Елді бір шыбықпен басқарды. Оның САВАК атты құпия полициясы оппозицияны қатаң бақылауда ұстап, наразы халықты ұдай тұншықтырып отырды. Сөз бостандығын шектеді. Мұхаммед Реза АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең жақын әрі сенімді серіктесі болды.
Ақыры шексіз билік құрып, автократияға айналған ол - Парсының 2500 жылдығына арнап, 1971 жылы қазан айында жер-жаһанда болмаған той жасады. Үш күндік той үшін шөл далаға ел тарихында болмаған шағын қалашық салдырды. Еуропадан 15 мың түп көшет алдырып отырғызады да, ол орманға 20 мың торғай мен 50 мың түрлі құс жібереді. Сәулеті дәулетіне сай шатырларды салдыру үшін Парижден әлемге әйгілі MAISON JANSEN-нің жүздеген дизайнерлері мен ондаған сәулетшілерін шақырады. Сөйтіп, шетелдік қонақтарға арнап елу шатыр, екі үлкен Салтанат сарайын, су бұрқақтар, сұлулық салондарын, бау-бақша, бақ, гольф алаңынан тартып тіпті, қонақтардың қымбат дүниесін сақтайтын жерасты қоймаларына дейін салады. Ал жоғары мәртебелі қонақтарға ас мәзірін әзірлеу үшін Францияның атақты MAXIM мейрамхана желісі бүкіл әлемдегі ресторандарын екі аптаға жауып, осы шағын шатырлар қалашығына келеді. Олар өздерімен бірге сәні келіскен ыдыс-аяқтан басқа 18 тонна азық әкеледі. Оның 3 тоннасы қозының еті, 1300 келі құс еті, 360 мың дана жұмыртқа, 25 мың шиша шарап, 1 мың бөтелке Бордо, 1 мың шиша Бургунд шарабы, 1860 жылғы француз коньяктары, 2500 шөлмек ақ қайнарлар арнайы мұздатқыштармен жеке жеткізіледі. Қымбат әрі сирек кездесетін серверлік бұйымдардың жайы бір басқа. Осы ондаған тонналық дастархан мәзірімен бірге мәртебелі қонақтарды күтіп алу үшін шатырлы қалашық жанын арнайы әуежай салдыртып, жаңадан жол төселеді. 65 гектар жерге жайылған той алаңын 65 мың мұздай қаруланған армия күзетті. Осылайша 70 метрлік ұзын үстел басына бір мезетте саяси ұстанымдары қайшы, діни көзқарастары кереғар патшалар мен монархтар, корольдер мен сұлтандар, Президенттер мен Премьер-министрлер тұңғыш рет бірге отырып, бір дастарханнан дәм татады. 1971 жылы болған ғасыр тойының шығынын сол кезде америкалық Time журналы 100 млн доллар деп бағалапты. Содан бергі супер және гиперинфляцияны ескерген жұрт сол ақшаны қазіргі 1 млрд долларға теңеп жүр. Оның сыртында Мұхаммед Реза бұл тойға әлемдік БАҚ өкілдерін шақырып, тікелей эфирлер, арнай репортаждар, деректі фильмдер мен етектей етіп «Ғасыр тусовкасы» деген тақырыппен ондаған мақалалар жаздыртып, материалдар дайындатады. Және бұл тойға өзі басқаратын елдің бірде-бір өкілі тұрмақ, қасында жүрген министрлерін де қатыстырмайды.
