Бүгін яғни, 30 қаңтар күні - ертең тарап, бүрсүгіні Құрылтай болып құрылатын Парламенттің 30 жылдығы. Естуімізше, Ерлан Жақанұлы ерекше дайындалған тойға Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдан кейін құрық салынған. Себеп - алдымен алдағы саяси науқанды абыроймен өткізіп алыңдар, сосын көктемде, иә болмаса, күзде жаңа құраммен 30 жылдықтың - отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайсыңдар-мыс... Осыдан кейін Мәжіліс төрағасы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған деседі. Жаңадан жасақталатын Құрылтайдың құлағын ұстай аламын ба деп?!
Хош. Қазақстанда ешқашан, ешқандай оқиға мерзімінде өткен емес. Саяси науқандарды айтпағанның өзінде уақыттың өзі Қазақстанда табиғаттың Тәңіріне көнбеді. Содан кейін ғой екі сағаттық белдеуі бар елді бір сағаттық жүйеге мезгіл мен мерзіміне қарамай көшіріп тастағанымыз... Жә, айтпағымыз бұл емес. Біздің елде Парламент ешқашан өзінің сайланған мерзімінде толық жұмыс істеп көрмеген. Тіпті, Президенттің сайлаулары да үнемі кезектен тыс өтеді. Сыр бойында ашылған кейбір саяси сырлардан кейін сол баяғы мерзімінен бұры һәм тыс делінетін саяси науқандар биыл да өтетін секілді. Секілді емес өтеді. Сол үшін қазір Конституциялық комиссия күні-түні жұмыс істеп жатыр. Әзірге 30 жылдығын кейінірек атап өтетін Парламенттің осы уақыттағы пәрмені мен дәрменін қысқаша шолып көрелік. Айтпақшы, негізі Парламентке 30 жыл емес, 35 жыл толған. Бірақ, бес жылдың Парламент тарихының беттерінен неге өшірілгенін біз нақты біле алмадық. Ал білетінімізді сәл кейінірек тарқатамыз.
Алдымен бірінші шақырылым. Негізі қазір сайланым деп жүр. Елдегі сайлаулардың қалай өтетінін ескерсек, сайланымнан гөрі сол «шақырылымы» әлдеқайда әділ шығар. Сөйтіп, Мәжілістің сайтындағы тарихына көз жүгіртсеңіз, елде мерзімінен бұрын сайлау алғаш 1995 жылы 9 желтоқсанда өтті. Мажоритарлық жүйемен 67 депутат сайланды. Олардың өкілеттіктері 1996 жылы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуынан басталды. Төрағасы – Марат Оспанов.
Ал екінші шақырылымның кезектен тыс сайлауы 1999 жылдың күзінде аралас жүйе бойынша өтті. Сайлауға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлық бір мандатты округтарда 547 кандидат тіркелді. Дәл осы сайлауда саны жағынан Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған кандидаттар тіркеліп, орташа есеппен бір орынға сегіз адам таласты. Қазіргідей кандидаттарға қойылатын мың талап, тоғыз жүз тоқсан тоғыз сылтау ол кезде болмаған және партиялық тізіммен деген түсінік те бірінші рет енгізілген. Сөйтіп 1999 жылдың күзінде бір мандатты округтар бойынша 67 депутат ал партиялардан 10 депутат сайланды. Олар жеті проценттік барьерді еңсерген төрт партияның - Отан, Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері. Екінші шақырылымның төрағасы – Жармахан Тұяқбай.
Одан кейінгі Мәжілістің кезекті сайлауы 2004 жылдың қыркүйегінде өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысты. Мәжіліске 77 депутат сайланды. 67 депутат бір мандаттан, 10 депутат партиялардан. Оның жетеуі Отан партиясына, қалған үшеуі бір-біреуден Асарға, Ақ жолға және Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партияларының біріккен «АИСТ» сайлау блогына бұйырды. Үшінші шақырылымның Төрағасы – Орал Мұхамеджанов. Осы үш шақырылымның атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Бірақ, бір-екі ауыз сөз айтпай кету ұят. Өйткені дәл осы үш шақырылымның кезінде елдің саяси сахнасы күнде бұрқ-сарқ қайнап жататын. Қазақгейт, жекеге жем болған стратегиялық нысандар, жер дауы, жас түріктер қозғалысы (ҚДТ-ДВК), күйеубаланың еркелігі, екі саяси тұлғаның оққа байлануы... Тізе берсең көп енді. Сол кезде жоғарыдағы үш шақырылымның депутаттары аузын буған өгіз секілді өз бастарын күйттеп отырмайтын. Өре түрегелетін. Өр болатын.

«Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған елінің» қамын Шерағаң (Шерхан Мұртаза) бастатқан талай депутаттар шыр-пыр болып айтып, шырылдап жүретін.

Амал қанша? Сол кездегі ұзын арқан, кең тұсау, еркін де ашық Парламенттің аузына төртінші шақырылымнан бастап құм құйылды. 2007 жылдың тамызында тағы бір кезектен тыс сайлау өтті. Мәжіліс құрамына 107 депутат келді. 98 депутат партиялық тізім бойынша сайланды. Қалған депутаттар ҚХА-нан тағайындалды. Сол жылғы сайлауға 7 саяси партия қатысып, 7 проценттік барьерді «Нұр Отан» партиясы ғана еңсерді. Төртінші шақырылымның төрағасы - Аслан Мусин.
Ал бесінші шақырылымның құрамы 2012 жылдың қаңтарында жасақталды. Сайлауға 7 партия қатысып, олардың үшеуі халықтың 7%-дан астам дауысына ие болды. Олар - Нұр Отан, Ақ жол, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы. Бесінші шақырылымда Мәжілістің екі тізгін, бір шылбырын Нұрлан Нығматулин қолына алды. 2016 жылы 20 наурызда өткен кезектен тыс сайлауға 6 партия ат қосып, сол баяғы үш партия Мәжіліске қайта келді. Бұл шақырылымның тізгінін үш айдай Бақтықожа Ізмұхамбетов ұстады да, қайтадан Нұрлан Нығматулин төраға болды.

Жетінші шақырылымның кезектен тыс сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтті. Сайлауға қатысқан бес партияның сол баяғы үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болды және жетінші шақырылымның да төрағасы - Нұрлан Нығматулин. Бұл төрт шақырылымның кезінде алғашқы үш шақырылымдағы еркіндікке тұсау емес, шідер салынды. Депутаттардың ашық айтатын дүниелері алдын-ала сүзгіден өтетін болды. Әрі оны жария ететін уақыттары шектелді. Үлгермесең микрофоның өшіп қалады. Бітті. Қалғанын хатпен жібере сал, дейтін Нұрлан Зайроллаұлы. Бір қызығы, сол кездері Дариға Назарбаеваның микрофоны өшіп қалса Нұрлан Нығыматулин қосыңыздар, деп бәйек болатын. Тіпті, сол кездері депутаттар торқалы той, топырақты өлімге Нұрлан Нығыматулиннің рұқсатынсыз бара алмайтын күйге түскен. Ақыры не болды? Ақыры аяқтары аспаннан келді.

Қаралы қаңтардан кейін елде жаңғыру мен жариялылықтың кезекті кезеңі жарияланып, референдум өтіп, Конституцияның 33 бабы өзгерді. Жаңа талаптарға сай жетінші шақырылым да мерзімінен бұрын тарап, қазіргі сегізінші шақырылымның сайлауы 2023 жылы 19 наурызда өтті. Сайлау жүйесіне араға 17 жыл аралас деген айдар еніп, қайта оралды. Осылайша, 69 депутат партиялық тізім бойынша 6 саяси партиядан, 29 депутат бірмандаттық аумақтардан сайланды. Қазір, Мәжілісте «AMANAT»-тан 40, «Ауыл»-дан 8, «Respublica»-дан 6 депутат, «Ақ жол»-дан 6, ҚХП-нан 5, ЖСДП-дан 4 депутат бар. Бірмандаттық аумақтар бойынша Мәжілісте «AMANAT» ұсынған 22 депутат тағы жұмыс істейді. Әрі тағы жетеуі өзін-өзі ұсынғандар. Бір анығы, қаңтардан кейін қазіргі Мәжіліс Нығматулин салған «сара жолды» бұзды. Әйтеуір, әлеуметтік, діни наным-сенім, тәрбие, ойынқұмарлық, вандализм, масылдық, ысырапшылдық, насыбай-вейп, нашақорлық, бала құқығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер құқығы, тазалық, экология деген дүниелерді аянбай айтты. Тіпті, кейбіреуіне қатысты депутаттар өздері бастама көтеріп, Заңдар қабылдады. Бұған дейін өшіп қалған өткір, өзекті депутаттық сауалдарға жан бітті.

