Әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев Juzmedia-ның Ақ студиясында сұхбат берді. Сарапшы елдегі соңғы өзгерістерге қатысты тәуелсіз ойын жеткізіп, бүгінгі биліктің риторикасы, қоғамның сенімі, қазақтың тілі секілді сезімтал мәселелер төңірегінде пікір білдірді. Juzmedia сұхбатта айтылған сүбелі пікірді назарларыңызға ұсынады.
Джордж Оруэлл һәм қазақ билігі
Британ жазушысы Джордж Оруэлдің «1984» деп аталатын ең танымал антиутопиялық романы бар. Шығарманың арқауы - тоталитарлық жүйенің жұмыс істеу тәсілі. Диктатураның қалайша өтірікті шындыққа айналдыратыны, тарихты қайта жазып, сыртқы жауды ішкі билікті күшейтуге пайдаланатыны өте жақсы сипатталған. Қазақстанда «Конституция 84% өзгермек» деп хабарлаған тұста мен осы шығармамен символикалық байланысты көрдім. Және ащы шындығы сол, бұл байланыс тек символикалық мәнге ие емес секілді. Қазақстанда да еркіндіктің шектелуі, сөз бостандығы емес, тіпті альтернативті ойлаудың өзіне шектеу қою тұрғысынан параллель көп сияқты. Конституцияның аяқ асты өзгеріп, жаңа мәтін болып жазылып шығуы – бұл классикалық авторитарлық тәсіл.
Меніңше, қоғамның қазіргі сұранысы мен конституциялық өзгерістер арасында үлкен бір алшақтық бар. Қоғамның күткені ол - Президент билігінің күшеюі емес, шын мәнісінде, бізде тәуелсіз соттың пайда болуы, парламентке баратын депутаттардың есепті болуы және халықтың өкілеттілігін қамтамасыз ету болатын. Бірақ, өкінішке қарай бұл өзгерістер көрініс таппаған Конституцияның жаңа нұсқасы біздегі жүйені одан бетер ескі сүрлеуге салып беретін сипатта. Бұл асығыстықтың астары бір жағынан экономикалық фактормен байланысты секілді. Күннен күнге халықтың әл-ауқаты төмендеп барады. Бұл тікелей саяси тұрақтылыққа әсер етеді. Алда парламенттік сайлау болатын болса билік мейілінше ерте өткізіп алуға мүдделі. Өйткені, жағдай нашарлаған сайын биліктің партиясына халықтың дауыс беруі төмендейді, халықтың наразылығы артады деген секілді. Екіншіден, қаңтардан кейін өзгерістерге деген өте үлкен сұраныс болды қоғамда. Сол сұранысты пайдаланып біздің билік осы уақытқа дейін «енді міне, Жаңа Қазақстан құрамыз, реформаларды бастадық» деп уәде беріп келді. Және сол уәденің уақыты аяқталды. Үш жыл өтті. Халық өзгерісті көрген жоқ, сезген жоқ. Енді қандай өзгеріс болады деген жұртқа мына конституциялық реформа жауап секілді. Тағаты таусылған халыққа, «енді тағы 2-3 жыл күте тұрсаңдар, бәрі жақсы болады» дегендей.
Саяси иллюзия
Біздің елде бір де бір саяси науқан өз мерзімінде, өз уақытында өткен жоқ. Үнемі кезектен тыс, мерзімінен бұрын. Бұл саяси технология өзін-өзі әбден «ақтады» да. Мерзімінен бұрын таратып жіберу арқылы, өзге саяси күштердің дайындығына мұрша бермеу. Бірақ, бұл жерде елде бір де бір оппозициялық саяси партия жоқ, оппозициялық лидерлердің барлығы шетелде жүр, болмаса түрмеде отыр деген сияқты. Сондықтан, біздің билік өздеріне бір «қуыршақ жау» жасап алған. Әйтеуір бір оппозиция бар, әйтеуір бір сыртқы жау бар, ішкі қауіп бар. Олардың бәрінен қорғану керек, бәрін басып озу керек. Осылайша бір иллюзияның ішінде өмір сүреді. Жаңа бір саяси науқан кезінде мобилизацияланып, қаржы бөліп, қазір ертерек өткізбесек ертең оппозиция күш жинап кетеді деген бір үрей.

Орыс тілі Ресейге емес, қазақтың саяси элитасына керек
Тілге байланысты бапты қалдыру және соны Ресеймен байланыстыру бұл ойға сыймайтын нәрсе. Көршінің шынымен агрессиялық ойы болатын болса, ол біздің бапқа қарамайды. Бәрібір бір ілік табады. Қазақстанда тіл мәселесі кеше не бүгін туындаған жоқ, 10-15 жыл көлемінде тұрақты көтеріліп келе жатқан мәселе. Бірақ, билік тарапынан ұлттық ұстаным болған жоқ. Конституцияға өзгеріс енгізіліп жатқан тұста, тіл туралы бапты қайта қарау – заңды әрі орынды да. Ал, биліктің мұны өзгертпеуге деген ниетін «әлдебір сыртқы қауіппен» түсіндіруі - манипуляция. Бұл біздің билік өте жиі пайдаланатын риторика. Бұл мемлекеттің құрылтайшысы кім? Олар Қазақстан азаматтары, олардың басым бөлігі қазақтар, көпшілігі қазақ тілінде сөйлейді. Және Конституция бір жылға, не бес жылға жазылмайды, ұзақ мерзімге, 30 жылға жазылған заң деп қарайтын болсақ, осы перспективадан бұл бапқа қайта қарау, халықпен келісе, санаса отырып өзгеріс енгізу менің ойымша орынды. Алайда, орыс тілінің мәртебесі ең алдымен біздің саяси элитаға керек. Өйткені, олардың басым бөлігі қазақ болғанымен де күнделікті қарым-қатынас, құжат, сараптама әлі орыс тілінде жүреді. Мысалы, осы уақытқа дейін заңдардың 90-95% орыс тілінде жазылды. Бұл олар үшін жайлы орта және өздері одан бас тартқысы жоқ.
