homepage
Фото: ашық дереккөзден

Биыл Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл

05.03.2026, 10:42

Бүгін 5 наурыз –  Әлихан Бөкейханның туған күні. Биыл Алаш қозғалысының жетекшісі туғанына 160 жыл толып отыр. Алайда ғалымдар оның өмірі мен саяси қызметі әлі толық зерттелмегенін айтады.

Алаштанушы, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Заңғар Кәрімханның Қазақпарат агенттігіне берген сұхбатында Әлихан Бөкейханның Алаш қозғалысындағы рөлі кеңінен белгілі болғанымен, Мәскеуде бақылауда өткен өмірі мен түрмедегі кезеңі әлі де терең зерттеуді қажет ететінін айтады.

«Алаштану мен әлихантану – әлі толық игеріліп бітпеген, тереңіне бойлаған сайын жаңа қатпарлары ашылатын күрделі ғылыми кеңістік. Біз көбіне Әлихан Бөкейхан тұлғасының Алаш қозғалысындағы саяси қызметін айтамыз. Бірақ 1922 жылдан кейінгі Мәскеудегі ғұмыры, туған жеріне келе алмаған жылдары, бақылау мен қысым жағдайындағы өмірі әлі де жүйелі зерттеуді қажет етеді», – деді ол.

Ғалымның айтуынша, Алаш қайраткерлерінің халықаралық байланыстары да жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Оның сөзінше, архивтік деректер Алаш қозғалысы тек автономиямен шектелмегенін көрсетеді.

«Райымжан Мәрсекұлының Жапония елшілерімен келіссөздері немесе Мұстафа Шоқайдың Францияда эмиграцияда жүріп Еуропаның саяси элитасымен байланыс орнатуға ұмтылуы – кездейсоқ әрекет емес. Бұл саналы түрде құрылған сыртқы саяси бағдардың белгісі», – деді зерттеуші.

Сондай-ақ ол Алаш қайраткерлері халықаралық қолдау іздеп, түрлі күштермен байланыс орнатуға тырысқанын атап өтті. Мәселен, чех-словак корпусымен казактар арқылы байланыс орнату әрекеттері олардың стратегиялық көзқарасының кең болғанын көрсетеді.

Зерттеушінің пікірінше, архивтік құжаттар Әлихан Бөкейханның Қазақстан аумағының тұтастығын қорғауда нақты саяси ұстанымы болғанын дәлелдейді. Оның басты қағидаларының бірі – жер мәселесі.

«Әлихан үшін автономия деген ұғым – ең алдымен жерге иелік ету құқығы еді. Ол қазақ даласының тарихи, этнографиялық және шаруашылық шекараларын ғылыми негізде дәлелдеп, картографиялық және статистикалық деректерге сүйеніп сөйледі», – деді Заңғар Кәрімхан.

Ғалымның айтуынша, ХХ ғасырдың басындағы баяндамалар мен ресми құжаттарда Әлихан Бөкейхан қазақ жерінің тұтастығын сақтауды басты ұлттық мүдде ретінде қарастырғаны анық көрінеді. Алаш қайраткерлері қазақ облыстарын бір автономиялық кеңістікке біріктіру мәселесін де батыл көтерген.

Зерттеуші Әлихан Бөкейханды бір ғана анықтамамен сипаттау мүмкін емес екенін айтады. Оның пікірінше, ол саясаткер ғана емес, ғалым әрі стратег тұлға болған.

«Оны тек саясаткер деу аздық етеді, ғалым деу жеткіліксіз, стратег деу де толық сипаттай алмайды. Ол – осының барлығын бойына тоғыстырған синкретті тұлға», – деді ол.

Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан Ресейдің саяси және ғылыми элитасымен тығыз байланыста болған. Ол Санкт-Петербург императорлық университетінде білім алып, орыс зиялыларының ортасына еркін араласқан.

«Ол князь Шаховский, Скалозуб, Седельников, Григорий Потанин секілді тұлғалармен пікірлес болды. Мұндай байланыстар оның ой-өрісін кеңейтіп қана қойған жоқ, қазақ мәселесін империялық деңгейде көтеруіне мүмкіндік берді», – деді зерттеуші.

Ғалымның пікірінше, Әлихан Бөкейханды ұлт көсемі деңгейіне көтерген басты қасиеттердің бірі – оның ұлт алдындағы жауапкершілігі мен принципшілдігі.

«Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген серті өмірлік мұратқа айналды. Ол осы серттің үдесінен шықты, сөзінде тұрды», – деді Заңғар Кәрімхан.

Зерттеуші Алаш көсемінің «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген ұстанымы бүгінгі қоғам үшін де маңызды екенін атап өтті.

«Әлихан үшін ұлтқа қызмет ету міндетті түрде мемлекеттік қызметте болу деген сөз емес еді. Адам қай салада жүрсе де адалдықпен, сапамен, жауапкершілікпен еңбек етсе – бұл да ұлтқа қызмет», – деді ол.