Қаржы мониторингі агенттігі «Актив Ломбард» желісінің иесіне қатысты қылмыстық істің сотқа жолданғанын хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Тергеу дерегінше, Актив Ломбард желісінің иесі С.С.Койнов комиссиялық қызметпен бүркеніп, жеке тұлғаларға жоғары пайызбен жасырын микрокредит беріп отырған. Ол өзіне бағынышты «Актив Ломбард» ЖШС-ін және сенімді адамдардың атына рәсімделген, формалды түрде комиссиялық саудамен айналысқан One Billion Sales, The Best Seller, Shark in Sales сияқты компанияларды пайдаланған.
Олар «Актив Маркет» атауымен іс жүзінде мүлікті кепілге алып, жоғары пайызбен микрокредит берумен айналысқан. Нәтижесінде 1,9 миллионнан астам шарт жасалып, қылмыстық кіріс көлемі 19 млрд теңгеден асқан.
Қылмыстық кірістің шығу көзін жасыру үшін жалған шарттар жасалып, қаражат банктік шоттар арқылы бірнеше рет айналдырып, кейін дивиденд ретінде шығарылған. Осы жолмен 5 млрд теңгеден астам қаржы қолма-қол ақшаға айналған.
Сот санкциясымен жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде Астанадағы 4 пәтер мен 2 тұрғын үй, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі 4 апартамент, 6 автокөлік, сондай-ақ депозиттік шоттардағы 2,7 млрд теңге бар.
С.С.Койнов қамауға алынды. Оның төрт сыбайласына елден шығуға тыйым салынды.