Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты... Айыр қалпақты ағайында әйтеуір, бәрі аяқастынан. Елдің МҰҚК басшысы Қамшыбек Тәшиев Алманияда ем алып жатқан кезде үш орынбасарымен қоса қызметтен босатылды. Осыдан кейін Алатаудың арғы бетіндегі ағайынның арасында алауыздық өршіп, биліктің құзар басында араздық артады деген гу-гу әлі азаймай тұр.
2020 жылдан бері Қырғызстанда - елді негізінен бір Президент басқарғанымен іс жүзінде дуумвират, яғни қос билік қызмет етті. Президент Садыр Жапаров пен Мемлекеттік Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті басшысы Қамшыбек Тәшиев бір тандем болып билікке келді. Екеуі де абақтыдан шыққан. Екеуі де көшедегі толқулардың арқасында билікті қолға алған саясаткерлер. Ел билігінің ең басты ерекшелігі - оның жағырапиясы мен рулық, туған-туыстық құрылым саясатқа тікелей ықпал етеді. Оның үстіне қырғыздар солтүстік және оңтүстік болып қаққа жарылған. Солтүстігі Бішкек пен Ыстықкөл - Қазақстан шекарасына жақын. Оңтүстігі - Ферғана аңғары. Өзбекстан және Тәжікстанмен шекараласады. Әрі, бұл жай ғана картадағы бөлініс емес. Бұл елдегі элиталардың, ықпалды топтардың тарихи бөлінісі.
Кейінгі 20 жылда билік солтүстік пен оңтүстік арасында алма кезек ауысып тұрды. Бір аймақтан шыққан лидердің орнын екінші аймақтың өкілі басуы әдетке айналған. Алайда, осындай әр саяси кезеңдердің соңы сол саясаткерді «билікті узурпациялап алдың» деген, айыпқа жығып, көп болып көшелерге шығып, тағынан құлату дәстүрге айналған. Дәл осы сценарий Қырғыз елінде 2005, 2010, 2020 жылдары қайталанды. 2020 жылы Жапаров пен Тәшиев осы дәстүрлі бақталастықты уақытша тоқтатқан секілді көрінді. Себебі, Садыр Жапаров солтүстіктен Ыстықкөлдікі ал, Қамшыбек Тәшиев Жалал-Абадтікі, оңтүстіктен. Олар территориялық тепе-теңдікті сақтап, билікті орталықтандырды. Екеуі биліктің екі емшегін тел емген жылдары ел Парламентінің ықпалы азайып, беделі түсті. Керісінше күштік құрылымдардың құзыры күшейді. Оппозиция мен тәуелсіз БАҚ-тың құрығы қысқарып, адымы ашылмады. Сосын екеуі елдегі қылмыс әлемінің серкелеріне аямай соққы берді. Тіпті, Орталық Азия мен ТМД-ға ықпалы жүріп тұрған кейбір баскесерлердің көзін құртты…
Жалпы, қос саясаткердің ауызжаласып, ымыраласуы 2010-жылдан бастау алады. Саясат сахнасында бір позиция ұстанған Жапаров пен Тәшиев 2012 жылы ұқсас қылмыстық іс бойынша да қатар айыпталып, абақтыға қамалған. Содан бері әсіресе, соңғы бес жылда үлкен саясатта жұптары жазылмай келе жатқан Жапаров-Ташиев екеуінің тандемі тарқамастай көрінетін. Бірақ, жақындағы ауыс-түйістерден кейін Президенттің баспасөз қызметі бұл қарекетті «мемлекет мүддесі үшін, қоғамда, оның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында іріткіге жол бермеу, елдің ішкі тұрақтылығын сақтау, қоғамның бөлінуін алдын-алу үшін жасалған қадам» деп түсіндірді…
