Ел аумағына газ жеткізу көлемі 64,3%-ға жетті. Бұл Энергетика министрлігі жариялаған ресми мәлімет. Республикада 13 млн адам көгілдір отынға қол жеткізген. Бұл аз ба, көп пе? Қалған 7 млн тұрғын газдың қызығын қашан көрмек?
Қазақ жерінде газдың мол қоры бар. Бірақ, сол мол қордың қызығын қазақстандықтар Тәуелсіздік алғанға дейін көрген жоқ. Отын тасып, көмір жағып күн көрді, көгілдір отын көптің арманы ғана болатын. Кеңес Одағы тұсында республика аумағынан «Бұхара – Орал» және «Орталық Азия – Орталық» магистралды газ құбырлары өткенімен жергілікті жұртқа аса пайдасы бола қойған жоқ, тек оңтүстік өңірдегі бірлі-жарым өндірістік қаланы ғана қамтыды. Ол кезде газ беру, тасымалдау үшін рұқсатты тікелей Мәскеу шешетін. 1960-80 жылдары салынған жоғарыдағы қос құбыр да Түркіменстан мен Өзбекстан газын Ресейдің өнеркәсіптік аймақтарына жеткізуді мақсат етті.
Біздің жерге төселген үшінші құбыр әйгілі – «Орталық Азия – Қытай» магистралы. Әйгілі дейтініміз, Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан аумағы арқылы өтіп, Қытайға қарай өтетін құбырдың бірінші тармағы 2009 жылы пайдалануға берілісімен-ақ тұтас аймақтың газ нарығына серпіліс әкелді. Бізге әкелген алғашқы тиімділігі: бұл құбыр Алматыны табиғи газбен жабдықтауға мүмкіндік ашты. Советтік кезеңде 60 жылдан астам республика астанасы болған алып шаһар оған дейін сырттан жеткізілетін (газ баллон, цистерна) отын жағып келген болатын.
2015 жылы Қытайға тартылған газ құбырының үшінші желісі пайдалануға беріліп, ірі жоба толық қуатына көшті. Сол жылы ұзындығы 1 454 шақырым «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды құбырының құрылысы да аяқталды. Бұл еліміздің ішкі сұранысын өтейтін аса маңызды газ желісі еді. 2017 жылдан бастап қазақстандық газ ҚХР-ға сатыла бастады. Осылайша, батыс аймақтан басталып, оңтүстікті көктей өткен газ құбырлары Жетісу жеріне жетіп тоқтады. Былтыр «Талдықорған – Үшарал» құбыры іске қосылып, 84 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етті.
Ендігі негізгі міндет – еліміздің шығыс аймағы мен солтүстігіне газ жеткізу. Климаты қатал, суық жақтағы тұрғындар газ баллонға тамақ істегені болмаса, құбырмен келетін отынның қызығын көре алмай алты ай қыс көмір жағып келеді. Алайда, аталған аймаққа газ жеткенше оның бағасы да аспанға шығатын секілді. Былтыр елімізде құбыр арқылы жеткізілетін табиғи газдың бағасы 2024 жылға қарағанда 14%-ға қымбаттаған. Әсіресе, жылыту маусымында көгілдір отын құны тоннасына 150–200 мың теңгеден 250–300 мың теңгеге дейін өседі. Бұл онсыз да инфляция мен тарифтердің көтерілуінен қыспақта отырған халықтың қалтасына қосымша салмақ. Сол себепті, елімізде алдағы уақытта тұтынушылар үшін газ бағасына сараланған тариф енгізу көзделіп отыр. Бұл мәселе жақында Мәжілісте қаралды.
Депутат Еділ Жаңбыршин сұйытылған мұнай газы (СМГ) нарығында тапшылық туындағанын айтады. Бір жыл ішінде ішкі нарықта нақты тұтыну көлемі 2 млн тоннаны құраса, өндіріс көлемі 1,8 млн тоннадай болған.
«Бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылытуға пайдаланылатын сұйытылған мұнай газының бағасын бекіту өкілеттігін Табиғи монополияларды реттеу комитетіне беру ұсынылады. Сондай-ақ автогаз құю станцияларының шекті санын белгілеу құқығын әкімдіктерге беру ұсынылып отыр», – деді депутат.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қолданыстағы баға қалыптастыру жүйесі газды нақты тұтыну көлемін ескермейді әрі өңірлердің климаттық ерекшеліктері назарға алынбайды. Ол климат ерекшелігін ескеру тетігі Әзербайжан мен Өзбекстанда жұмыс істеп тұрғанын айтты. Мәселен, Өзбекстанның солтүстік өңірлерінде айлық тұтыну нормасы 500 текше метр деп нақтыланған.