Осылайша үш күн аста-төк той қылған Шах жетістіктерінің көлеңкелі тұстары да қоюлана түседі. Елде байлар мен кедейлер арасы алшақтайды. Батыстық құндылықтар консервативті діни халықтың қарсылығын үдетеді. Діни топтар оны «Батыстың қуыршағы» деп айыптайды. Ақырында, осы «жемісті» реформалардың тым жылдам жүруі мен саяси еркіндіктің тұсалуы 1979 жылғы революцияға алып келді. 1979 жылы елде жаппай ереуілдер мен тәртіпсіздіктер басталғанда, шах Ираннан қашып Каирде бас сауғалайды. 1980 жылы Мысырда айдауда жүріп, қатерлі ісіктен қайтыс болады…
Иран билігіне 14 жыл қуғында жүрген аятолла Хомейни келіп, елді Ислам Республикасы деп жариялайды. Жалғыз өзі бүкіл бір өркениеттің астаң-кестеңін шығарған ол Париждегі бір бөлмелі үйде отырып-ақ, жаһандағы ең ықпалды империяны құлатады. Рухолла Хомейнидің есім-сойы әлі күнге дейін АҚШ-тың ашу-ызасын келтіреді. Ол тек діни көшбасшы ғана емес, діннің кез-келген қарудан да құдіретті екенін бар әлемге паш еткен тұлға. Қара сәлде киген қарапайым адам осылай жаһанды тітіркентті…
Ал күні кеше АҚШ пен Израиль қарулы күштерінің соққысынан қаза тапқан Әли Хаменеи болса, жастайынан дін ғылымын меңгерген. 1958 жылы Құм қаласына қоныс аударып, аятолла Хомейнидің дәрістеріне қатысқан. 1963 жылы 24 жасында саяси қызметі үшін алғаш істі болады. Одан кейін де Шах Мұхаммед Реза Пехлевидің режиміне қарсы белсенді болғаны үшін бірнеше рет тұтқындалған. 1979 жылғы революциядан кейін шах билігі құлаған соң Иранда діни қағидаттарға негізделген теократия салтанат құрады. Жаңа талап бойынша әйелдерге хиджаб кию міндеттеліп, алкогольге тыйым салынады. Хаменеи болса, Ислам революциясы сақшылары корпусын құруға қатысып, кейін қорғаныс министрінің орынбасары, Иран парламентінің депутаты болады. Шешендік қабілетіне қарап оны Рухолла Хомейни Тегеранда жұма намазының жетекшісі етеді. 1981 жылы Хомейнидің қолдауымен президенттік сайлауда жеңіске жетіп, 1989 жылға дейін бұл қызметті атқарған алғашқы дін қызметкері атанады.
Кейін Хаменей жоғары көсем болуы үшін ел Конституциясын өзгертеді. Сол кездегі конституция бойынша жоғары көсемде «Гранд аятолла» дәрежесі болуы шарт. Ал Хаменеи сол кезде тек «хожат-аль-ислам» деген орта дәрежелі дін қызметкері-тұғын. 1989 жылғы жоғары көсем сайлауында Хаменеиді жақтап 60 адам дауыс беріп, 14 адам қарсы шығады. Хаменейдің өзі де кандидатурасына қарсылық білдіріп, діни тұрғыдан жоғары лидерлікке лайықты еместігін мойындаған. Бірақ, Хаменеи ресми түрде діни беделі қанша жерден Хомейниден төмен болса да, елдегі Ислам революциялық гвардиясымен (КСИР) астыртын одақтасу арқылы билігін нығайтады...
2002 жылы Натанз уран байыту кешенінің ашылуына жасырын қатысқаннан кейін Хаменеи бүкіл ядролық мәселенің құлағын ұстаған тұлғаға айналады. 2015 жылы Батыспен ортақ ядролық мәміле жасалғанымен, АҚШ одан 2018 жылы шығып кетеді. Кейін Хаменеи ядролық қаруға тыйым салатын пәтуа шығарса да, АҚШ пен Батыс Иранды құпия түрде қару жасап жатыр деп айыптайды. Сондай-ақ, Хаменеи Ливандағы Хезболлах, Газадағы ХАМАС, Йемендегі хусилер мен Ирак-Сириядағы жасақтарды біріктірген «Қарсылық осін» дамытуға ықпал етеді. Және бұл айла Иранға айналасындығаларға ықпалын жүргізуге мүмкіндік береді. Оның бұл әрекеті ислам әлеміндегі кейбір мұсылман елдерінің де титығына тиеді. Сөйткен Әли Хаменеидің өзі 1939 жылы 17 шілдеде Иранның Мешхед қаласында шиит дінбасылары отбасында дүниеге келген. Арғы тегі әзербайжан. Араб, түрік және ағылшын тілдерін меңгерген. Ислам мен тарих тақырыбында көптеген еңбектер жазып әрі аудармамен айналысқан. Үйленген, алты баласы бар...
