Алматы облысында жекеменшік стоматология клиникалары емделмеген адамдарға «қызмет көрсетілген» деп жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік сақтандыру қорынан қаржы алғаны анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу дерегінше, клиникалар желісінің директоры медициналық сақтандыру қорымен 450 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасаған. Алайда ақша алу үшін «Damumed» ақпараттық жүйесіне ем қабылдамаған адамдарға көрсетілген қызмет туралы жалған мәліметтер енгізілген.
Бұл үшін бұрын емханаға келген балалардың жеке деректері мен дәрігерлердің есептік жазбалары пайдаланылған. Соның нәтижесінде жүйеде жалпы саны 4 597 жалған медициналық қызмет тіркелген.
«Алайда күдікті медициналық ақпараттық «Damumed» жүйесіне ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған. Нақтысында аталған медициналық қызметтер пациенттерге көрсетілмеген. Заңсыз әрекеттеріне заңдылық сипат беру мақсатында күдікті дәрігерлердің есептік жазбаларын, сондай-ақ клиникаларға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланған», – делінген хабарламада.
Мемлекетке келген шығын 66 миллион теңге. Сот шешімімен күдіктінің 23 миллион теңге ақшасына және 29 миллион теңге тұратын медициналық құрал-жабдықтарына бұғат қойылды.
Күдікті шығынның 11 миллион теңгесін қайтарған. Қазір ол үй қамауында.