«ҚҚС қымбаттады». Қаңтар айында ең көп айтылып, жазылған сөз осы. Биылдан бастап елімізде қосылған құн салығы (ҚҚС) өсті. Онсыз да ауыздық бермей алып-ұшып тұрған бағаға ҚҚС-ның көтерілгені сыныққа сылтау болғандай. Дүкендегі азық-түлік пен өзге де тұтыну заттарының құны көтерілгені қоғамның көңіл-күйін алаңдатып жіберді.
Салық жүйесіндегі негізгі өзгерістің бірі – қосылған құн салығының 12%-дан 16%-ға дейін өсуі. Ал, ҚҚС бойынша тіркеу шегі 10 мың АЕК болып белгіленді. Бұл - айналымы шамамен 43 млн теңгеден асатын мыңдаған шағын кәсіпкер ҚҚС төлеушіге айналады деген сөз. Расында да жаңа жүйе алғашқы 20 күн ішінде нәтиже бере бастағандай. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, 1-20 қаңтар аралығында салық жүйесінде 22 мың жаңа салық төлеуші тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы жеке кәсіпкер, 2 мыңға жуығы заңды тұлға. Жаңа ҚҚС төлеушілердің саны – 7 100.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар режимін 137 708 салық төлеуші таңдады. Оның 100 мыңнан астамы бұрын салықтық әкімшілендіру саласында болмаған жеке тұлға. Жаңа режим ЖК тіркеусіз және кассалық аппаратты қолданбай, салық төлемей, табыстың 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер бойынша ғана міндеттемемен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Ержан Біржанов.
Соңғы жылдары әлеуметтік шығындар көбейіп Қазақстанның бюджет тапшылығы жүйелі түрде өскен соң билік Жаңа салық кодексін қабылдап, фискалды саясатты қайта қараған. Алайда, салық мөлшерлемесінің өсуі туралы жаңалық қоғамда түрлі сипатта тарады. ҚҚС-ның базалық мөлшерлемесі бұрынғы 12%-дан 16%-ға көтеріледі деген ақпарат шыққалы алдымен кәсіпкерлер шу көтерді. Олар салық бірден өнім құнын өсіретінін айтып дабыл қақты. Дегенмен, бағаға әсер ететін жалғыз салық емес, коммуналдық тариф құны, теңге бағамының құбылуы, экспорттық тауарлар бағасы арқылы келетін инфляцияның әсері барын жоққа шығара алмаймыз.
Қосылған құн салығына қатысты қоғамда түрлі пікірлер мен әңгіме ауаны жоғары жаққа да жеткен секілді. Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке салық саясатын жүргізуде дүрбелеңге жол бермей әрі экономиканың сапалы өсу қарқынын бәсеңдетпей жұмыс істеу керегін ескертті.
«Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың ойға қонымды, сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Салық кодексі қасиетті кітап емес. Қоғамда өзгерістер жасаған кезде халықпен тиімді байланыс орнату аса маңызды», – деп атап өтті Президент.
Ұлттық Құрылтай жиынынан кейін келесі күні Үкімет отырысын өткізген Премьер-министр Олжас Бектенов министрлер кабинетіне Салық кодексіне қатысты бизнес пен қоғамнан түскен ұсыныстарды қайта қарауға тапсырма берді. Сол күні-ақ Үкімет жанынан Жобалық кеңсе құрылып, кәсіпкерлердің барлық шағымы мен ұсынысы жинақталатын болды. Осылайша, ҚҚС-на қатысты қайырылмастай бет алған биліктің мойны қайта кері бұрылғандай.
Кәсіпкерлер көрші елге кете ме?
