Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық банктердің бірін пайдалану арқылы 7 триллион теңгеден астам қаржының бір елден екінші елге аударылғанын айтып, мұны заңға, экономикаға және саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай деп сипаттады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында мәлімдеді. Оның айтуынша, агенттік төрағасы қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге ірі көлемде қаржы жөнелтілгенін баяндаған.
«Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы “жөнелтілгені” туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр, Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келтірген дерекке сәйкес, ірі көлемдегі қаржы көршілес елден шығып, қазақстандық банк арқылы үшінші мемлекетке аударылған. Осылайша Қазақстан қаржы ағыны үшін «аралық пункт» ретінде пайдаланылған. Мұндай операциялардың көлеңкелі қаржы схемаларымен байланысы болуы мүмкін деген күдік бар. Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірігіе отырып коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейтуді тапсырды.