Бірақ осылайша әп-әдемі жұмысы түзеліп келе жатқан Парламент неге 35 жылдығын атап өтуден арланды? Сол жағы түсініксіз. Әйтпесе, азаттықтың алаң-елең шағында Тәуелсіздіктің іргесін қалаған ірі-ірі, кесек-кесек Заңдарды Жоғары Кеңес қабылдады емес пе? Әлде сол күндері алдымен Егемендік декларациясына жазылып, кейін Тәуелсіздік туралы заңға енгізілген;
-жер, оның қойнауы, суы, әуе кеңістігі, Қазақстан территориясындағы барлық табиғи байлық Қазақ Советтік Социалистік Республикасының меншігіне жатады;
-оның тұтас территориясы бөлінбейді;
-өз еліміздің жеке Гимні, Елтаңбасы, Туы болады;
-елдің жеке бюджеті болады;
-Ұлттық Банкі құрылады;
-төл теңгесі болады;
-өзінің қорғаныс шебі мен ішкі әскері болады;
-Ұлттық қауіпсіздік ұйымы болады;
-Ішкі істер органдары болады;
-Қазақстан халықаралық қатынастардың дербес субьектісі болады;
-Сыртқы саясатын өз мүддесіне сай жүргізеді, БҰҰ мен басқа да Халықаралық ұымдарға қатысуға құқығы бар тәуелсіз ел, деген әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған негізгі баптарды қабылдаған Жоғары Кеңестің шешімдері заңсыз болғаны ма сонда?! Әрі сол кезде 360 депутаты бар Жоғары Кеңеске кіл ұлттың қаймақ бетіне шығатын ұлы тұлғалары шоғырланды. Ұлттың ертеңі үшін, 40 пайыз ғана болатын сол кездегі Қазақтың қамын күйттеп, жақтары талмай, жаға-жыртысты. Сонда бұлардың еңбегін елемеу, тарихты тәрк ету емес пе? Осы түсініксіздікті алдағы уақытта құрылатын Құрылтай құлағына алтын сырға қылып тақса, қане?!

Құрылтай демекші, бір палаталы Парламентке өтуге байланысты қолданыстағы Конституцияның «Парламент» бөлімінің бірқатар баптары түзетіліп, Құрылтайдың құрылуы, сайлануы, құзыреті, өкілеттігі, заң қабылдау процестері мен құрамы түгел өзгереді. Бірқатар баптардың күші тұтас жойылады. Құрылтайдың құрылуы мен қызметі, депутаттардың құқықтары Конституциялық заңмен айқындалады. Әрі Құрылтай пропорционалды жүйемен сайланатын 145 депутаттан жасақталады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл. Сонымен бірге, Құрылтай депутаттары Қазақстаннан тыс жерге көшіп кетсе, оған соттың айыптау үкімі шықса, азаматтықтан бас тартса оны депутаттықтан айыру нормасы ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Құрылтай Конституциялық соттың судьяларын, Жоғарғы соттың судьяларын, Жоғары аудиторлық палата мен Сайлау комиссияларының мүшелерін қызметке тағайындамас бұрын Президентке өздерінің келісімін береді. Ал заң қабылдау үрдісі үш сатыға жіктеледі. Алғашқы екеуінде заңдар талқыланып, сараланады. Ал үшінші кезеңінде мақұлданады. Өз кезегінде бұл заң қабылдау процесін жеделдетеді. Сосын Құрылтайдағы Президенттік квоталар түбегейлі жойылып, әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады. Осылайша, Құрылтай елдегі конституциялық органдарды қалыптастыратын негізгі институтқа айналады. Дегенмен, әзірге бұл айтылып отырған нормалардың бәрі ұсыныс қана. Нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.
Бекәлі Жәдік