Иә, Қамшыбек расымен біраз қамшы үйірді. Елде тәртіп орнатты, бірқатар бандалық басбұзарлардың көздеріне көк шыбын үймелетіп, қылмыстық әлем серкелерінің көзін жойды. Оның тіпті, қызуқандылықпен шектен шығатын кездеріне де жұрт жиі куә болды. «Тәшиев келе жатыр» десе, елдегі жылап жатқан баланың үні өшетін болған. Ұрда-жық мінезі бар Қамшыбек барлығын қара күшпен қорқытып, үркітумен шешетін. Осыдан кейін қоғам да, элита да шексіз әдепсіздіктен шаршаған секілді. Ал, оның жақтастары болса, 57 жастағы Қамшыбекті келесі Президент болады деп санады. Бірақ, тұрақтылық үшін елде қатаң вертикальді билік құрылғандықтан, оның әлсіз тұсы да болды. Ол келер жылы яғни, 2027 жылы өтетін Президент сайлауы. Осы саяси науқан жақындаған сайын ел мен билік арасында сұрақ көбейді. Келесі үміткер кім? Жапаров па әлде, халық алдына көп шығып, көзге түсіп жүрген Тәшиев пе? Ресми түрде бұл сауалдарға ешқандай жауап берілмеді. Бірақ конспирологиялық, алып-қашпа гу-гу көбейген тұста бәрі аяқ астынан өзгеріп сала берді. Елдегі ең ықпалды күштік құрылымының басшылығы түгел ауысты. Жапаров өз шешімін «қоғамдағы және мемлекеттік құрылымдар арасындағы жікке жол бермеу үшін қабылданған шара» деп түсіндірді. Ал, Тәшиев болса, Германияда емделіп жатқан кезде қызметтен босатылғанын айтып, бұл шешімнің күтпеген жерден болғанын жазды. Дегенмен, бір дүниенің бас ашық. Отставка Тәшиев елде жоқ кезде әрі, күтпеген тұстан қабылданды. Егер ол елде болса, бұл ауыс-түйістер басқаша өрбуі мүмкін бе еді, кім білген?! Қалай десек те, елде осылайша дуумвират кезеңі аяқталды. Бірақ, біз білетін Қырғызстан - саяси алаңы Орталық Азиядағы турбуленті өте жойқын аймақ. Сондықтан, бұл өзгерістер жай ғана кадрлық ауыс-түйістер ме, әлде жаңа бір саяси кезеңнің бастауы ма әзірге белгісіз. Ал, Қырғызстандағы тәжірибелі саясаткерлердің бірі Феликс Кулов Садыр Жапаров пен Қамшыбек Тәшиевтің арасында қандайда бір түсініспеушілік бар дегенге сенбейді. Оның ойынша, бұл екі тұлға бір-біріне өте қатты сенетін және стратегиялық одақтас жандар. Тәшиевке ГКНБ сияқты аса жауапты құрылымды басқару үлкен жауапкершілік пен моральдық жүктеме артты. Сондықтан, Тәшиевтің «шаршауы» немесе денсаулығына байланысты үзіліс алғысы келуі әбден мүмкін. Оның үстіне Тәшиев қызметінен кетсе де, бұл оның саясатпен біржолата қоштасқанын білдірмейді. Сол себепті де Кулов төмендегідей сценарийлердің сызбасын сызып, былай болжам жасайды.
«Тәшиев өзінің «Ата-Жұрт Қырғызстан» партиясын алдағы сайлауларға дайындау үшін ашық саясатқа ауысуы мүмкін. Тәшиев – қатардағы қаражаяу шенеунік емес, ол биліктің ұшар басында болатын тұлға. Оның әрбір қадамы Президентпен келісілген. Егер ол кетсе, бұл тек «команданың» ортақ шешімімен және жаңа мақсаттар үшін жасалады»,-депті.
Демек қызықтың көкесі әлі алда деген сөз... Ал әзірге ел ішінде 75-тің хаты аталып кеткен домалақ арыздың астарына үңіліп, үй ішінен үй тігіп жатқандар көп. Осылайша айыр қалпақты ағайындар тағы да тарихтың жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрған секілді. Бір кездері «Орталық Азиядағы демократия аралы» атанған елдің саясаттағы жолы әуелден күрделі әрі қайшылыққа толы. Оның үстіне Қырғыз қоғамы билікке ешқашан бейжай қарамайды. Сондықтан да олардың еркін, тәуелсіз қоғамға құштарлығы кез-келген саяси өзгерістің өзегі болып қалатыны анық.
Бекәлі Жәдік