Таяу Шығыстағы шиеленіс шешілер емес. Ал, мұнай қымбаттап барады. Бүгін Brent маркалы мұнай баррельіне 81,67 долларға жетті. Бұл кейінгі төрт жылдағы ең жоғары өсім. Бұл әрине Қазақстан экономикасы үшін жағымды жаңалық, әйткенмен мұның да минусы бар. Juzmedia қаржыгер Айбар Олжаевтың пікірін ұсынады.
Иранның көзірі
Иранның қолында көзір бар. Ол – Ормуз. Мұны ел билігі жақсы түсініп отыр. Ормуз толық жабылса Қытай да, Еуропа да, Оңтүстік Шығыс Азия елдері де қиналатын болады. Бұғазды бұғаттау ұзаққа созылып кетсе, бұл елдер АҚШ-қа шығып, елдер арасында араағайындыққа тырысып бағады. Яғни, бұл шиеленістің тез шешілуіне мүдделі тараптар көбейеді деген сөз, Иранның бір есебі осы. Мұнай қаншалықты қымбаттайды дегенге келсек, баррельіне 80 доллардан асуы кәдік. Бірақ, жүзден асып кетеді деп болжау артығырақ болар. Алайда, Иран айбар шегіп, танкерлерге тойтарыс беріп, жағалауды толық бақылауға алса ғана мұнай құны 100$ асуы мүмкін. Бірақ, бұл сценарийдің жүзеге аса қоюы екіталай. Баррельі 150-ге барады деген болжам да өте қиын. Қайткенмен де Норвегияның, Латын Америкасының шикізаты, Ресейдің жасырын мұнайы бар. Олар өндірістерін арттырып сол сұранысты жабуға тырысады. Сондықтан, бұл бағаға ешкім жеткізе қоймайтын шығар.
Ұлттық қордың үкілі үміті
Мұнай бағасының өскені әрине, бәріне керек. Бізге де. Бірақ, мұндай жолмен емес. Өзімен-өзі өсіп, құбылмай, ауытқымай баррельіне 70 доллардан асқаны өте ыңғайлы болар еді біз үшін. Өткен жылы мұнай баррельіне 60-62 доллар деңгейінде болғанда ұлттық қорға 7 млрд $ түсім түсті. Ал, биыл мұнай бағасы орта есеппен 70-72$ шамасында қалыптасса 8 млрд доллар түсім алатындай мүмкіндік бар. Яғни, 1 млрд долларға артық. Бірақ, әлемде соғыс өршіп, мұнай бағасының бір көтеріліп, бір түсіп кетуі бізге қажет емес. Онсыз да ие бола алмай отырған инфляция көтеріліп, сол мұнайдан түскен артық түсімді жеп қояды.
Халық бұл мол түсімді тек теңгенің тұрақты болуы арқылы сезе алады. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте мұнайдың баррельі 60 доллар деп көрсетілген. Бұл дұрыс та. Оны қазір асығып 70-80 деп көтеріп қоймау керек. Себебі, екінші жарты жылдықта бұл бағаларға қайта оралуымыз мүмкін. Сондықтан, қазіргі бюджеттің бағыты дұрыс. Ал, егер жоспарлы табыстан артық түсіп жатса оның бәрі ұлттық қорға кетеді. Ұлттық қордың бюджетке келетін трансферті нақтыланды. Ол - 2,77 трлн теңге. Мұнай бағасы 200$ болып кетсе де бұл сомадан артық бюджетке трансферт тартылмайды. Оның бәрі бюджеттік кодексте бекітіліп қойылған. Сондықтан, мұнай қатты қымбаттап жатса Ұлттық қор тезірек өседі. Және ол 2027 жылы 100 млрд долларға жетуі мүмкін. Осылайша көптен бері қол жеткізе алмай жүрген асыл арманымыз орындалады.
Қытай қиналады, демек әлем қиналады
Таяу Шығыстағы шырғалаң ұзаққа созылып кетсе бұл біріншіден, Қытайға ауыр тиеді. Қытай экономикасы мұнайға зәру. Егер Иранның мұнайын толық баланстан алып тастаса және Ресейдің көлеңкелі мұнайы тоқтаса онда Қытайдың экономикасы тежеліп қалады. Содан соң бір шырмауық шеңбер пайда болады да, әлемдік экономика тұтас баяулайды. Бұл мұнайға деген сұраныстың азаюына әкеп соғады. Сөйтіп, мұнайдың бағасы қайтадан түсіп кетеді. Сондықтан, әрине бізге қатты бір көтеріліп кетіп белгілі бір елдердің қиналып қалғаны бізге керек емес. Себебі әлемдік экономиканың мүмкіншілігі кеміп қалады.
Бізге Иранның интеграцияланғаны керек
Жалпы, Иранның санкциялық қоршаудан босап, әлемдік қауымдастықтың нақты бір толыққанды ойыншысы болғаны бізге керемет күшті болар еді. Иранмен дұрыстап сөйлесіп, барлық контрактілерімізді ресми жолға қойып, Бендер-Аббас портындағы өз терминалымызды тез салып алып Парсы шығанағына шығар жолды тауып алар едік. Егер ол елде тұрақты режим орнап, көтерілістер тоқтап, барлығы тынышталса Иранмен негізі сөйлесуге болады. Осы жылдар бойы бұл елмен жұмыс істей алмай келе жатқанымыздың басты себебі - санкция. Санкция астындағы елмен жақындасып кетсек өзіміз де санкцияға ұшырап қалуымыз мүмкін. Сондықтан, кішкене аяғымызды тартып жүрдік. Енді ол толыққанды ойыншыға айналып, Батыс әлемімен жақсы бір қарым-қатынас орнатып интеграцияланса бұл біз үшін жақсы.