Соңғы уақытта қазақстандық медиада шағын бизнестің Қырғызстан мен Өзбекстанға қоныс аударуы мүмкін деген тақырып жиі талқылана бастады. бизнес өкілдерін көрші елдердегі неғұрлым жеңіл салықтық және реттеуші режимдерді қарастыра бастағанын мәлімдеп жатыр. Рас, Қырғызстан мен Өзбекстанда ҚҚС базалық мөлшерлемесі 12% деңгейінде сақталып отыр. Бұдан бөлек, Орталық Азиядағы бұл мемлекеттер бизнеске қолайлы жаңа жағдайлар қалыптастыруға белсенді кіріскен.
Мәселен, Қырғыз Республикасында прогрессивті емес салық жүйесі қолданылады. Сонымен қатар Қырғызстан мен Ресей арасында қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім көп жылдан бері күшінде. Мұндай тетік ресейлік кәсіпкерлер үшін, соның ішінде соңғы жылдары Қазақстанға көшіп келген бизнес өкілдері үшін айрықша тиімді болып отыр.
Өзбекстан билігі де шағын бизнеске жеңілдіктер пакетін ұсынуда. Оларда жылдық айналымы 1 млрд сумға дейінгі (шамамен $83,2 мың) жеке кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесі 1%-ға дейін төмендетілді. Қырғыз Республикасының ресми статистикасы былтыр елде жеке кәсіпкерлер саны 497,1 мыңға жетіп, 3,7%-ға өскенін растайды.
Сондай-ақ, 2019–2024 жылдардағы деректер қазақстандық және ресейлік бизнестің Қырғызстанда кәсіпорын ашуға деген қызығушылығы шын мәнінде өсіп отырғанын аңғартады. Атап айтқанда, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 470 шетелдік компания жұмыс істеген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 18,7%-ға көп. 2024 жылы Қырғызстанда ресейлік инвестиция қатысқан компаниялар саны 1,6 мыңнан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 54,5%-ға жоғары. Өзбекстанда да өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 млн-нан асты. Былтыр елге коммерциялық мақсатпен келген шетел азаматтарының саны 362,8 мың адамға жетті. Осылайша ел аймақтағы тартымды сауда және инвестициялық әріптеске айналып келеді. Десе де, Өзбекстандағы шетелдік компаниялар құрылымында қазақстандық бизнестің үлесі небәрі 6,8%. AERC басқарушы директоры Евгения Пактың мәліметінше, корпоративтік табыс салығы (КТС) Өзбекстанда 15% болса, Қырғызстанда – 10%, Қазақстанда – 20% (банктер мен құмар ойын бизнесі үшін 25% мөлшерлеме белгіленген).
«Ал, ҚҚС бойынша айырмашылыққа келсек, Қазақстанда ол 16%-ға дейін көтерілсе, Ресейде – 22%-ға дейін өсті (бұрын 20% болған). Ал Өзбекстан мен Қырғызстанда ҚҚС өзгеріссіз қалып, 12% деңгейінде сақталып отыр. Егер тек жеңілдіктерсіз базалық салық мөлшерлемелерін салыстырсақ, ең төмен салықты юрисдикция ретінде Қырғызстан көрінеді. Алайда бизнесті жүргізу шарттарын тек салық мөлшерлемелерімен салыстыру – банктерді тек логотипі арқылы бағалаумен тең», – дейді ол.
Оған қоса, сарапшының айтуынша, кәсіпкерлер үшін нарық көлемі мен төлем қабілеті сұраныстың шешуші рөл атқарады.
«Өзбекстанның долларлық ЖІӨ-і әлі де Қазақстаннан шамамен екі есе төмен. Сондықтан кейбір бизнес түрлері үшін ондағы нарық объективті түрде тар болуы мүмкін. Ал мобильді бизнес үшін (қызмет көрсету, IT саласының бір бөлігі, сауда делдалдары) нарық ел шекарасымен шектелмейді. Осы себепті Өзбекстан мен Қырғызстан салық мөлшерлемелері мен режимдері жағынан тартымды көрінуі мүмкін, бірақ бұл артықшылықты кадрлық шектеулермен және реттеуші тәуекелдермен қатар бағалау қажет», – дейді Е.Пак.
