Ақмола облысындағы Қосшы қаласында зейнет жасындағы әйел интернеттегі жалған инвестициялық жобаға сеніп, ірі көлемде қаржысынан қағылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Sinegor.kz-ке сілтеме жасап.
Әйел ғаламтордан «қысқа уақытта мол табыс әкелетін» жоба туралы жарнаманы көріп, өзін кеңесші ретінде таныстырған адамдармен байланысқа шыққан. Олардың айтқанына иланып, бірнеше кезеңмен белгісіз есепшоттарға 10 миллион теңгеден астам ақша аударған. Бірнеше ай бойы алаяқтар үнемі хабарласып, «қаражат айналымда, табыс өсіп жатыр» деп сендіріп отырған. Дәлел ретінде жеке кабинеттегі жалған мәліметтер көрсетіліп, ондағы «пайда» көлемі тіпті 20 миллион АҚШ долларына дейін жеткізілген.
Алайда әйел ақшасын қайтарып алмақ болған кезде түрлі сылтау шыға бастаған. Алдымен комиссия төлеу қажет делінсе, кейін салық, одан соң шотты іске қосу үшін тағы қаражат сұралған. Әр жолы «соңғы төлем», «қазір-ақ түседі» деген уәде айтылып отырған. Ақырында өзін «қауіпсіздік қызметі» деп таныстырғандар операцияның «Лондондағы банк» тарапынан тоқтатылғанын хабарлаған. Осы сәтте ғана әйел алданып қалғанын аңғарған.
Зейнеткер құқық қорғау органдарына жүгініп, барлық хат алмасу мен дәлелдерді тапсырған. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, ақшаның қайда кеткені және іске қатысы бар адамдар анықталуда.
Полиция өкілдері «өте жоғары табыс», «шетелдік банктер» және ірі көлемдегі табыс интернет-алаяқтардың ең жиі қолданатын тәсілі екенін ескертеді. Мамандар бейтаныс адамдардың уәдесіне сеніп, тексерусіз ешқандай есепшотқа ақша аудармауға шақырады.