Жаңа Конституция: билігі көп, жауапкершілігі жоқ президент
Конституцияға қатысты менің негізгі қаупім ол – президенттің құзыреттілігіне қатысты. Өйткені Қазақстанда осыған дейін суперпрезиденттік жүйе қалыптасты. Назарбаев кезінде ол шарықтау шегіне жетті. Қ.Тоқаевтың Қаңтар оқиғасынан кейін «суперпрезиденттік жүйеден, жай президенттік жүйеге көшеміз, бізге күшті парламент керек» дегені көп адамдардың ойынан шыққан болатын. Және қоғамда Қазақстан демократияға бет алды деген сенім де қалыптаса бастаған. Енді жаңа Конституция қабылданатын болса, бұл толығымен жоққа шығарылып отыр. Өйткені, барлық биліктің тармағы президенттің уысында болмақ. Яғни, президенттің билігі көп те, бірақ жауапкершілігі өте аз. Парадокс. Жаңа конституцияда президент өз өкілеттігі кезінде жасаған әрекеті үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке тартылмайды деп жазып қойған. Барлық билік қолында, қандай шешім шығарғысы келсе де өзі біледі, бірақ ертеңгі күні оған жауап бермейді. Жарайды, енді қазіргі президент ондай бір халықтың мүддесіне қарсы әрекетке бармайтын шығар. Бірақ, келесі президенттің қандай боларын кім біледі? Неліктен біз одан кейін болатын президенттер үшін үлкен тәуекелге баруымыз керек? Келесі президент мүмкін басқа елдің мүддесін ашық қолдайтын болса немесе мүлдем радикал адам келетін болса қайтеміз? Яғни мұндай жағдайда біз өз қолымызбен мемлекеттің бүкіл тағдырын бір адамның қолына жинап беріп, қарап отырамыз ба? Мен мысалы, ондай елде тұрғым келмейді.
Біздің қоғам енжар емес
Байқасаңыз, біздің қоғам жайында билік тарапынан мынадай риторика жиі айтылады: «қоғам енжар, оларға саясат қызық емес, сайлауға бармайды, оларға бәрібір» деген. Мүмкін қоғамның осындай болғаны олар үшін ыңғайлы болар. Бірақ, шын мәнісіне бұл олай емес. Осы Конституция төңірегінде туындаған реакциядан көріп отырғанымыздай, қоғам өте белсенді. Және сауалнамаға қарасақ, халықтың 35-40% тұрақты түрде саяси оқиғаларды бақылап отырады. Күнделікті талқылайды. Бірақ, Қазақстандағы проблема ол – адамдардың саяси өмірге тікелей қатыспауы. Яғни, қатысу механизмдерінің жұмыс істемеуі. Біз былтырғы жылдың аяғында жастар арасында сауалнама жүргіздік. Сонда анықталғаны 18-35 жас аралығындағы жастардың тек 20%-ның ғана сайлауға қатысу тәжірибесі бар екен. Яғни, он жастың тек екеуі ғана сайлауға барған. Қалған 8-і ешқашан сайлауға бармаған. Бұл нені білдіреді? Бұл – сенімсіздіктің белгісі. Жастардың сайлауға бармауы -Қазақстан үшін үлкен проблема. Мен қосымша университетте сабақ беремін. Сонда студенттерден сұраған кезде олардың айтатыны «біздің қатысқанымыздан ештеңе өзгермейді, барлығын жоғары жақ өздері шешіп қойған, ал біз мұндай спектакльге қатысқымыз келмейді». Яғни, сенімсіздік мәселесі.
Мәнсіз референдум – құмға сіңген су
Егер Парламенттің аты ауысса, қаншама құжат бар, кабинеттерге ілетін тақтайшалар бар, осылардың барлығы өте үлкен ақша. Халықтың қалтасынан төленетін салық. Адамдар үшін референдумның бір мән-мағынасы болуы керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіні қарасаңыз референдум жайында жазып жатқандардың позициясы тым әлсіз. Бұл референдум не үшін керек? Әлі ешкім дұрыс түсіндіріп бере алмады. Сырттағы жауды айтты, өзгерген әлемді айтты, цифрлық өзгерістерді айтты, бірақ бұл басты сұраққа жауап бола алмайды. Бұл Конституция шынайы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше алмаса, елде әділетті жүйенің орнауына жол ашпаса оның халық үшін ешқандай маңызы болмайды. Ал, маңызы жоқ нәрсеге адамдар әрине, қатыспайды. Сәйкесінше, оған жұмсалатын қаржы құмға сіңген судай. Бұл халықтың наразылығын одан бетер арттыра түседі. Билік қоғамның бүгінгі реакциясын бақылап, қадағалап отыр. Мүмкін саралай келе бір косметикалық өзгерістер енгізуі мүмкін. «Міне, біз қоғамның айтқанына құлақ астық» дегендей. Бірақ, айтарлықтай өзгерістерге бара қоймайтын секілді. Ия, бұл Конституцияның құптарлық тұсы бар. Ол - қазақ тіліндегі нұсқасының терминдер тұрғысынан, жазылу тұрғысынан бірізділікке түсуі. Бірақ, дәл сол нәрсе үшін қайта жазу керек емес еді ау. Бұл тұтас Конституция қабылдау үшін тым әлсіз аргумент.