Жалпы алғанда, келтірілген деректер Қырғызстан мен Өзбекстанда кәсіпкерлік белсенділіктің артқанын, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың бұл елдерге қызығушылығы өсіп отырғанын көрсетеді. Алайда қазіргі кезеңде қазақстандық бизнестің Қырғызстан мен Өзбекстанға жаппай көшіп жатқанына нақты дәлелдер жоқ.
Сондай-ақ Қазақстанда биылдан бастап әлеуметтік салық 11%-дан 6%-ға төмендетілді, ал Өзбекстанда әлеуметтік салық 12% деңгейінде. Егер тек формальды мөлшерлемелер мен еңбек құнына қарасақ, Өзбекстан мен Қырғызстанда жалақы деңгейі Ресей мен Қазақстанға қарағанда айтарлықтай төмен. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өткен жылдың қаңтар–қараша айларында Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,2 млн-ға жуықтап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға артқан.
Қазақстанның Қаржы министрлігі кәсіпкерлер көрші елдерге тек заңды тұрғыда тіркелген күннің өзінде, егер олар Қазақстан нарығында жұмысын жалғастырса, олардың салықтық жүктемесі өзгермейтінін мәлімдеді. Яғни, екі есеп, бір қисап. Осы себептен болар әзірге Қазақстаннан бизнестің жаппай көшіп жатқаны туралы ресми статистика жоқ, әзірге дақпырт қана.
ҚҚС 16% – бюджетке демеу ме, тұтынушыға соққы ма?
«Бұл өмірде ажал мен салықтан қашып құтыла алмайсың» деген екен әйгілі Бенджамин Франклин 1789 жылы француз ғалымы Жан-Батист Леруаға жазған хатында. Айтса айтқандай, салық жүйесін қоғамға құбыжық ретінде көрсетудің де жөні жоқ. Салық саясаты әлемнің барлық мемлекетінде ежелден қолданылып келе жатқан сыралғы жүйе. Мемлекеттің тірегі, бюджеттің негізгі қайнары да – салық екені анық. Ел Үкіметінің есебінше, биылғы бюджет кірісі 22,9 трлн теңге. Оның 18,9 трлн теңгесі салық есебінен түсуі тиіс. Ал, бюджет шығыны 27,3 трлн теңгені құрайды, бұл қаржының 10,6 трлн теңгесі әлеуметтік салаға жұмсалады. Яғни, егер мемлекетке салық жиналмаса бюджетте тапшылық туындайды деген сөз.
Ашығын айту керек, Кодексте бірқатар жеңілдіктер бар. Мәселен, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 5% ҚҚС, мерзімді баспасөзге –5%. Әлеуметтік маңызы бар медициналық қызметтер толық босатылады. Корпоративтік табыс салығы сараланды: банктер мен құмар ойын бизнесі үшін – 25%, ауыл шаруашылығына – 3%. Жеке табыс салығында прогрессивті шкала енгізілді. Мұның бәрі жүйелі реформаның бір бөлшегі.
Тобықтай түйін
Бірақ жаңа кодекстің ең даулы тұсы – жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлермен B2B мәмілелердің шегерімге жатпай қалуы. Бұл мыңдаған шағын бизнес үшін нарыққа кіруді қиындатуы мүмкін. Жаңа салық жүйесінде жіберілген кем-кетіктер мен туындаған мәселелер Жобалық кеңсе отырыстарында қаралмақ. Көптің көкейіндегі ендігі сұрақ – Үкімет салық жүйесін шынымен икемдей ала ма, әлде ҚҚС-тың ауыртпалығы «бәрібір тұтынушы төлейді» деген қағидамен қала бере ме? Бұл сұрақтың жауабы алдағы айларда-ақ белгілі болмақ.
Ұлағат Бекболат