«Жылы өңірде орналасқан аумағы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климаттағы дәл сондай үйге қарағанда көбірек газ тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде ескерілмейді. Яғни, ол еліміздегі әлеуметтік әділеттілік қағидатына қайшы келеді әрі газды үнемдеуге ынталандырмайды. Осыған байланысты заң жобасында тұтыну нормаларын белгілеу және белгіленген көлемнен асқан жағдайда бағаға сараланған тәсілді қолдану ұсынылып отыр», – деді ол.
Газ бағасының қымбаттауына ішкі сұраныс та үлкен әсер етіп, импорт көлемін арттыруда. Мысалы үшін, 2023 жылы Қазақстан Ресейден 500 млн текше метр табиғи газ сатып алған. Ал өткен жылы ресейлік газ импорты бірден 7,5 есеге көбейіп, 3,8 млрд текше метрге жетті.
Дегенмен, елімізде газ бағасы жыл санап көтеріліп келе жатқанымен, көршілес елдерден арзан. Мәселен, Қырғызстанда бөлшек саудада көгілдір отын литрі 160 теңге болса, Ресейде – 190 теңге, Әзербайжанда – 200 теңге, Тәжікстанда – 325 теңге деңгейінде. Global Petrol Prices-тің 2025 жылғы қазан айындағы рейтингінде Қазақстандағы халыққа арналған тариф әлемдік орташа деңгейден 16 есе төмен екені көрсетіліпті.

Бізде табиғи газдың құны осы уақытқа дейін мемлекеттің реттеуінде болды. Көп жылдар бойы ішкі нарыққа газ, әсіресе сұйытылған мұнай газы төмендетілген бағамен сатылып келді. Бұл әлеуметтік тұрғыда қолайлы көрінгенімен, шын мәнінде, өндірістік салаға үлкен ауыртпалық түсірді. Сондықтан энергетика саласының өкілдері бағаны кезең-кезеңімен өзіндік құнға жақындату қажетін ұсынып келеді. Қазір ішкі тұтынуға жеткізілетін пропан-бутан (СМГ) көлемін Энергетика министрлігі реттейді. Қай өндіруші қанша көлемде және қай өңірге сұйытылған газ жеткізетінін айқындап, шекті бағаны бекітеді, оларды экспорттауға да жиі шектеу қойылып, тыйым салынып тұрады. Дегенмен, кейбір энергетик мамандар бағана саралау дұрыс қадам болғанымен халықты газға толық қосып алмай тұрып әрі есептеу құралдарын толық цифрландырмай тек тарифті өсіру әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін екенін айтады. Қазіргі таңда 2,8 млн абоненттің 2,1 миллионында көрсеткіштер қолмен алынады. Бұл жүйенің әлі де цифрланбағынын көрсетеді.
Республикада әлі күнге газ құбыры тартылмаған аймақтар – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары. Аталған өңірлерде ірі қалалардың жылу жүйесі мен энергетикалық нысандары түгелдей көмірге негізделген. Ал аудандар мен ауыл халқы алты ай қыста қолға түскен отын түрін (қи, ағаш, көмір) жағып жан сақтайды.
Energyprom порталының дерегінше, Қазақстан ел аумағын газдандыру ісінде ЕАЭО-қа мүше мемлекеттерден кейін қалуда. Бірінші орында 97%-бен Беларусь Республикасы келеді. Бұл ел өз жерінде азғантай көлем өндір¬генімен «көгілдір отынды» Ресейден импорттап (жылына 20 млрд текше метр) осы көрсеткішке жеткен. Бір қызығы, Армения өз жерінде ешқандай газ кен орны болмаса да сырттан импорттап, халқының газға қол жеткізу көрсеткішін 96%-ға жеткізе алған. Республика газды Ресей (87,7%) мен Ираннан (12,1%) импорттайды. Одақтың өзге екі елі Ресейде көрсеткіш – 74% болса, Қырғыз Республикасында – 39%.

Әрине, тұрғындарды газбен қамтамасыз етуде жер шалғайлығы мен халықтың қоныстану көрсеткіші де негізгі рөлге ие. Мәселен, жоғарыда бізден озық тұрған Беларусьтің жер көлемі – 207,6 мың шаршы шақырым болса, халық саны – 9 200 600 адам. Арменияда халық саны – 3 227 800 адам, аумағы – 29 743 шаршы шақырым (әлем бойынша 138 орын) ғана. Олардың қасында біздің жер көлеміміз миллион шаршымен саналады. Қазақтан жерінің аумағы бойынша дүниежүзінде 9 орында (2 млн 724,9 мың шаршы шақырым) тұр. Мұндай ауқымды көрсеткіштер жер қойнауынан газ өндіру, өңдеу, құбырмен жеткізу, тасымал шығындарын қосқанда отынның өзіндік құнының өсуіне әкеледі.