Хаменеи тұсында бірнеше рет ірі толқулар болды: 2009 жылғы "Жасыл қозғалыс", 2019-2020 жылдардағы наразылықтар және 2022 жылы Маша Әмінидің қайтыс болуынан туындаған кең ауқымды көтеріліс ел іргесін шайқауға шақ қалды. Әр жолда ол қауіпсіздік күштерін іске қосты. 2023 жылы Израиль Ливанға соққы жасады, Хезболланың бас командирі Насрулла өлтіріліп, «Қарсылық осі» ауыр шығынға ұшырады. 2024 жылдың соңында Сирияда Асад режимінің құлауы Иранның аймақтық беделіне кері әсер етті. 2025 жылдың маусымында Израиль мен АҚШ Иранның ядролық нысандарына тікелей соққы жасап, біраз бункерлерді құртты. 2025 жылдың соңында Иранда экономикалық дағдарыс дендеп, риалдың құнсыздануынан жаппай көтеріліс болып, бірнеше мың адам қаза тапты.
Кеше дүйсенбі күні Хаменеидің ұлы Моджтаба Иранның ресми түрде көшбасшысы болып бекіді. Жалпы, Иранның саяси-құқықтық жүйесінде биліктің әкеден балаға ресми түрде мұрагерлік жолмен берілу тәжірибесі қалыптаспаған. Сондықтан мұндай сценарий қоғам ішінде және діни-саяси элита арасында қарсылықтар мен пікірталас тудыруы мүмкін деген болжамдардың күл-паршасы шықты. Хаменеидің Моджтабадан басқа тағы бес баласы бар...
Ақиқат қашанда ащы. Иә, аятоллалар бір диктаторды құлатқанымен, оның орнына өздері диктаторлық етті. Аятоллалар ислам құндылықтары мен шындықты айтқанымен, олардың режимі де мыңдаған жазықсыз жандарды өлім жазасына кесті. Иә, аятоллалар қарапайым, байлық жинамай, қарабайыр күн кешті. Бірақ, оның кесірін млн-даған ирандықтар тартты. Олар Реза Шахтан асып кетпесе, кем түспеді. Олардың теократиялық саясаты бір елді ғана емес, бүкіл Таяу Шығысты шырылдатты. Аятоллалар өзінің наным сенімінен ешқашан айнымады. Сонысымен артынан млн-дарды ерте алды. Олардың күші де сол наным сенімде болды...
Билікке келген әр революционер өздерін ескінің көзін құртып, жаңаға жан бітіреміз деп жанталасады. Ленин солай ойлаған, Мао солай істеген, Кастро солай деп сойыл соққан және Хомейни мен Хаменеи де сөйттік деп ойлады. Алайда, әділетті әрі жаңа қоғам құру революционерлер уәде еткендей «ғажап» бола бермейтінін тарихтың өзі дәлелдеп берді. Сегіз соғысты тоқтаттым деп бүкіл Таяу-Шығысты сергелдеңге салып қойған Трамп болса, «менің бір емес, Иранды басқаруға әлеуеті жететін үш кандидатым бар» деп ол отыр. Солардың бірі - Мұхаммед Реза Пехлевидің үшінші әйелі Фарах Дибадан туған үлкен ұлы, қазір АҚШ-ты паналап жүрген Реза да биліктен дәмелі... Өкініштісі сол, бұл елдің билік басына келетін, иә келген тақ иесінің қалай болғанда да, өз шындығы мен ақиқаты болатынына ешкім, ешқашан, ешқандай кедергі келтіре алмайды. Бүгін АҚШ пен Израильге қарсы 11-күн қатарынан теке-тіресіп жатқан елге қатысты әзірге басы ашық әрі бар шындық осы ғана...
БЕКӘЛІ ЖӘДІК