Ең бастысы, Қазақстанның өзінде ресурс жеткілікті. Энергетика министрлігі ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда бекітілген өндірілетін қорлар 3,8 трлн текше метрді құрайды. Оның ішінде ілеспе газ – 2,2 трлн текше метр, бос газ (табиғи газ) – 1,6 трлн текше метр. Барланған газ қорының 95%-дан астамы Қазақстанның батыс өңірлерінде шоғырланған. Оның ішінде 85%-дан астамы ірі мұнай-газ (Теңіз, Қашаған, Королев, Жаңажол) және мұнай-газконденсаты (Қарашығанақ, Имашев) кен орындарына тиесілі. Ресми деректердегі ең ірі кен орындарындағы қор көлемі келесідей: Қашағанда – 1 353 млрд текше метр, Қарашығанақта – 741 млрд текше метр, Теңіз кенішінде 510 млрд текше метр газ қоры бар.

Үкімет Шығыс Қазақстан аймағын газдандырудың екі нұсқасы қарастырып жатыр. Біріншісі, газды Моңғолия арқылы немесе Ресей арқылы жеткізу мүмкіндігі. Екінші нұсқа да – Ресей тарапымен келіссөз арқылы жүзеге аспақ. Ол жоба солтүстікке тіке тартылып, кейін еліміздің шығысына қарай созылатын құбыр желісі. Екі нұсқа да ресейлік газға негізделген. Ресей газы демекші, қазіргі уақытта ресейлік газ Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарына жеткізіледі. Дегенмен, Ресейдің Челябі облысы Қарталы қаласынан келетін ұзындығы 154 шақырым «Қарталы – Рудный – Қостанай» газ құбыры облыс аумағын толық қамтымайды.
Таяуда Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында «Ишим – Астана» магистральдық газ құбыры 2030 жылы іске қосылуы тиіс екенін мәлімдеді. «Ишим – Астана – Көкшетау – Петропавл» бағыты бойынша жүретін бұл жоба солтүстік облыстарды газбен қамтуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Айта кетейік, Ишим (бізше Есіл) – Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан Ресейдің Түмен облысына қарасты қала атауы. Әйтсе де «Ишим – Астана» бағытында құбыр тарту туралы әңгіме осыдан 20 жыл бұрын да айтылатын. Одан бөлек, «Барнаул – Рубцовск – Семей – Өскемен – Павлодар» және «Омбы – Павлодар – Семей – Өскемен» нұсқасы да бар.
Кейбір ашық дерек көздерге сүйенсек, Ресей Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру үшін газды 1000 текше метріне 180 АҚШ доллары бағасымен сатуды көздеп отыр. Ал елімізде қазіргі таңда коммерциялық тұтынушылар үшін қосылған құн салығынсыз тауарлық газдың шекті бағасы 1000 текше метріне 102–142 АҚШ доллары аралығында белгіленген. Халық үшін тариф бұдан да төмен. Яғни, ол баға тұрғысынан қымбатқа шығатын импорттық отынға айналуы да мүмкін. Сондай-ақ бұлардан бөлек, Үкімет «Сарыарқа» магистральды газ құбырының екінші, төртінші кезеңдерін салу мәселесін де қарастыруда. Жоба іске асқан жағдайда Батыс кен орындарындағы қазақстандық газ Қызылорда мен Астана арқылы Көкшетау мен Петропавлға жеткізілмек. Бұл енді отандық отын көзіне сүйенген жоба. Негізі Қазақстанның солтүстігі мен орталығын газдандыру үшін шамамен 2,5 млрд текше метр газ қажет болады екен. Салыстыру үшін айтсақ, еліміздің оңтүстік облыстарында газ тұтыну көлемі жылына 5 млрд текше метрге дейін жетеді.
Энергетика министрілігі хабарлағандай, қосымша тауарлық газ көлемін қамтамасыз ету мақсатында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі салынып жатыр. Жыл соңына дейін жылына 10 млрд кубометр газ өткізе алатын құбырдың желілік бөлігін аяқтау көзделуде. Екінші кезеңде компрессорлық стансалар салу қарастырылған, бұл газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд кубометрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қысқасы, дәл қазіргі сәтте Қазақстан энергетикалық саясаттың, оның ішінде ел аумағын газбен толық қамту ісінде шешуші кезеңде тұр. Себебі экология һәм экономика тұрғысынан алғанда газ – тек отын емес, бұл мәселенің астарында өнеркәсіптік даму, ал тіпті түптей түссек ұлттық қауіпсіздік мәселесі жатыр.
Ұлағат Бекболат